RU

Ақмола облысында 51 млн қаржыға салынған бөгетті су тасқыны қиратып кетті

Ақмола облысында Жабай өзені арнасынан асып, Сандықтау ауданының орталығы Балкашино кентінің біраз бөлігін басып қалды.

Күн жылынып, мұз күрт еріген кезде өзен суының епкіні ауыл іргесіндегі бөгетті қиратып кеткен.Жабай өзенінің үстіне  жаңа  су бөгеті өткен жылы ғана салынды. Мемлекеттен қыруар қаржы жұмсалған су бөгетінің бүгінгі жағдайы осындай. Мұз қатты еріген кезде бірден су бөгетін түгел шайып кетті.Сарқырап аққан өзен суы ауылға таң ата лап қойған. Үрейленген  жұрт дүние-мүлкін тастап,далаға қашыпты. Бір сағаттың ішінде белге дейін көтерілген су 100 шақты үйге аққан. Апатты жағдай жөнінде бұған дейін жергілікті билікті талай ескерткен тұрғындар бала-шағаларын көрші ауылдағы туыстарына жеткіп үлгеріпті. Және осы уақытқа дейін бірде-бір басшы мұнда төбе көрсетпеген.

Сергей Баранов, Балкашино кентінің тұрғыны:

-Не бір төтенше жағдай қызметкері, не бір әкім келсейші,осы жерге! Миллиондаған қаржыға су бөгетін не үшін салды сонда?! Жоқ болып кетті ғой,бір түнде..Қираған су бөгеті 51 миллион теңге мемлекет қаржысына салынған болатын. Бөгет салынғаннан кейін тұрғындар Жабай өзенінен енді қауіп жоқ деп ойласа керек. Оқиға орнына бірнеше сағаттан соң ғана жеткен төтенше жағдайлар қызметі тіпті бұл су бөгетіне "біздің қатысымыз жоқ"деп отыр.Ерлан Жолдин,Сандықтау аудандық төтенше жағдайлар қызметінің бастығы:

-Ол бөгетті қабылдап алған жоқпыз. Ешқандай қол да қойған жоқпыз, ол - әкімшілік қабылдап алған нысан.Өзен арнасындағы мұз әлі толық еріп болмағандықтан, су әлі де көтерілу мүмкін. Ал шенеуніктердің әрекетсіздігіне ашынған жұрттың бір тобы аудан әкіміне өздері келді.

Аудан әкімі болса,табиғаттың тосын мінезі "бұл жерге таңсық емес" дейді. Тіпті су бөгетіне де жауап бермейтін болып шықты. 

Қанат Сүйіндіков, Сандықтау ауданының әкімі:

- Жабай өзені ғой, жылда тасиды. Су бекетіне Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жауап берсін. Олар тапсырыс беруші. Иә, біз қабылдадық, бірақ 50 миллион теңгеге тұрғызған-солар.Ал тапсырыс беруші басқарма басшысы Әнуарбек Сағитов болса,бұл нысанды "аудан әкімінің құзырында" деп қысқа қайырды.

Қысқасы, 50 миллион теңгеге салынған бөгетке жауап беретін ешкімді таба алмадық.

Ал тасқыннан зардап шеккен халық селқос шенеуніктерден әлдеқашан күдер үзген. Әркім әлдері келгенше,өз беттерінше әрекеттеніп жатыр,әйтеуір.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/181611-akmola-oblysynda-51-mln-karzhyga-salyngan-bogetti-su-taskyny-kiratyp-ketti.html