Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жаным қазақ": Шешен азаматы қиын заманда қол ұшын берген халыққа алғыс айтты

Опубликовано:

Қазақстанда туып-өскен шешен ұлтының өкілі Адам Бойсаев ел халқын бірлікте болып, Отанды сүюге шақырды. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін ол кей жастардың ана тілін ұмытқанына да қынжылады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Адам мырза қиын-қыстау жылдарда бөгде ұлтқа қорған болған қазақ халқына алғысын білдірді.

Фото: Жеке мұрағаттан алында, коллаж: KAZ.NUR.KZ.
Фото: Жеке мұрағаттан алында, коллаж: KAZ.NUR.KZ.: UGC
"Менің ата-бабам Сталин саясатының ызғарымен Қазақстанға қоныс аударған. Қоныс аударды деген тым жеңіл естілетін шығар. Оларды қайда бағыт алғанын айтпай, вагондарға тиеп, қақаған қыстың суығында қазақ даласына әкеліп тастаған.

Сол бір қиын шақта ел-жұртынан, туған жерінен көз жазып қалған шешендерді қазақ халқы құшақ жая қарсы алды.

Жол жиегіне лақтырып кеткен мүлде бөтен адамдарды жатсынбай, әрбір қазақ жанұясы үйлеріне ап кеткен. Азғантай асын бөліп беріп, бір шаңырақтың астын паналады.

Міне, содан бері қазақ пен шешен халқы бауырлас болып кетті. Бұдан бөлек, қаншама ұлт өкілдері Қазақстаннан пана тапты. Менің атам алғашында Шымкентке келген. Кейін Семейге ауысады", - дейді Адам.
Фото: Жеке мұрағат
Фото: Жеке мұрағат: UGC

Адам Бойсаев Шығыс Қазақстан облысының Шар ауданында дүниеге келген. Оның балалық және жастық шағы сол өңірде өтіпті.

Кейін еңбек ету мақсатында Алматы облысына көшіп келген.

"Балалық шағым Шар ауданы мен Кезенсу деген ауылда өтті. Шарда тұрғындардың басым бөлігі орысша сөйлейтін. Ал ауылда бәрі таза қазақша сайрайды. Бала күнімнен қазақтар арасында өскесін, тілді де тез үйреніп алдым.

Қазір қызмет бабында орыс тілінде шешілетін шаруа көп. Дегенмен, осы жерден пана тапқан мен үшін қазақ тілінің маңызы ерекше.

Бүгінде өзінің туған тілінде сөйлемейтін жастар көп. Оларға ең алдымен ана тіліңді құрметте дегім келеді", - дейді ол.

Адам еңбек жолын қарапайым шофер мен күзетшіліктен бастап, жоғары лауазымды директор деңгейіне дейін көтерілген.

Фото: Жеке мұрағат
Фото: Жеке мұрағат: UGC

Ол бұл мансапқа тынымсыз еңбектің арқасында келгенін айтады. Бүгінде туризм саласында жауапты қызмет атқаратын Адам мырзаның қазақ халқына алғысы шексіз.

"Менен тарихи отаныңа қайта ораласың ба деп сұрайтындар көп. Рас, мен тарихи отаным Шешенстанды ұмытқан жоқпын. Ол жақта тұратын достарым көп.

Біразымен кездесіп, жол түскенде тарихи отанға барып тұрамын. Бірақ менің жаным қазаққа айналып кеткен.

Қазақстанда туып-өстім, осында өсіп-өндім. Мен ғана емес, қиын-қыстау кезеңде қазақ халқынан қолдау көрген мыңдаған шешен ұлтының өкілдері үшін Қазақстан жердегі ең ғажап мекен.

1994 жылдан бері Шешенстанда қандай соғыс болғанын білесіздер. Сол кезде де Қазақстанды тастамай, осы елге сіңіп кеткен қандастар бар.
Қазақстан менің отаным, менің туған жерім. Егер елім үшін ерлік жасау керек болса, мен дайынмын. Ел басына қиын-қыстау күн тумасын ешқашан! Алайда, қандай да бір қиындық туындаса, еліме қорған болудан қашпаймын", - дейді ол.
Фото: Жеке мұрағат
Фото: Жеке мұрағат: UGC

Бүгінде шешен және ингуш ұлттарының мәдени орталығын басқаратын Адам Бойсаев қазіргі ел жастарын Отанды сүюге шақырды.

"Жастарға сабырлы бол дегім келеді. Сабыр мен ақыл көп нәрсені шешеді. Бүгінде қит етсе шетелге кетіп, сол жақта жұмақтағыдай өмір сүргісі келетіндер көп.

Әрине, әркімнің өз еркі. Десе де, туған жердің қадірін білген жөн. Отанды сүю керек! Отанды сүюден асқан не бақыт бар?!

Бүгінде кең байтақ қазақ даласын 18 миллион ғана халық жайлап отыр. Әлемде жер көлемінен тоғызыншы орында тұрған ел үшін бұл тым аз көрсеткіш. Сондықтан, көбею керек! Өсіп-өнейік", - деді ол сөз соңында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1812390-zanym-kazak-sesen-azamaty-kiyn-zamanda-kol-syn-bergen-halykka-algys-ajtty/

pixel