RU
"Көлікпен қақты": Алматы облысында жастар арасындағы төбелес адам өлімімен аяқталды
Жаңалықтар Қоғам

"Көлікпен қақты": Алматы облысында жастар арасындағы төбелес адам өлімімен аяқталды

Рассказать Вконтакте

Райымбек ауданы Қарасаз ауылында 26 тамыз күні жастар арасында жанжал туындаған. Шөптен келе жатып достарының қасына барған Дидар Қасенді төбелестің басқа қатысушысы көлігімен қағып өлтірген деп хабарлайды 31 арна.

Видеодан кадр/31 арна

Видеодан кадр/31 арна

Марқұмның туыстары Дидар Қасеннің ата-анасынан ерте айырылғанын айтты.

Олардың сөзінше, жас жігіт пысықтығы мен өзгелерге көмектесіп жүретін елгезектігімен ерекшеленген.

Туыстары 26 тамызда шөптен үйіне қайтып келе жатқан Дидар Қасен төбелескен жастардың қасына барғанын жеткізді.

Дидар Қасенді жанжал кезінде күдіктінің көлікпен қасақана қаққаны айтылды.

Оқиға кезінде болғандар да жағдайдың қалай өрбігенін баяндады.

"Көліктің келе жатқанын көрдім. Адамдар тұрды. Көлікті көріп, біз жолдың арғы бетіне өткенше, оны қағып кетті", - деді куәгер Нұрбақыт Мұқанов. 

Куәгерлер сол түні күдікті ретінде ұсталған азамат төбелес қатысушыларының бірі екенін растады.

Оның жанжалдасқан жастардың арасынан үйіне кетіп қалып, әкесінің көлігін алып шығып Дидар Қасенді қаққаны хабарланды. 

"Көлікпен жастардың ортасына кіріп кетті. Содан кейін тарс-тұрс еткен дауыс естілді. Бәрімізге жан керек қой. Жан-жаққа қаштық. Артынша сыртқа шықсақ, бір жігіт жерде жатыр екен", - деді куәгер Нартай Шыныбаев.

Бұл оқиғаға қатысты марқұмның ағасы Айбек Иманқұлов өз ойын айтты.

"Біздің ініміз қайтқанда, қағып кеткен жігіт оны жерлемей жатып бостандыққа шығып алған. Бұл заң ба, әлде пара ма?" - деп ашынды ол.

Марқұмның туыстары полицияның қаншама куәгер көріп, қасақана адам өлімі болған істі абайсызда болған жол-көлік оқиғасы ретінде тіркегеніне ашынып отырғанын жеткізді.

Шулы оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз пікір білдірді.

"Бұл іс Алматы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қазіргі уақытта тараптар сұралды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Мән-жайын тексері үшін облыс орталығынан өкілдер жіберілді. Тергеу жалғасып жатыр", - деді ол.

Дереккөз: 31 арна

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel