RU

Азиада стадиондары иесіз қаңырап бос тұр

VIІ қысқы Азия ойындарының аяқталғанына да екі айдан асып кетті.

Бірақ осы дүбірлі додаға арналып салынған кейбір сәулетті стадиондарымыз әлі иесіз тұр.Соның бірі – Талғар қаласының ір­гесіндегі "Салт атты сай" шатқалындағы шаңғышылар жарысы мен биатлоншылар бәсекесіне арналып салынған стадион. Естуімізше, Алматы облысы мен Алматы қаласы да осы стадионды өз иеліктеріне алуға құлшыныс танытып отырмаған секілді. Негізі, жер Алматы облысынікі...Әрине, мұндай стадионды күтімге алу, ұстап тұру оңай емес. Қыруар қаржы керек. Себебі "Салт атты сай" шатқалында ақша қар үнемі сіресіп жатпайды. Жыл он екі айдың шамамен үш-төрт айында ғана бұл шатқалды мамық қар басады. Қысы жұм­сақ. Климаты жылы. Жауған қар да ұзақ жатпайды. Еріп кетеді. Негізінен, жа­санды қарға арқа сүйеу керек. Ол да оңай шаруа, арзан "ләззат" емес. Тау сулары мен жылғалардан аққан суды арнайы қоймаға жинау керек. Жай ғана жинамай, таудан аққан жылғалардың суын сүзіп алып, сақтау керек. Жасанды қар жасап, атқы­лайтын "зеңбіректері" де арзан емес. Бәрі де қып-қызыл ақша.Ал жазда ше? Жазда жазғы биатлон жарыстарын өткізуге болады. Шаңғымен жарысу стадионын да кәдеге асырып, пай­даланған жөн. Құрығанда таза ауада кон­церт өткізіп, коммуналдық шығын­дарының орнын жауып отыру керек шығар.Тек осы Талғардағы шаңғы жарысы және биатлон стадионы ғана емес, тіпті елордадағы VІІ қысқы Азия ойындарына арналып салынған спорттық нысандар ресми түрде Астана қаласының иелігіне әлі өтпеген. Сонда бұл спорттық кешендердің қожайындары кім болмақ? "2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы" акцио­нерлік қоғамы өз міндетін абыроймен атқарып шықты, Ақ Азиаданы өткізді. Бол­ды. Енді олар спорттық кешендерге жауап бермейді. Тапсырыс беруші – ҚР Туризм және спорт министрлігі. Ендеше, Азия ойындарына арналып салынған спорттық кешендердің тағдыры осы министрліктің қолында болуы керек. Министрлік әлгі спорт­­тық кешендердің қаншасын өз қара­мағына алады, қайсысын өзі ұстап тұрады? Жоқ, әлде кейбіреулерін заңды немесе же­ке тұлғаларға бере ме? Ол жағы бел­гісіз.Айтпақшы, осыдан бірер күн бұрын бұл министрліктің басшысы ауысты. Осы министрлікті бес жыл үздіксіз басқарған Темірхан Досмұхамбетовтің орнына Талғат Ермегияев тағайындалды. Қызметіне жаңа араласып жатқан Талғат Амангелдіұлының қазір жұмысы онсыз да басынан асып жатқан шығар. Десек те, жаңа министр сәулетті стадиондарымыздың тағдырын тезірек шешіп, халық игілігіне пайдалануға береді деген ниеттеміз.Талғардағы шаңғышылар жарысы және биатлоншылар стадионына қайта келер болсақ, жалпы, бізге екі стадионды қатар салудың қажеті бар ма еді, осы?! Мысалы, Ресей Сочи Олимпиадасына арнап осын­дай екі стадион салады. Бірақ оның біреуі уақытша стадион болады. Нақтырақ айт­қанда, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарынан кейін шаңғышыларға арна­лып салынған стадион бұзылып таста­лынады. Қажет болса, бұдан кейінгі шаңғы жарыстары биатлоншылар стадио­нында өткізіле береді. Өйткені биатлон­шылар стадионында шаңғы жарыстарын өткізе беруге болады, ал шаңғышылар жарысы стадионында биатлоншылар бәйгесін ұйымдастыру мүмкін емес. Өйткені онда жамбы ататын арнайы орындар жоқ. Екі стадион тек Азия ойындары мен Олим­пиада ойындары кезінде ғана керек. Се­бебі осындай екі стадионның болуы – мін­детті шарт. Өкінішке қарай, Азия ойын­дары да, Олимпиада ойындары да төрт жылда бір өтеді. Яғни қалған уақытта бір стадионда ғана екі-үш спорт түрінен әр­түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізе беруге болушы еді. Бірақ Олимпиада ойындары өткен ірі қалалардың көбісінде екі стадион­нан. Заман ағымына қарай екі стадионды қатар салуымыз да дұрыс сияқты. Тек оларды халық игілігіне қолдана алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.Кеше біз "Салт атты сай" шатқалындағы шаңғышылар жарысы мен биатлоншылар бәсекесіне арналып салынған стадионның басшыларымен тілдесуге тырыстық. Онда­ғы ойымыз – мұнда жазғы биатлон бәйге­лерін өткізуге жағдай жасалған ба, сондай-ақ шаңғымен жарысушылар стадионында жаз айларында спорттың қандай түр­лері­нен жарыстар өткізуге болады, соны білу. Ала жаздай, дәлірек айтқанда, тоғыз ай бойы қаңырап бос тұра ма деп алаң­дау­шылық танытқандығымыз ғой. Атал­мыш спорттық кешеннің басшылары­ның ішінен тек осы екі стадионның спорт­тық дирек­торы, әйгілі ватерполшы Асқар Ора­зали­новпен тілдесудің сәті түсті:– Биатлоншылар стадионында осы спорттың жазғы түрінен кез келген дең­гей­дегі жарыстарды өткізе беруге болады. Ро­лик-шаңғыларға арналып төселген тас жолдардың ұзындығы 2,5 шақырымды құ­райды. Яғни халықаралық талапқа сай. Ал шаңғымен жарысушылар стадионында спорт­тық бағдарлаудан (жазғы спорт түрі), веложарыстан аламан бәйгелерді өткізе беруге әбден болады. "Жаз бойы бос тұра ма" деп қобалжудың қажеті жоқ. Қалауын тауып, кәдеге жаратуға болады, – деп қуант­­ты. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/181785-aziada-stadiondary-iesiz-kanyrap-bos-tyr.html