Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желіде жұлдыз болған ақтөбелік келіншек қыздарды ауылға келін болуға шақырды

Опубликовано:

Әлеуметтік желіде "хит" болған ауыл келіні желідегі ерекше жазбаларымен көптің назарын аударды. 28 жастағы Азель Исатайқызы Ақтөбе облысының Хромтау ауданы Бөгетсай ауылында тұрады деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеде желіде жұлдыз болған келіншек ауылға келін болуға шақырды
Фото: Жеке мұрағат: Original

Келіннің ауыл өмірі туралы жазбасы мен суреттерін көпшілік асыға күтеді.

Парақшасынан құрт жаю, қазан-ошақты әктеу, кілем жуу, самаурын жағу, сәкіде ыдыс жуу, малды өріске айдау, арамшөп жұлу секілді ауыл тірлігінің түрін табасыз.

Онымен қоса Азельдің әзіл аралас әдемі әңгімесі де оқырмандарын баурап жүр.

«Келін болғаныма алты жыл болды. Екі ұлым бар. Енемнің қолында тәрбиеленіп келемін. Өзім де осы ауылдың қызымын. Желіде парақша жүргізуді өткен жылы ғана бастадым.

Жолдасым Хромтау шахтасында жұмыс жасайды. Парақшамды біледі. Тыйым салып, ескерту жасаған емес.

Мені көп жағдайда суретке қайын інім түсіреді. «Жұлдыз болып кетпе» деп қалжыңдайтын да сол.

Қолым босаған кезде ауыл тынысын Instagram әлеміне жүктеп отырамын. Өзімді бір жаңалық ашып жатырмын деп ойламаймын.

Желіге салып отырғанымның барлығы бала кезімде жеңгелерімнен көргенім, анамнан алған тәрбием.

Мен басқалар секілді оқырманымды көбейту үшін ақша шығарып жатқаным жоқ.

Керісінше, желі тұтынушылардың арасында «жазбаларыңмен ауылға деген сағынышымызды басасың» деп шағын сыйлық жасап жататындар болады», - дейді Азель Исатайқызы.

Ол үйде отырып қарайып қалған келіндердің қатарынан емес. Аудандағы жалғыз мектеп гимназиясында директордың орынбасары болып жасайды.

Оқуын қызыл дипломмен тәмамдаған жас маманға ауылдағы дарынды балалармен жұмыс жасау жүктелген. Мамандығын ерекше жақсы көретін педагогтың келіндік өмірімен таныстық.

«Күнделікті ауыл әйелінің тірлігі таңғы 5:30-дан басталады. Сиыр сауу, өріске шығару, қойды айдау, үйрек-қазды жіберу, сепаратор тарту секілді, айта берсе көп-ақ.

Сепаратор тартуға енем көмектеседі. Одан кейін таңғы асқа кірісу, шай беру, орнын жинау жұмыстары кезек күтіп тұрады.

Одан кейін балаларды балабақшаға жібересің. Осы жұмыстардың барлығы таңғы сағат 9-ға дейін жасалады. Әрі қарай үйдің тірліктері: үй жинау, кір жуу, түскі ас әзірлеу бар.

Түскі асты беріп болғаннан кейін міндетті түрде демаламыз. Сағат 4-тен кейін қайта тірлік басталады.

5-тегі шайға тәтті дайындау, балабақшаға бару, қой келеді. Малдың көпшілігі жайлауда. Саууға тек екі сиырды әкеліп қойдық. Соны сауып, сүтін ішіп, қаймағын жеп отырмыз»,-дейді ол.

Шаңырағының берекесін келтіріп, үйдің тірлігін дөңгелетіп отырған пысық келіншек қыздарды ауылға шақыруды да ұмытпады.

«Қазір ауылдық жерде еш қиыншылық жоқ: су да, газ да бар. Құс бағамын десеңіз өзен, мал бағамын десеңіз өріс бар.

Қаймақ, май, құрттық бірін өз қолыңмен жасағанға не жетсін?! Бәрі тегін. Балалар да емін-еркін өседі.

Қаладағыдай төрт қабырғаға телміріп отырмайды. Ауылдағы өмір тамаша», - деп келіншек қыздарды қызықтырып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1811040-zelide-zldyz-bolgan-aktbelik-kelinsek-kyzdardy-auylga-kelin-boluga-sakyrdy/

pixel