RU
Банк басшысы екі пайызбен ипотека алғысы келетіндерге маңызды үш кеңес берді

Банк басшысы екі пайызбен ипотека алғысы келетіндерге маңызды үш кеңес берді

Рассказать Вконтакте

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ляззат Ибрагимова екі пайыздық баспана несиесін алуға қатысты нақты үш кеңес берді. Бұл ипотека "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында беріліп жатыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Көрнекі сурет: pixabay.com

Көрнекі сурет: pixabay.com

"Алдымен баспана кезегін үнемі бақылап отыру қажет. Жолдаманы алғаннан кейін бірден банкке барған жөн. Бұл – бірінші кеңес.
Екінші кеңесім, міндетті түрде кәсіпкерлікпен айналысып немесе еңбек етіп, аз да болса табыс табу қажет. Бүгінде бұл – басты мәселелердің бірі. Табыс болмағаннан кейін несие берілмейді. Содан отбасылар шу шығарып, наразылықтарын білдіріп жатады", – деді Ляззат Ибрагимова үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол нақты табысы жоқ отбасылардың қомақты әлеуметтік көмек алып, соның есебінен несиені өтеуді көздейтіндерін айтты.

"Иә, бізде әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек табыс көзі ретінде саналмайды. Ондай отбасыларға баспана кредиті берілмейді. Мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті балаларға бөліп отыр. Ақшаны соларға жұмсау қажет. Ал әлеуметтік көмектің есебінен кредит жабуға жол берілмейді", – деп атап өтті Ляззат Ибрагимова.

Банк отбасының табыс көлемін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған жарна бойынша анықтайды. Осыған байланысты Ибрагимова зейнетақы жарналарын үнемі аударып тұру керектігіне назар аударды.

"Ал үшінші кеңесім – пәтер таңдауға байланысты. Үлкен пәтер таңдасаңыз, баспана кредитін 18 жыл төлей аласыз ба? Осыны ойлау қажет", – дейді ол.

Айта кетейік, екі пайыздық баспана несиелерін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алуға болады. Ондай кредит көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ғана беріледі. Осы бағдарлама аясында жыл сайын 5 мың отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда.

Банктің мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін 2,5 мың отбасыға несие ұсынуға рұқсат берілді. Олар үш ай ішінде пәтер табуы керек. Баспананы тапқаннан кейін екі пайыздық несие ресімделеді.

"Бүгінде 500 отбасы кредитті ресімдеп, өз үйлеріне кірді. Қалғандары пәтер іздеп жатыр. Енді табылмай қалса, іздеу мерзімін 6 айға дейін ұзартатын ойымыз бар. Бірақ бізге республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты игеру керек", – деп түсіндірді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы.

Сіздің реакцияңыз
5
0
0
0
0
5
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel