Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

13 жыл құрсақ көтермеген қарағандылық әйел тоқал алғысы келетін күйеуіне шамданды

Опубликовано:

13 жыл отасып, екі рет түсік тастаған әйел адам тоқал алуды көздеп жүрген күйеуі жайлы айтып, мұңын шақты. Оның сөзінше, ер азамат балалар үйінен сәби асырап алуға көнбей отыр екен деп жазады "Алаш айнасы".

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

23 жасында өзінің жерлесіне тұрмысқа шыққан келіншек отбасылық өмірдің бастапқы сәттерінде сүйгенімен шынайы бақытты ғұмыр кешкенін сөз етті.

Алайда ата-енесінен бөлек шығып, үлкен өмірге өз бетімен қадам басқан қос ғашықтың өмірі қалаға келген соң өзгере бастапты.

"Тұрмыс құрғаныма 13 жылдың жүзі болды. Өзім 23 жасымда Қарағанды облысының, Шет ауданына тұрмысқа шықтым. Бастапқыда барлығы жақсы болатын. Күйеуім екеуміздің махаббатымызға, бір-бірімізге деген сый құрметімізге туған-туыс, дос-жаран қызыға қарайтын.
Үш жыл ата-енемнің қолында тұрғаннан кейін ол кісілер бізді еншімізді беріп бөлек шығарды. Қалаға келген соң күйеуім жеке кәсіппен айналысуды жөн көрді. Бастапқыда қиналдық. Әйтеуір Алланың берген несібесі шығар күйеуім шағын жеке клиника ашты", - дейді келіншек.

Тұрмысқа шыққанына 5 жыл болғанда ғана әйел адам өзінің жүкті екенін байқаған. Бақыттан басы айналған ол жақындарымен жақсы жаңалығымен бөлісіп, бақытты күндерді бастан кешіп жүрген.

"Ол кезде үйленгінімізге бес жылдың жүзі болса да арамызда бала болмаған кез. Мен мазасызданып, күйеуім де сары уайымға салына бастады. Осылай нәресте күтумен жүрген күндердің бірінде мен бойыма бала біткенін аңғардым. Дереу толық дәрігерлік тексеруден өтіп, шынымен де жүкті екенімді біліп, біз аса бір қуанышты күндерді бастан өткізіп жаттық. Көптен күткен тұңғышымыздың қыз бала екенін білгенде күйеуім тіпті қуанды.
Бір күні жұмыстан қайтып келе жатқан едім, жаяу жүргіншілер жолынан өте бергенім сол еді, алып қап-қара Джип көлігі мені қақты да кетті. Обалы не керек, ақ халаттылар ішімдегі баланы аман сақтап қалуға барын салды. Қызым бастапқыда ама-есен дүниеге келді.
Артынша екі сағаттан кейін өмірге 900 граммдық болып келген қызымның шетінеп кеткенін жеткізгенде, аспан айналып жерге түскендей күй кештім. Күйеуім басу айтып, туған-туыстар жұбатып, "келесі жолы да көтересің" деп жанашырлықтарын білдіріп жатты", - дейді ол.

Қабырғасын қайыстырған қайғыдан кейін келіншек екінші рет бала көтерген. Дегенмен ол да ұзаққа бармай, жүктіліктің алтыншы айында түсіп қалған.

"Бұл оқиғадан біраз жыл өткен соң екінші балаға жүкті болдым. Тіл-көзден аман болайыншы деп бұл жақсы жаңалығымызды туған-туыс дос жаранға жария етуге асықпадық. Жақын достарымыздың өзі іштегі балама бес ай болған кезде біле бастады.
Ағайындар қуанып, достарымыз да аман-есен дүниеге бала әкелуімді тіледі. Бірақ мен жүктіліктің алты айлық мерзімінде қан қысымым көтеріліп, қан айналым дұрыс болмағандықтан іштегі балаға ауа жетпей тұншығып өліп кеткен", - деп ашынды келіншек.

Әйелдің сөзінше, олардың үйленгеніне биыл 13 жыл толған. Осы уақытта балалы болмаған оған күйеуі тоқал алып беруін сұрап жүр екен.

Келіншектің сөзінше, жұбайы балалар үйінен сәби асырап алуға немесе суррогат ана табуға келісім бермей отыр.

"Биыл отбасын құрғанымызға 13 жыл болады. Ішімдікті аузына да алмайтын адам, ішімдікке әуестеніп алды. Өткенде бір халық емшісіне барған едік, сол кісі "бір жетім баланы асырап алып соған бар мейіріміңді төксең, Алла саған қос-қостан ұл береді" деген еді.
Мен сол сөздерге қатты сеніп, балалар үйіне барып бір қазақ баласын асырап алғым келіп еді. Бірақ күйеуім маған: "бала асырап алғанша, тоқал алғаным дұрыс, сен маған рұқсатыңды бер" дейді", - деп мұңын шақты кейіпкер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1816984-13-zyl-krsak-ktere-almagan-karagandylyk-kelinsek-tokal-algysy-keletin-kjeuine-samdandy/

pixel