RU

NUR.KZ Назарбаевтың инаугурацияда сөйлеген сөзін толық келтіріп отыр

Бүгінгі инаугурация барысында Қазақстан президентінің халыққа жолдаған сөздерінің толық тексті.

Қымбатты отандастар!Мәртебелі меймандар!Ханымдар мен мырзалар!Бүгін елдің ақжолтай сенімін, абыройлы аманатын арқалаған мен үшін ерекше тебіреніске толы айрықша айшықты күн.Қазақстан халқы Президент сайлауы арқылы бүгінін байыптайтын, болашағын бекемдейтін тарихи таңдау жасады.

Сондықтан, маған тағдырын табыстап, ақ киізге қайтадан көтерген, ел тізгінін сеніп ұстатқан ардақты халқыма ақжарма алғысымды айтамын.

Біздің жарқын жеңісіміз – көшіміздің түзу, көкжиегіміздің шуақты, бағытымыздың дұрыс екенін тағы бір айғақтай түсті.Елдің тілегімен өткен, тағылымы тарихымызға енген сайлаудың нәтижесі –төккен тер, еткен еңбектің бағасы деп білемін.Тәуелсіздік жылдарында мен халқымның бақытты өмірі, баянды болашағы үшін бар қажыр-қайратыммен еңбек етіп келемін.Тағдыры тұтас, тілегі ұқсас Қазақстан халқы осы кезеңде ғасырлық мәні бар ғаламат табыстарға жеткізіп отыр.Біз Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы ұланғайыр далада бірлігі бекем, ұлысы ұйысқан, қуатты мемлекет құрдық.

Құбылған заманда құбыласынан жаңылмаған Қазақстан дамудың өзіндік даңғыл жолына түсті.

Аз уақытта алапасы артқан алаш жұрты әлеуеті асқан, дәулеті тасқан, іргесі берік, беделі зор  айдынды елге айналды.

Батыс пен шығысты жалғаған еліміз өркениеттер үндестігінің жерұйық бесігі саналды.Есілдің бойындағы еңселі Елордамыз Еуразиядағы байсалды тұрақтылықтың алтын арқауына баланды.Ізгілік нұрын шашқан Астана рухы күллі әлемге бейбітшілік пен келісімнің киелі кілтін ұсынды.

Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін Қазақстан осылайша жасампаз жаңа дәуірге қадам басты.

Осының бәрі біздің ұрпақтың маңдайына жазылған, пешенесіне бұйырған айрықша бақ екенін сезінуіміз керек.Дегенмен, алдымызда алмағайып заман бар, ұлан асу, белес бар.Ендеше, біз болдық деп босаңсымаймыз, толдық деп тасымаймыз.Тұрақтылық пен татулыққа негізделген сарабдал жолымызды табанды түрде жалғастыра береміз.Құрметті халайық, қадірменді қонақтар!Ықылас білдірген ардақты әлеумет! Халқымызда "Көп тілегі – киелі, жұрттың сөзі – уәлі" - деген дана сөз бар.

Мен жаңа ғана Қазақстан Президенті ретінде ата-бабаларымыздан қалған ақ киіздің үстінде тұрып,  салтанатты түрде ант бердім. Менің айнымас антым – аманатқа адалдықтың, сенімге серттің белгісі!

Ақжүрек жұртымның қалтқысыз сенімі қашанда маған орасан зор жауапкершілік жүгін міндеттейді.Мен үшін ел үмітін ақтағаннан, жұрт сенімін сақтағаннан асқан бақыт жоқ.Менің сайлаудағы бүгінгі жеңісім – бұл халқымның ынтымақ-бірлігінің мәуелі жемісі.Халқымның қолдауы маған сарқылмас күш-жігер береді.Біздің бағдарымыз – айқын, ендеше, болашағымыз – жарқын!Біз кемел келешегіміздің берік іргесін бірге қалаймыз!Баршаңыз білесіздер, біз тәуелсіздік жылдарында бар игілікті істі жарқын болашақ үшін жасаудамыз.Сондықтан, сайлауда болашағымыз – жастардың белсенді түрде маған дауыс бергені мені ерекше тебірентеді.Таяуда мен Нарғыз Иманғазы деген астаналық бүлдіршін ақын қыздың жыр жолдарын тыңдадым.Онда былай деп жазылған:Тәуелсіздік, атың қандай киелі!Сені қорғау – әр қазақтың парызы,Әр қазақтың сен деп соғар жүрегі!Тәуелсіздік – қандай ғажап бұл ұғым!Осындай тәуелсіздіктің қадірін жете сезінетін отаншыл, мемлекетшіл жастардың өсіп келе жатқаны мені қуанышқа бөлейді.Біздің тамырын тереңге тартқан мәңгілік ұлы мұратымыз бар:Ол – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, елдігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету!

Елімді төрткүл дүниеде терезесі тең еңселі жұртқа, абыройы асқан айбынды елге айналдыру – менің өмірлік өршіл мұратым.

Сондықтан, мен күш-қуатым барда, тәжірибем барда тілегі бір елдің тірегі болып қызмет ете беруге қашанда дайынмын.Әрбір қазақстандықтарға, әр отбасыға, әрқайсыларыңызға шын жүрегіммен құрмет, ақ ниетіммен зор денсаулық тілеймін. Ел-жұртымыз аман болсын, әр жанұяда бақыт пен береке орнықсын.Баршаңызға зор рахметімді айтамын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/181089-nurkz-nazarbaevtyn-inauguracziyada-sojlegen-sozin-tolyk-keltirip-otyr.html