Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"12 жылдан көп оқиды": Кореядан оралған Қайрат Құдайберген неге таң қалды?

Опубликовано:

Жақында белгілі отандық кәсіпкер Қайрат Құдайберген Оңтүстік Кореяға барып қайтты. Өзге елдің мәдениетімен танысып, денсаулығын толық тексертіп келген мәслихат депутаты қандай әсер алды? Экономикасы қарқынды дамыған мемлекеттің бізге берер тәжірибесі көп пе? Осы сұрақтарға жауап алу үшін KAZ.NUR.KZ тілшісі кәсіпкердің өзімен сұхбаттасқан еді.

"Денсаулық-зор байлық" деген сөзді ұран еткен кәсіпкер Кореядағы ең үздік орталықтардың бірінде check-up-тан өтіп келген. Тәжірибелі мамандарда тексерілген Қайрат отандық медицинаға сенім артамын дейді. Алайда, отанымызда бұл саланың деңгейін арттыру қажет деген ойда.

"Кореяның медицинасы өте мықты, тәжірибесі мол әрі тек мықты мамандар жұмыс істейді. Ол мемлекетте бірнеше рет болғандықтан, медицинасына қатты сенемін деп айта аламын. Өз медицинамызға да сенемін әрі қолдаймын. Бірақ, бізде көптеген мәселелер бар. Елімізде бұл саланы жаңа деңгейге шығару қажет. Бұл өте ауыр. Ол үшін үкімет жаңа көзқараспен қарауы керек. Алайда, ол ауқымды қаражатты талап етеді", - деді ол өз сөзінде.

Қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарды патриоттыққа баулу жолында еңбек етіп жүрген Қайрат қазақтар мен кәрістердің ұқсастығы бар екенін де жасырмады. Оның сөзінше, Корея халқы кез келген жанды құшақ жая қарсы алуға дайын.

"Қазақтар мен кәрістер арасындағы бір ұқсастық-қонақжайлылық. Олар да біз сияқты жылы жүзбен қарап, қарапайым қара домалақ қазақтар сияқты әрдайым қол ұшын беруге дайын тұрады. Одан бөлек, кәрістер етті жақсы көреді. Елде балық көп болса да, етті сағынатын ұлттың бірі деп есептеймін. Біздің қазақ еліне келгенде ет жеп, тамсанып отырады. Сол кезде біз де таң қаламыз", - деп таңданды кәсіпкер.

Мәслихат депутаты кәрістердің білім саласына аса қатты мән беретінін байқапты. Сол себепті, университет түлектері әлемдік бәсекеге қабілетті болып шығады дейді ол.

"Кореяның ең басты байлығы-олардың адамдары. Өте еңбекқор. Білім деңгейі де өте жоғары деңгейде тұр, университеттері өте мықты. Мысалы, дәрігер болу үшін 12 жылдан көп оқиды. Әрине, мұндай кәсіби мамандар дүние жүзінде бәсекеге қабілетті болады және жоғары жалақы алады. Олардың туристік потенциалы да өте мықты. K-pop болсын, медицинасы болсын туристік потенциалды алға қойып отыр. Корея үкіметі осы салаға аумақты инвестициялар бөлуде. Осылайша, олар өз мәдениеттерін таныстырып, шетелдіктерді елге тартып жатыр", - деп жалғастырды Қайрат Құдайберген.

Қазіргі уақытта Корея косметикасының жоғары сапалы екені әлемге аян. Күн санап кәрістердің опа-далаптарын тұтынатын халықтың саны артуда. Бұл пікірді отандық кәсіпкер де теріске шығарған жоқ.

"Корея косметикасымен таныстырған- менің әйелім. Бетіме әжім түспесін деп крем алып берді. Жігіт болған соң кейде жағамын, кейде мүлде ұмытып кетемін. Бірақ, сапасы өте жоғары. Қазіргі таңда бұл Корея үшін жаңа бір индустрия. Корея косметикасы қазір дүние жүзінде қолданысқа ие. Сондықтан, алдағы уақытта Guerlain, Channel және Shiseido сынды брендтерге бәсекелес болады десем артық айтқаным емес. Өйткені, қазір Кореяның брендтері жаңа деңгейге көтерілді. Дүние жүзіндегі конгломераттарға, трансұлттық компанияларға косметика сапасы бойынша жаңа қарсылас пайда болды деп есептеймін", - деді ол.

Корея елінің дамыған салалары мен үкіметі қолға алған ауқымды істерді баяндаған Қайрат Құдайберген Қазақстанның ол мемлекеттен алатын тәжірибесі көп дейді.

"Ең алдымен, жемқорлықпен күрес. Екінші туризмді дамыту, үшінші жағынан инновациялық технологияларды енгізу. Төртіншіден, адамдардың туристерге деген көзқарасын өзгерту. Бесіншіден, адамдардың еңбекқорлығын арттыру, білім сапасы мен медициналық қызметтің сапасын көтеру. Осы аумақты мәселелерді қамтып, өзгерістерге бет бұрсақ, мемлекетімізге орасан зор пайда мен ауқымды қаражат әкеледі", - деп түйіндеді кәсіпкер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1816040-12-zyldan-kp-okidy-koreadan-oralgan-kajrat-kdajbergen-nege-ta-kaldy/

pixel