Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тақия 25 мыңнан": Ақтаулық тігінші қалыңдықты тойға дайындау қанша тұратынын айтты

Опубликовано:

Ақтаулық Нұрбала Сағындықова қазақтың ұлттық киімдерін заманауи үлгімен халыққа ұсынып, көпшіліктің оң бағасын алған дизайнер. Оның бір жыл бұрын ашқан тігін ательесіне бүгінде еліміздің әр түкпірінен тапсырыс келеді. Әсіресе, ұясынан ұзатылып, келін атанатын қыздардың таңдауы Нұрбаланың қолынан шыққан бешпент, көйлек, камзол мен кәжекей, тақияларға түсіп жүр. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген дизайнер қалыңдықты тойға дайындау үшін қанша кететінін айтып, бүгінде трендке айналған "шай көйлектердің" де бағасын жасырмады.

"Мен Алматыдағы технологиялық университетті "технолог-инструктор" мамандығы бойынша аяқтадым. Оқу бітірген соң көп ұзамай өзімнің кәсібімді бастауға бел будым. Бүгінде біздің көйлектерімізге Атырау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларынан тапсырыс көп түседі.
Тек қана ұзату, үйлену тойларына ғана емес, күнделікті өмірге қажетті көйлектерге де сұраныс артып тұр. Өзім намаз оқитын болғасын, көп жағдайда тек ұзын көйлектерді тігемін. Сол себепті, намаз оқитын қыздар да көп тапсырыс береді", - дейді Нұрбала.

Бүгінде Нұрбаланың көйлегіне танымал тұлғалар да қызығушылық танытуда.

"Мөлдір Әуелбекова, Сара Тоқтамысова, журналист Дана Бектұрған сынды танымал адамдар хабарласып, көйлек тіктірді. Ал жалпы алғанда, менің клиенттерім негізінен тұрмыс құрғалы жатқан, келін атанған жас қыздар.

Әсіресе, келіндер "шай көйлекке" жиі тапсырыс береді. Ақ босаға аттап, келін атанған соң көпшілік бұрынғыдай халат киюді қойып, шай көйлектерге назар аудара бастады. Бүгінде шай көйлектерді "хит" десем, артық емес.

Сондай-ақ, қазақ қызының образын жасауда үлкен жұмыс істеудеміз. Тақия, кәжекей, бүрмелі көйлектерді ұзату тойына кию дәстүрі қайта жаңғырып жатыр", - дейді тігінші.

Нұрбала Сағындықованың айтуынша, бір қалыңдықты тойға дайындау үшін 120-130 мың теңге көлемінде қаражат кетеді.

"Бізде тақиялардың бағасы 25 мыңнан, кәдуілгі ұзын көйлектер 20 мыңнан басталады. Шай көйлектерді 40 мың теңгеден бастап тігеміз.

Сәнді көйлектердің бағасы 200 мың теңгеге дейін баруы мүмкін. Біздің басты айырмашылығымыз – көйлектердің жабық әрі қазақы дәстүрге сай болуы.

Бүгінде маған түсетін тапсырыстардың көптігіне қарап, алдағы уақытта тұтас халықтың ұлттық киімдерімізді күнделікті өмірде киіп жүретініне сенемін. Қазіргі таңда қазақтың ұлттық киімдерін кию сәнге және мақтанышқа айналды. Бұл қуантады", - дейді тігінші.

Нұрбалаға тапсырыс берушілердің дені Instagram әлеуметтік желісін қолданады. Сондай-ақ, ол тігін тігуді үйренемін деушілерге арнап тігу және пішу курсын ашып қойған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1815293-saj-kjlek-hit-aktaulyk-tiginsi-tojga-kalydyk-dajyndau-kansa-tratynyn-ajtty/

pixel