RU

Сарапшы бағасы: Қазақстанда жарақат алу көрсеткіші төмендеді

Өткен жылы сақтандыру компаниялары кәсіби еңбекке жарамдылығы төмендеген 2606 жұмысшының жалақысынан айырылуына байланысты 4,5 млрд теңге өтемақы төлеген.

Соңғы 5 жыл ішінде қазақстандық жұмысшылардың жарақат алуы 22%-ға төмендеген. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш жыл сайын азайып келеді. Жалпы алғанда, қызметкердің денсаулығына зиян келгені үшін жұмыс беруші 5-20%, ал сақтандыру компаниясы 30-100%-ға дейін өтемақы төлейді.

Жауапты департаменттің бас сарапшысы Рустам Рамазанов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек қауіпсіздігіне қатысты қолға алған жұмыстарына тоқталып, нақтылы істердің нәтижесі жөнінде айтты.

Сарапшы бағасы: Қазақстанда жарақат алу көрсеткіші төмендеді
Суретті түсірген: Тұрар Мусин: Facebook

- Рустам Нұрымұлы, қайырлы күн! Қазақстандықтардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы жөнінде айтып берсеңіз...

- Қайырлы күн! Бірден айта кететін жайт, соңғы жылдары елімізде өндірістік жарақат алу көрсеткішінің төмендеуіне қатысты оң динамика байқалады. Мәселен, 2014 жылы 2006 адам жарақат алса, 2018 жылы 1568-ге қысқарған. Яғни, көрсеткіш 22%-ға төмендеген. Ал өткен жылдың бірінші жартысында өндірістік жарақаттан 643 адам зардап шеккен. Салыстырар болсақ, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,3%-ға азайған.

- Ал жұмыс орнында қаза табу көрсеткіші қаншалықты азайды?

- Біз бұл жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Сәйкесінше мұнда да көрсеткіш 9,8%-ға төмен. Мәселен өткен жылы жұмыс орнында қаза тапқандар саны 220 адам болса, одан бір жыл бұрын 244 қазақстандық жұмысшы дүние салған болатын. Ал биыл бірінші жартыжылдықта қайтыс болғандар саны 65 адамға жеткен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш екендігін айта кеткен жөн.

- Министрлік бұл көрсеткіштерді және зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында қандай шаралар қолға алып жатыр?

- Министрлік биыл Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіпорындар мен ұйымдардағы өндірістік жарақат пен кәсіптік ауруларды азайту мақсатында «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқанын өткізеді. Бастама аясында республикалық, аймақтық деңгейде бірнеше шара жүзеге асады. Оның ішінде Үкімет қаулысымен 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттану мен зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайтудың кешенді Жол картасы қабылданды, «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқаны аясындағы іс-шараларды насихаттау және «Еңбекті қорғау саласында профилактика мәдениетін бірге көтереміз!» республикалық акциясын өткізу секілді ауқымды шаралар бар.

- Еңбек заңнамасына сәйкес биыл қандай өзгерістер жоспарланған?

- Министрлік еңбекті қорғауды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында бірқатар ұсыныстар дайындады. Біріншіден, еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтсақ, ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесі туралы типтік ережені әзірлеу және бекіту, жұмыс берушінің жұмыс орнындағы кәсіби қауіп-қатерлерді бағалау міндеттемесін заңнамалық тұрғыдан бекіту, сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құру мерзімдерін заңнамалық тұрғыда бекіту мәселелері қамтылған. Сонымен қатар, ережеге қызметкерлердің қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша білімін тексеруге, нұсқаулық беруге және тестілеуге арналған шарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр.

Бұл өзгерістер өндіріс жұмыстарын жеткіліксіз ұйымдастыру себебінен өндірістік жарақатты болдырмау мақсатында қызметкерлер мен жауапты тұлғаларды оқыту сапасын арттыруға бағытталған.

Қазіргі таңда еңбек қатынастарын реттеу туралы заң жобасы мәжіліске жіберілді.

- Жұмыс орнында қандай жарақат түрлері жиі кездеседі?

- Бұл тізімге тау-кен металлургия өнеркәсібінде және құрылыста жарақат алу жағдайларын қосуға болады. Жалпы жазатайым оқиғалардың негізгі түрлері құлау, оның ішінде биіктіктіктен құлау, опырылу, заттардың құлауы, қозғалыстағы заттар мен бөлшектердің әсерінен болады.

Бұл жағдайда көбінесе негізгі себеп қауіпсіз еңбек жағдайларының қамтамыз етілмеуінен, жұмыс берушілер тарапынан жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан туындайды. Мұндай жағдайлар экономикалық шығындарға алып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1809444-sarapsy-bagasy-kazakstanda-zarakat-alu-krsetkisi-tmendedi.html