Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда аяғын баса алмайтын сәбилердің тұсауы кесілді (фото)

Опубликовано:

Алматыдағы балаларды оңалту орталығында аяғын мүлде баса алмайтын 33 баланың тұсауы кесілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген орталық жетекшісі Эльвира Қанатқызы мәлімдеді. Сегіз жылдан бері психоневрологиялық дертке ұшыраған балаларға көмек беретін мекеме қызметкерлері аяғынан тік тұрған әрбір бала үшін ерекше қуанады.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original
"Алматы қаласында балаларды оңалту орталығы 2011 жылы ашылды. Орталықта 65 баланың бір мезгілде ем алуына мүмкіндік жасалған. Бізге 3 пен 14 жас аралығындағы балалар қабылданады. Оларға 24 күн бойы ем жүргіземіз.

Осы жерде нақтылап кеткенім дұрыс шығар. Біздің орталыққа түсетін балаларға кешенді түрде медициналық көмек көрсетілсе ғана, қандай да бір нәтиже болады.

Сол үшін біз кешенді түрде жұмыс істейміз. Медициналық көмектен бөлек, педагогикалық тәрбие беру де біздің міндетіміз" , - дейді мекеме басшысы.

Бүгінде оңалту орталығында дәрігерлермен қатар педагогтар, дефектологтар, еңбек терапевтері, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен музыканттар жұмыс істейді.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original
"Біздің орталыққа емханалар арқылы келген психоневрологиялық дертке ұшыраған балалар қабылданады.
  • Олардың арасында ми-қан айналымының бұзылуынан сал ауруына шалдыққандар (ДЦП), жүйке түбіршіктері мен тораптарының салдарынан кейінгі шала салдануға ұшыраған балалар, дамуында ауытқушылығы бар, ақыл есінің дамуы кешеуілдеген балалар, даунға және аутизмге шалдыққан балалар бар.

Бұлардың барлығын біз бақылауда ұстаймыз. Біздерге қайтадан түскен жағдайда олардың динамикасын байқап, біраз алғабасушылық бар екенін көреміз.

Бізге ең бірінші кезекте ата-ананың көмегі қажет. Өйткені, мұндай сырқат балаларға үйде де ем көрсетілмесе, қандай да бір жақсы көрсеткіш болмайды.

Сол себепті, ең бірінші кезекте ата-аналарға жүк түседі", - дейді басшы.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Бүгінде оңалту орталығынан емделіп шыққан балалардың біразы мектеп табалдырығын аттап, арнайы техникалық колледждерге қабылданып жатыр. Сондай-ақ, емделген соң оқып, санап, қолөнермен айналысатын сәбилер көбейген.

"Біз балаларға емдеудің түрлі тәсілдерін қолданамыз. Еңбек терапиясы да көп әсерін тигізеді. Мәселен, біздегі балалар аулаға гүл отырғызып, тал егеді. Оларды суарып, баптайды.

Бұл ауыр сырқатқа шалдыққан балалар үшін өте үлкен жетістік. Сондай-ақ, біз соңғы кезде түйе жүнін де ем үшін қолдана бастадық.

Өйткені, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы түйе жүнін ем ретінде пайдаланған. Физиотерапия, массаж және өзге де дәрігерлік процедуралардан бөлек, біз баланың ортаға бейімделуіне бар жағдайды жасаймыз.

Олар қатарластарының алдында қысылып, сырқат болғаны үшін өздерін кем санамауы керек" , - дейді Эльвира Қанатқызы.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Сондай-ақ, орталық жетекшісі сырқаттанған балалардың ата-анасын мықты болуға шақырды.

"Үйде мүгедек бала туылса, ең үлкен күш ата-анаға түседі. Сондықтан, біздің психологар ата-аналармен де жұмыс істейді. Егер оңалту орталығындағы жұмыс үйде де жалғасын таппаса, оң нәтиже көрмейміз. Сол себепті, барлық ата-ананы жақсылыққа сенуге шақырамын. Көп жағдайда немересін бағатын әжелер бар. Сол кісілерге мың алғыс. Біз біріксек, бәрін де жеңеміз" , - дейді ол.

2011 жылдан бері Алматыдағы оңалту орталығында аяғын мүлде баса алмайтын 33 баланың тұсауы кесілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1810527-almatydagy-oaltu-ortalygynda-aagyn-basa-almajtyn-sbilerdi-tsauy-kesildi-foto/

pixel