Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйгілі Google компаниясына тағы бір қазақстандық жұмысқа тұрды (фото)

Опубликовано:

Әлемге әйгілі Google компаниясы тағы бір қазақстандықпен толықты. Шығыс Қазақстан облысының тумасы Жасан Байпақбаев аталмыш бірлестікке инженер маманы болып жұмысқа тұрған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: facebook/@Zhassan Baipakbayev
Фото: facebook/@Zhassan Baipakbayev: Twitter

Жасан Байпақбаев Google компаниясына жұмысқа орналасу өз мамандығында оқыған әрбір студенттің арманы екенін айтады.

"Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы, Қаратоғай ауылында туып өстім. Мектеп бітірген соң, Алматыдағы Сүлейман Демирел атындағы университеттің "Ақпараттық жүйелер" мамандығына оқуға түстім. Бакалавр дәрежесін алып, Қазақ-британ техникалық университетіне дәл сол мамандық бойынша білімімді магистратурада жалғастырдым.
Google секілді әйгілі компанияға жұмысқа кіру менің мамандығымда оқыған әрбір студенттің арманы екені рас. Оған қоса, ол жерге жұмысқа орналасу үрдісі де көпке мәлім. Яғни ақпараттық технологиялар саласының мамандары ол ережемен етене таныс. Жалпы бұған дейін АҚШ-та стартап саласында аздап еңбек еткенмін. Сол себепті, ақпараттық технологияда тәжірибе бар деуге болады" , - деді жас жігіт.

Қазақстандықтың сөзінше, Google-ға жұмысқа тұрған соң қызметкердің сол ортаға тез бейімделуі үшін арнайы дәрістер ұйымдастырылып тұрады екен.

"Дәрісте компанияның құрылу тарихынан бастап, онда жұмыс істеу, қызметкердің мақсаты пен міндеті, ортаға тез сіңіп кету жолындағы пайдалы ақпараттар беріледі. Мен үшін ол дәрістің пайдасы көп болды" , - дейді ол.

Сұхбат барысында Жасан Google компаниясында жұмыс істегісі келетін отандастарына өз кеңесін айтты.

"Көбіне академиялық білімге назар аударған жөн. Ғылымға өте жақын болу керек. Сол сияқты есеп шығару қабілеті де артық етпейді. Яғни алгоритм ережелерін терең білу маңызды. Одан бөлек, тәжірибеден өту қажет, онсыз болмайды. Ірі компанияда жұмыс істеудің тағы бір артықшылығы: Онда қызметкердің жағдайы барынша жасалады.
Сол себепті, жастар ірі компания, холдингтерде жұмыс істеуге ұмтылады және бұл дұрыс үрдіс. Google-де басқасын айтпағанның өзінде барлық қызметкерлер үш мезгіл тамақпен және қызметтік көлікпен қамтамасыз етіледі" , - дейді Жасан Байпақбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1811634-jgili-google-kompaniasyna-tagy-bir-kazakstandyk-zmyska-trdy-foto/

pixel