Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

80 жасқа толған Амангелді Айталыны танымал тұлғалар Ақтөбеге құттықтап келді (фото, видео)

Опубликовано:

20 қыркүйекте ақтөбеліктер қазақ халқының абызына айналған Амангелді Айталының 80 жасын атап өтті. Танымал ғалымды құттықтауға белгілі қоғам қайраткерлері мен мәжіліс депутаттары жиналған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: Original

Кездесу Амангелді Айталы бүгінде еңбек етіп жүрген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өтті. 

Атаулы шараға арнайы келген қонақтар қатарында Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Әлихан Бәйменов, Ирак Елекеев, Ханбибі Есенқарақызы, Төлеген Қуанышев, Бәкір Әбдіжәлел, Анес Ғарифолла секілді тұлғалар болды.

Абыз ақсақалға жиен болып келетін ақтөбелік ғалымдардың бірі ол кісіге ерекше құттықтау арнады.

"Әбекең пенде ретінде өз ғұмырында көп қиын кезеңнен өтті. Мойымады, пұшайман болмады. Сабырлық сақтады. Осы салиқалығының арқасында осы күнге жетті. Амангелді Әбдірахманұлымен әріптес болғаныма, Әбекеңнің осындай тұлға болып қалыптасқанына куә болғаныма, оңашада шүйіркелескенде "Амангелді" деп айтып қойғаныма ренжімейтін нағашыма жақсылық, амандық тілеймін.
50 жылдан бері қасыңызда жүріп, көп нәрсе үйрендім. Аман болыңыз! Әбекеңе сыйлық жасарда ұзақ ойландым. Бұл кісі дүниеауи заттарды қаламайды. Түрікмендер қолдан тоқитын орталықтан жайнамаз алып едім. Осы жайнамаз сізге бұйырды. Сіз енді "80 жасқа келгенде жайнамаз сыйлағаны несі?" деп ренжімеңіз. Одан түк қорықпаңыз. Жұрт 80 жасында үйленіп жатыр. Намаз оқу үйленгеннен кем болмайды. Бұл жайнамаз енді текке жатпасын. Төрде имам отыр, өзі үйретеді", - деді профессор Ахан Бекежан.

Салтанатты шара соңында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков өткір ойлы, дара тұлғалы азаматқа құрметті профессор куәлігін табыстады.

Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: Original

Сондай-ақ, мерейтойда Амангелді Айталының "Рухани кемелділік" кітабының тұсауы кесілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1817982-80-zaska-tolgan-amangeldi-ajtalyny-tanymal-tlgalar-aktbege-kttyktap-keldi-foto-video/

pixel