Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шірік күйеу": Қайын енесінен мезі болған азамат мұңын шақты

Опубликовано:

Көкшетау қаласының Мұратбек есімді тұрғыны қайың енесінен әбден мезі болғанын айтады. Сүйіктісінің анасы үшін "шірік күйеу" атанып кеткен азамат мәселені қалай шешерін білмей жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Twitter

Мұратбек (ред. ескертпе кейіпкердің аты-жөні өзгертілген) осыдан екі жыл бұрын үйленген.

Қалалық бойжеткенмен шаңырақ көтерген азамат бастапқыда ауылда тұрғандарын айтады. Жас келін ата-енесіне қызмет жасап, үйдің шаруасын үйренген. Осыдан жарты жыл бұрын жастар несиеге пәтер алып, орталыққа көшіп келіпті. Алайда отбасының бақытты болуына жас жігіттің енесі кесірін тигізіп жүрсе керек.

"Гүлназ екеуміз пәтер алғанымызда қатты қуандық. Қазір бір жасқа толмаған қызымыз бар. Қолымыздан келгенше үйімізді жөндеп, қажетті жиһаздары алып жатырмыз. Ауылдан келген туыстарымыз жиі қонаққа келеді. Келіншегімнің отбасы да қалада тұрады. Анасы балаға қарауға көмектесуге келетін. Қазір сол кісінің сөзінен үйімізде жиі жанжал болатын болды" , - деп әңгімесін бастады көкшетаулық азамат.

Мұратбектің айтуынша, қайын енесі жиі намысына тиеді екен. Айлығын аз сынып, әкелген азық-түліктерін сынап отыратын көрінеді. Дастархан басында тіпті "Шірік күйеу" деп айтудан да ұялмайтын болыпты. Өздерінің ауқатты тұратынын айтатын кейуана, қызын тас кедейге бергеніне өкінетінін жайып салыпты.

"Үйімізді несиеге алатын кезімізде, бастапқы жарнаны төлеуге қайың жұртым көмектескен болатын. Қазір сол ақшаны алғаныма қатты өкінемін. Келіншегімнің анасы күндіз-түні үйімізден шықпайтын болды. Мен қарапайым шаруаның баласымын. Менің материалдық жағдайымды Гүлназ жақсы білетін.
Қазіргі күні ішкенім ірің, жегенім желің болып отыр. Отбасымда мүлдем абырой жоқ. Тапқан табысым ипотеканы төлеуге кетіп отыр. Кейбір кезде үйге қажетті дүниені сатып ала алмай қалсам, енем ығырымды шығарады. Осындай сәттері қайын енем сендерге ажырасу керек деп айта береді", - дейді Мұратбек.

Енесінің ұдайы отбасына араласудан, жастар арасында жанжал да көбейіп кетіпті. Егде жастағы әйел адам қызын қайын жұртына қарсы қойып кетеді екен.

Той кезінде сыйланған сыйлықтарды әңгіме айтып, қалаған қалыңмалын ала алмаған даулайтын көрінеді. Осы жағдайдың салдарынан жас келін де ауылға барғысы келмейтін болыпты. Көкшетаулық азамат ағайындармен араласудан қалып, той-томалақтарда бой көрсетпейтінді шығарған.

"Бұрын Гүлназ менің ата-анамды қатты сыйлайтын. Қазір құдалықта болған олқылықтарды ол да әңгіме қылатын болыпты. Ауылдағылар жіберген азық-түліктерді менсінбей қоқысқа тастай салады. Қайын енем қолдың майы зиян деп айтыпты. Әзірге екінші бала тума деп айта береді. Бұл масқара ғой.
Алғашында апта сайын ата-анамыздың үйіне барып, сәлем беріп қайтатынбыз. Ол кісілер де қазір немерелерін көре алмай сағынып жүр. Бұл жағдай қашанға дейін жалғасатынын білмеймін" , - дейді кейіпкер.

Бүгінде Мұратбектің қайын енесі қызына "жұмысқа шық" деп жүр екен.

Келіншегі жұмысқа кеткен күні көкшетаулық азамат келіншегінің анасынан мүлдем құтыла алмай қаламыз ба деп қорқады. Жиі орын алатын жанжалдардың соңы отбасын ойраң ете ме деп алаңдайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1810823-aralasa-beredi-kajyn-enesinen-mezi-bolgan-azamat-myn-sakty/

pixel