RU
"Картаны ермек қылады": Шымкенттік зейнеткер қазіргі қариялардың әрекетіне күйінді
Жаңалықтар Қоғам

"Картаны ермек қылады": Шымкенттік зейнеткер қазіргі қариялардың әрекетіне күйінді

Рассказать Вконтакте

Шымкент қаласында тұратын зейнеткер кешқұрым тысқа шығып, өзі сияқты қариялармен әңгімелеседі. Ақсақалдардың өміріне үңілген азамат оларды не толғандыратынын білгісі келеді. Алайда, қарттардың айтқан әңгімесі мен істеген әрекеттері зейнеткердің көңіліне қаяу түсіріп үлгеріпті деп жазады "Замана".

Көрнекі фото: pixabay.com

Көрнекі фото: pixabay.com

Жасы келген азаматтың сөзінше, қазіргі қариялар ешкімнен ұяла қоймайды.

"Мұнда жиналған қариялардың бір тобы таңертеңнен кешке дейін гүлзар ортасындағы отырғышқа жайғасып, карта ойынын ермек қылады. Жеңіп не жеңілгендері бір-бірімен қызыл­кеңірдек болып, дауласып жат­қаны.
Жандарынан ерсілі-қарсылы ағыл­ған көпшілік өтіп жатады. Оның ішінде қыз-келіншектер де, әйелдер де, бала-шаға да бар. Олардан ұят болады-ау демейді. Ұтылғандары іргедегі дүкенге жүгіріп барып, ішімдік әкеліп, соны бөлісіп ішеді. Содан соң теңселіп жүргені. Бұл олардың күнделікті үйреншікті әдетіне айналған сияқты", - дейді ол.

Кейіпкер тағы бір қариялар тобының жиналып, әңгіменің майын тамызатынын жеткізді.

"Әңгіме ауаны көбіне әлеуметтік желіден, ғаламтордан естіп-білгендері. Көбісі "атып кетті", "шауып кетті", "үптеп кетті", "ішіп-жеп қойды" деген өсек-аяңға құрылған қысыр әңгімелер. Арасында үкіметті, атқарушы билікті, әкімдерді сынап, жерден алып, жерге салады. Олардың әңгімесінен еліміз құрдымға кетіп бара жатқандай, болашақ жоқтай сезінесің. Бұл қариялардың аузынан қоғам, ел туралы жағымды әңгіме естімейсің", - деп ашынды зейнеткер.

Өз сөзінде қарт кісі қазір есті, білікті қариялардың азайып бара жатқанын алға тартты.

"Көпке топырақ шашпайын, қа­ла­да зиялы, сөзі дұрыс, әділдікті айтатын елге сыйлы қариялар бар шығар. Алайда мен көрген ортадан ондай жанды байқамадым. Мен көрген қариялардың газет оқымайтынын, желідегі жел сөзге құдайдай сенетінін, саясаттан хабары, өзіндік пікір-пайымдары жоқ екенін байқадым.
Соған қарап, апыр-ай, қарияларымыз тым ұсақталып кеткен бе, олар отбасына, келер ұрпаққа қандай тәрбие, үлгі-өнеге береді деген ойға қалдым", - деп қорытындылады ол.
Сіздің реакцияңыз
1
1
0
0
2
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Пікір
Mailfire view pixel