Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістандық тұрғын айдарлы жыланның оның шөбін құтқарып қалғанын айтқан

Опубликовано:

Түркістан облысындағы Түлкібас ауданына қарасты Састөбе ауылының тұрғыны Насырулла Мұсабеков бала күнінде шөп шабуға барғанын, сол жерден жыланды көргенін айтты. Оның сөзінше, аталған тіршілік иесі оның шөбін ұрылардан қорғаған деп хабарлайды "Замана" басылымы.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC
"Бала кезімізде біздің ауыл Қара­үңгір деген жерде тұрды. Қырық шақты үй отырдық. Осы Қараүңгір жақтан біз інім екеуміз шөп шабушы едік.

Бірде қамыс басына киімнен қалқа жасап, түс кезде демалып жатсақ, ұйықтап кетіппіз.

Бірдеңенің ысылдаған үнінен ояндым. Жанымда қақшиып бір жылан тұр екен. Басында айдары бар. Әріде жатқан інімнің бас жағында да екі жылан тұрғанын көрдім. Зәрем қалмады.

Бір кезде атамның: "Өзің тимесең, жылан саған тиіспейді. Көрсең, мүмкін болса, бір ыдысқа ағарған құйып қой", – дейтіні есіме түсті.

Сосын арқаммен ақырын жылжып, әлгі тұстан шықтым да, сынған банканың жұрнақтарын жинап, дорбадағы ыдыстан айран құйып қойдым.

Сосын қарасам, әлгі жыландар көрінбейді. Інімді оятып, бол­ған жайды жеткізгенімде ол ештеңені көріп-білме­генін айтып, аң-таң болды", - дейді кейіпкер.

Айтуынша, ер адам ертесі күні олардың жылан жұмыртқалаған жерге барғанын білген.

"Содан інім екеуміз бірнеше күн бойы орып, жинаған шөпті енді үйге жеткізетін көлік таппай жүргенбіз. Бір күні шабындыққа бар­сам, шөпке шаншулы бір бесақа тұр, жақын тұста ары-бері өткен машина ізі жа­тыр.

Біреулер біздің жиған шөпті ұрламақ болған, бірақ қандай да бір себеппен әкете алмаған сияқты.

Осыны үйге келіп айтқанымда атам: "Ұрыларды жылан жолатпаған болуы ке­рек. Қазір колхоздан машина, адам сұ­раймын. Барып, шөпті артып әке­ліңдер. Үй­ден көп қылып айран әке­тіңдер, ыдыс­­­қа құйып, әр жерге қо­йыңдар. Адамдарға ескертіңдер, өздері тимесе, жылан оларға тиіспейді", – деді.

Кейіпкердің сөзінше, олар сол күні шөпті көлікке тиеп, үйлеріне жеткізіп алған.

Сонымен қатар, колхоз көлігін айдайтын жүргізушінің шөпті ұрламақ болғанын, алайда оны қорыған жыланның оны істеуге мүмкіндік бермегенін айтқан.

Ер азаматтың сөзінше, кейінірек оның бойында тылсым қасиет пайда бол­ған екен.

"Анда-санда құлағыма алда не болатыны туралы дыбыстар келіп тұрады. Неліктен екенін өзім де біл­меймін. Естігенім көп ұзамай орындалады", -дейді ол.

Осы тылсым қасиетінің арқасында ол айдалада мал жайып жүргенде бірнеше қойын тартып әкетпек болған үш жігітті тоқтатпақ болғанын айтты.

"Оларға "Қойларды ала беріңдер. Бірақ бұл жерден кете алмайсыңдар. Машиналарыңның дөң­гелегі жарылады", – деп айтқанмын.

Олар бұған құлақ аспай, қойларды артып, енді жүре бергенде көлік дөңге­лектерінің желі өз-өзінен шыға бастады.

Олар қатты қор­қып кетті, сосын кешірім сұрап, көліктерін жөндеп алып, тайып тұрды», – дейді Мұсабеков

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1809870-trkistandyk-trgyn-ajdarly-zylanny-ony-sbin-ktkaryp-kalganyn-ajtkan/

pixel