RU

Новосібірде ғимараттың қирауынан қазақстандық азамат зардап шекті (видео)

28 тамызда Ресейдің Новосібір қаласында ғимарат қирап, үш адам қаза болды, тағы біреуінің аяғы сынған. Жарақат алған құрылысшы Қазақстан азаматы болып шықты деп хабарлайды 360tv.ru-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Кадр видеодан алынды
Кадр видеодан алынды: Instagram

Басылымының жазуынша, жарақат алған 40 жастағы ер адам Қазақстан тумасы.

Отанында оның әйелі мен екі баласы бар. Ол Новосібірге қосымша табыс табу үшін қара жұмысшы болып барған.

Ғимараттың опырылуы кезінде зардап шеккен ер адамның жіліншек сүйегі сынған. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Ал туыстары болған оқиға жайлы әлеуметтік желіден білген.

"Мен интернеттен оқып білдім. Оған қоңырау шалдым, бірақ телефоны өшіп тұр. Біз Қазақстаннан боламыз, Екібастұзда тұрамыз. Күйеуім Новосібірге вахтаға кеткен. Онымен кеше кешке хабарласқанбыз. Сол жерде құрылыста жұмыс істеп жүргеніне екі апта ғана болды", - дейді жарақат алған құрылысшының әйелі Наталья Васиян.

Оның айтуынша, күйеуі жұмысқа ресми түрде тұрған. Себебі, еңбек шартын суретке түсіріп жіберіпті.

Енді Наталья балаларын туыстарына қалдырып, күйеуінің қасында болу үшін Новосібірге аттанбақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1813470-novosibirde-gimaratty-kirauynan-kazakstandyk-azamat-zardap-sekti-video.html