Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бекжан Тұрыс: Өсек пен төсектің айналасынан неге аса алмай қалдыңдар?

Опубликовано:

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері Бекжан Тұрыс қоғамда болып жатқан мәселелерді көтерді. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Facebook/Бекжан Тұрыс
Фото: Facebook/Бекжан Тұрыс: Facebook

Актер 80-нен асқан ел ағасының үйленіп жатқаны туралы айтатындарды түсінбейтінін атап өтті.

Ол өсек пен төсектің айналасынан аса алмай қалғандарға, талқылайтын басқа тақырып табылмағанына шамданды.

"Сендерде кінә жоқ шығар. Көретіндерің – әншілердің қызылды-жасылды өмірі. Телеарналарда да – соларға арналған бағдарламалар, солар жүргізетін – жеңіл-желпі бірдеңелер, елді ойландырып, жұртты толғандыратын, ұлтты рухтандыратын дүниелер діңкелеп тұр ғой қазір. Ал шындап келгенде, біз ойлануға тиіс мәселе толып жатқан жоқ па!?", - деді Бекжан Тұрыс.

Актер байырғы бабаларымыз да ел болуды, өзгелермен терезесі тең болуды көксегенін жеткізді.

"Ұрпағына ұлан-байтақ қоныс, ұлағатты өсиет-өнеге қалдырды. Ата-бабаларымыздан қыран ұшса – қанаты талатын, құлан жортса, тұяғы тозатын қиялда ғана болатын қиян өлке қалды. Яғни, көктегі құс пен жердегі аңға дейін – қазақтың ұлттық байлығы", - дейді ол.

Бекжан Тұрыс қазақы қасиетке иіген аталарымыз жер бауырлап ұшқан қарлығашқа қарап-ақ ауа райын болжап, мал-жанын сақтағанын білдірді.

"Табиғатпен біте қайнасқаны соншалық, іргесінде күшіктеген қасқыр екеш қасқыр да қоңсы отырған қойшының қойына ешқашан тиіспеген. Ғарышқа жол салып көкке самғамай-ақ аспан әлемін зерттеп, жымыңдаған сансыз жұлдызға әдемі ат қоя білген. "Жеті қарақшы", "Үркер", "Темірқазық", "Ақбоз ат пен Көкбоз ат", "Шолпан", "Өмірзая", - деді актер.

Оның сөзінше, жұлдызбен сырласа білген ұлттың ұрпағы бүгінде телефонға телміріп, желіге байланғанын ашына айтты.

"Жай телміріп отырған жоқ, титімдей қалта телефоны арқылы ғаламтордағы қатыгездік пен жауыздық атаулыны бойларына сіңіріп жатыр. Ұсақ әңгіме мен арзан сөзге жақын болмайықшы осы біз! Есептен де, өсектен де биік болайық. Орынсыз сұрақ қойып, артынан ойға батқан інішекке құба белде жорта алмай қалған құландай іштегі мұңымды осылай жеткіздім", - деп сөзін қорытындылады Бекжан Тұрыс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1813574-bekzan-trys-sek-pen-tsekti-ajnalasynan-nege-asa-almaj-kaldydar/

pixel