RU
"Bolashaq" қауымдастығы жастарға арналған екі жоба жариялады
Жаңалықтар Пресс-релизы

"Bolashaq" қауымдастығы жастарға арналған екі жоба жариялады

Рассказать Вконтакте

«Bolashaq» қауымдастығы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде нетворкинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасуы жобасы мен «Jastar Otanga» инновациялық идеялар фестивалінің басталғанын хабарлады.

«Bolashaq» қауымдастығы жастарға арналған екі жоба жариялады

Нетворкинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасуы жобасы іс-шараларды ұйымдастыруда, мемлекеттік органдармен жұмыс жасауда тиімді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін аймақтардағы үкіметтік емес ұйымдар жастарына қолдау көрсетеді. Сондай-ақ жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, өзін-өзі дамытуына ықпал етеді.

Жобаның негізгі міндеті жастар ұйымдарының озық тәжірибелерін зерделеу, жастар ұйымдары өкілдері үшін тренинг, мастер-клас, семинарлар өткізіп, диалог алаңдарын құру, Қазақстан мен АҚШ жастары арасында қарым-қатынас орнатып, іс-шаралар өткізу.

Жоба Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыстардан мыңға тарта жасты қамтиды. Нәтижесінде, ҮЕҰ мен ЖРО-ның ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көреді.

Ал «Jastar Otanga» инновациялық идеялар фестиваліне Қазақстанның барлық аймағынан 18-29 аралығындағы жастар қатыса алады. Финалдық кезең 2019 жылдың 23-24 қазан аралығында Алматы қаласында өтеді.

Өтінімдер 1 шілде мен 20 қыркүйек аралығында қабылданады. Финалға жолдама алғандар есімі 27 қыркүйекте bolashak.kz сайтында жарияланады.

Байқау мақсаты – жастардың іскерлік белсенділігін арттыру, олардың жұмысқа орналасуына, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына ықпал ету.

Байқауды ұйымдастыру арқылы жастарды қоғамдық өмірге тарту, олардың арасында кәсіпкерлікті дамыту және стартаптар экожүйесін құру, жастардың өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасау жоспарланған.

«Bolashaq» қауымдастығы бұл жобаны бұған дейін де жүзеге асырған болатын. 2017 жылы өткен байқауда Вячеслав Литвинов «Оңалту техникасы» жобасымен фестиваль жеңімпазы атанды.

Жоба бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтсақ, IT, медицина, қалдықтарды жою, қызмет көрсету секторы, ауыл шаруашылығы, энергетика, машина жасау, ақылды технологиялар секілді түрлі салалар бойынша жаңа идеялар қабылданады.

«Біздің фестиваль жас кәсіпкерлерге ел экономикасына ықпал ететін жаңа идеяларын, тың ойларын ортаға салуға мүмкіндік береді. Медицина, экология, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың дамуына сеп болатын жобалар мен жаңа есімдер көреміз деген үміттемін. Бұл ретте біз өз тәжірибесін, білімін бөлісетін үздік жаттықтырушыларды, оқытушыларды, белсенді кәсіпкерлерді шақырдық», - дейді «Bolashaq» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.

Айта кетсек, қос жоба «Азаматтық бастамалар орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
1
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Пікір
Mailfire view pixel