Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда қоқыс жинаушыны соққыға жығып, мүгедек қылғандар әлі бостандықта жүр

Опубликовано:

Алматыда қоқыс жинаушыны соққыға жығып, мүгедек қылған жігіттер бостандықта. Осыған наразы әріптестері соттан әділдік сұрайды деп хабарлайды КТК арнасы.

Видеодан кадр/КТК арнасы
Видеодан кадр/КТК арнасы: Facebook

Елдің қалдығын тазалап, нәпақасын тауып жүргендердің пікірінше, тергеушілер істі бұрмалап, одан қалды төбелес түсіп қалған таспаға көз жұма қарап отыр.

Олардың сөзінше, төрт бұзақының үшеуіне ғана іс қозғалып, абайсызда болған жағдай деп күдіктілерді босатып жіберген.

"Әрине, бұрмалаушылық бәріміздің жанымызға батып отыр. Бұрмалаушылық көп сияқты. Абайсызда дейтіндей жағдай емес. Әдейілеп ұрған ғой. Құлап жатқан адамды тағы ұрмақшы боп жатыр. Не деген қанішерлік?! Төрт жігіттің қалай соққыға жыққанын біз ғана емес, басқа адамдар да көрді.
Басын жарып, бір үйдің арысын мүгедек қылды. Жанындағы балалардың бүкіл бет-аузын талқан қылған. Соққыға жыққан адамдар бостандықта жүр. Біздің балалар көшеге төбелес үшін бармайды, қоқыс жинау үшін, жұмыс істеу үшін барады", - дейді "Тәртіп" АҚ бөлім басшысы Нұртілеу Төлеубеков.

Телеарнаның мәліметінше, қоқыс жинаушыны ұрып, мүгедек қылған бұзақы үш күн бойы тәртіп сақшыларынан бой тасалап жүріпті. Тек төртінші күні ұсталған ол бастапқыда кінәсін мойындаған. Бірақ компания директоры болып істейтін күдікті көп ұзамай сөзінен танып шыға келген. Сөйтіп, үш күдікті де қолхатпен жіберілген.

Ал төртінші күдікті туралы мәлімет істе мүлдем жоқ. Оны, тіпті куәгер ретінде де іске шақыртпаған. Сол себепті қоқыс жинаушылар мұнда шикілік бар деп есептейтінін жасырмады.

"Ондай көзбояушылық болмайды ғой. Өз-өзінен құламағанын жұрт көріп тұр. Тиісті жазасын алмай кете ме деген күдік бар. Біздің жұмысшыларымыз да күнделікті осы сұрақты бізге қояды. "Балалардың жағдайы не болды?" дейді. "Ертең біз осындай жағдайға тап келсек, не боламыз?" дейді. Соған байланысты жазасын алса екен деп бәріміз үміттеніп отырмыз", - дейді Төлеубеков.

Телеарнаның хабарлауынша, қоқысшыларға тиіскен жігіттердің тәртіп сақшысы болып істейтін жора-жолдастарының қуанышынан шыққан деген мәлімет бар. Түнімен той тойлағандар таңға жуық қоқыс жәшігінің қасында бас жазып отырған.

Қоқыс жинаушы компания өкілдері аты-жөні істен алынып тасталынған төртінші күдіктінің де құзырлы орган қызметкері деген дерек тапқан. Бірақ, полиция департаментіндегілер оны бірден теріске шығарды. Десе де, төбелесті бастаған төртеудің үшеуі қалай да жауапқа тартылады деп сендірді.

"Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық істі полиция қызметкерлері қолға алған. Үш күдікті бар. Бұл қылмыстық істі әлі де Бостандық аудандық ішкі істер басқармасы қарастырып жатыр", - дейді ол.

Еске сала кетсек, таң сәріде тұрғын үйлердің маңында қоқыс тасып жүрген жұмысшыларды төрт бірдей бұзақы жабылып ұрған болатын.

Ең ауыр зардап шеккен Сырлан Омаров соққыдан соң мүгедек болып қалған. Оның өмірі үшін күрескен дәрігерлер оған бес сағатқа жуық ота жасаған.

Қазір сынған бас-сүйегінің орнын тек терісі ғана жауып тұр. 80 мың теңге жалақымен отбасын асыраған қоқыс жинаушы жатақханада бір бөлмені жалдап жүрген. Енді асыраушысы жарымжан күйге түскен отбасы емделген күніне берілетін азын-аулақ ақшаға күн көріп жатыр.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1811249-almatyda-kokys-zinausyny-sokkyga-zygyp-mgedek-kylgandar-li-bostandykta-zr/

pixel