RU
"Бөтен емес": Кореяда жүрген Қоянбаев кәрістер туралы пікірімен бөлісті

"Бөтен емес": Кореяда жүрген Қоянбаев кәрістер туралы пікірімен бөлісті

Рассказать Вконтакте

Жақында ғана кезекті туындысының түсіріліміне кірісіп кеткен Нұрлан Қоянбаев қазақтар мен кәрістердің ұқсастығы туралы айтты. Ол желтоқсан айында жарыққа шығатын "Бизнес по-казахски В Корее" кинокартинасы туралы қызықты мәліметтермен бөлісті деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында көрерменге жол тартатын фильмнің түсірілімі Алматы қаласында басталып, Оңтүстік Корея елінде жалғасқан.

Бүгінде қызу жұмысқа білек сыбана кіріскен Нұрлан Қоянбаев та Сеул қаласында жүр. Оның айтуынша, кәрістердің мәдениеті қазақтарға ұқсас келеді екен.

Сондықтан, түсірілім тобы аса бір қиындыққа тап болмаған көрінеді.

"Кәрістер бізге бөтен халық емес. Өйткені, қаншама жылдар бойы бірге Қазақстанда тұрып келе жатырмыз. Сондықтан, кәрістердің мәдениеті қазақстандықтарға таныс. Және осы Сеулға, Кореяға келген кезде бізде "бөтен елге келдік" деген сезім болған жоқ. Көптеген сериалдарын көреміз, ол жерде де қазақтарға ұқсас, үлкендерді сыйлау деген қасиеттері бізге келеді",- дейді актер.

Қоянбаев өзі туып өскен Шиелі ауданында кәрістер көп тұрғанын айтады. Сондықтан, актерге бұл халықтың тағамдарына үйрену де қиын болмаған екен.

Ал көпшіліктің көңілінен шығып жүрген "Бизнес по-казахски" фильмінің кезекті бөлімі Еуропа елдерінде түсірілуі мүмкін дейді ол.

"Алдағы уақытта "Бизнес по-казахски" фильмін қай елде түсіруді көрермендер шешсе деп ойлаймын. Өйткені, біз барлық фильмнің алдында көрермендерге Instagram арқылы сұрақ қоямыз. Менің ойымша, келесі "Бизнес по-казахски" баратын мемлекеттер Еуропа, Австралия, мүмкін Мексика. Көрерменге қай мемлекет қызықты болады, сол мемлекетке барамыз", -деп түсіндірді продюсер.

Осыған дейін Америка мен Африкадағы қазақша бизнесті көрсетіп, жұрттың ықыласына бөленген Қоянбаев Оңтүстік Кореяда фильм түсіру үшін қыруар жұмыс атқарғанын алға тартты.

"Бәрі жоспар бойынша болып жатыр. Үлкен кино түсіріп жатқанда кездейсоқ жағдайлар болмау керек. Сол себепті, бәрі жоспарланады. Шетелде кино түсіру қаражат жағынан да, жоспарлау жағынан да қиын.

Біз екі елді ойлағанбыз. Франция және Корея елі. Көрермендерден сұраған кезде көбі Кореяны қолдады. Ал біз көрермен үшін кино түсіргендіктен, олардың ойы өте маңызды.

Сондықтан, біз Кореяны дайындай бастадық. Бір жылдай әріптес кинокомпания іздедік. Өте қиын, ауыр жұмыс болды. Биыл көктемде "Groove" компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. 26 желтоқсанда барлық кинотеатрларда шығады", - деп түйіндеді ол.
Сіздің реакцияңыз
3
0
0
0
0
5
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel