Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі журналист қыздардың көз жасына қалған альфонс жігіттердің қалай ұсталғанын айтты

Опубликовано:

Танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы қалталы қыздарды уысына түсіріп, ірі көлемдегі ақшасын алдап алып кететін альфонс жігіттердің көбейгенін айтып, дабыл қақты. Бүгінде журналистен көмек сұрайтын қыздардың қатары артқан. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Бибігүл Дәулетбекқызы екі альфонс жігіттің қалай ұсталғаны туралы баяндады. Ал қыздардың ірі қаражатын қолды қылған тағы бір жігіт жақында қайтыс болған.

"Әлеуметтік тақырып пен күнделікті өмірдегі мәселелерді жиі қозғайтын болғандықтан, маған хат жазатындар қатары өте көп. Әсіресе, жігіттерден алданып қалған қыздар көмек сұрап, кеңес сұрап жатады. Өкінішке қарай, ақшасы бар қыздарды жағалайтын жігіттер қатары молайған. Жақында екібастұздық алаяқтан алданғанын айтып, бір бойжеткен хабарласты.
Әлгі жігіт бойжеткенді алдап-сулап, екі жарым миллион теңгесін алып кеткен. Оған қоса, қыз баланың аяғы ауыр. Осы жігіт туралы Instagram парақшамда жариялап, полиция департаменттеріне хат жолдап, істі тездетуін сұрағам. Кейін қаралы хабар жетті. Екібастұздық жігіт төбелес кезінде қайтыс болыпты. Одан алданған бойжеткеннің ішінде төрт айлық бала қалды", - дейді журналист.

Соңғы кезде ТМД бойынша іздеу жарияланған Мәди Талқыбаев та ұсталды. Бибігүл Дәулетбекқызы аталған альфонс жігіт туралы бірнеше рет пост жариялаған болатын.

"Мәди Талқыбаевты әйгілі альфонс деп атауға толық негіз бар. Оған ТМД бойынша іздеу жарияланды. Мәди бірнеше қыз-келіншекті уысына түсіріп, жүз мың долларға жуық қаражатын, қымбат көліктерін алып кеткен. Ал маған хабарласқан Гүлден есімді қыздың алты миллион ақшасын қолды қылған. Біз осы жігіттің соңынан шам алып түстік десек те болады. Шымкенттегі полиция департаментіне хат жаздым. Өйткені, оны сол жақта жүр деп естіген едім. Кейін Мәди Алматыда ұсталды. Одан бөлек, тағы бірнеше қыздың көз жасына қалған жаттықтырушы жігіт Талғарда қолға түсті", - дейді Бибігүл Дәулетбекқызы.

Белгілі журналист мұндай жігіттердің көбейгеніне қынжылып, қыз-келіншектерді тым аңғал болмауға шақырды.

Еске сала кетейік, Бибігүл Дәулетбекқызы өзіне хабарласқан оқырман қыз-келіншектердің оқиғалары негізінде "Альфонс жігіттің тағдыры" атты кітабын жарыққа шығарған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1810299-belgili-zurnalist-kyzdardy-kz-zasyna-kalgan-alfons-zigitterdi-kalaj-stalganyn-ajtty/

pixel