Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында "Елдік елге байланысты" атты форум өтті

Опубликовано:

Өткен апта соңында Тараз қаласында «Eldik elge bailanysty» қоғамдық форумы ұйымдастырылды. Спикерлер жаңа технологиялар дәуірінде ұлт болып ұйысу, ынтымақ пен бірліктің бағасын білу, күнделікті жиын-тойларда ысырапшылдық пен мақтангершілікке жол бермеу және ұрпақ тәрбиесінің өзекті мәселелері жөнінде ойларын ортаға салды.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі: UGC

Қазақтың тарихы мен бүгінгі бет-бейнесі, жаңа ғасыр бедеріндегі ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр, өмір сүру дағдысы айтылған форумды облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік жүргізді.

Алғаш болып облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген сөз алды.

"Біздің мұхиттың шар айнасындай өмірімізге, күнделікті тірлігімізде, сан белесті бағдары бар болашағымызға – ынтымақсыз, бірліксіз бара алмайтынымыз ақиқат.
Бүгінде «бірліктің жалауын көтеріп, шын жанашыры» болып кейбір егде кісілермен қатар азаматтар кездескенде «руың қайсы, атаң кім, жерің қайда?» деген сұрақтардың астына алары заманның дертіне айналып бара жатыр", –деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі: UGC

Мұнан әрі спикер өз сөзін қазақы дәстүрдегі той мәдениетіндегі даңғазалық туралы ойларымен жалғады.

"Кейде той мәдениеті туралы сөз қозғасақ «Қазақ шаршаса тойдан шаршасын, Тәңірім халқымды осындай той-думаннан айырмасын» деп тереңіне мән бермей, көңіл көтеретін тұстарын алдыға шығара саламыз.

Әңгіме - осы бізде даңғазалық етек алып бара жатқан жоқ па? деген сауалға келіп тірелетіні болып отыр", –деді халық қалаулысы Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Форумда сөз алған еңбек ардагері Әбілқасым Ергебековтің ойы бүгінде желісі үзілген жастар тәрбиесінде қариялардың ықпалын күшейту туралы өрбіді.

"Халқымызда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген даналық сөз бар.

Елдің келешегі, жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты. Жастар тәрбиесіне мән бермеген, жастарға жол сілтемеген кәрілік –зая кетеді", –деді ардагер.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі: UGC

Ал облыстық орталық мешітінің наиб-имамы Бақтияр Әміреев көпшілікті қайғы-қуанышта ас та төк дастархан жайып, дүниеден қайтқан кісінің басына белгі қоюды да бәсекеге айналғандардың әрекетіне тыйым салды.

"Соңғы кезде көптеген салт-жоралғылар мен діни рәсімдер шектен шығып, шариғаттан алыстап барады.

Дүниеден бір кісі өтсе, оны ақтық сапарға шығарып салу –мұсылмандардың міндеті. Бірақ көпшілігіміз мал-дүниемізді қайтыс болған жандар үшін емес, жұрттың мақтау сөзі үшін сарп етіп жатқандаймыз.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы садақа, құдайы тамақ берудің ас мәзірін бекітті.

Мәзірге бауырсақ, жеті нан, тары, құрма, қант, кәмпит, сары май, шай, өрік, мейіз, қаймақ, ет пен күріш кіреді", –деді Әміреев.

Қоғамдық форумда көтерілген мәселелердің негізгі үлесі ұрпақ тәрбиесінің еншісіне тиді. Осы орайда ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметжанова да байламды пікір айтты.

"Әр отбасының алғашқы ұстазы - ата-анасы. Ұлтымыздың асыл дәстүрімен өскен бала отбасының қуанышы ғана емес, еліміздің зиялы азаматы болары анық.
Ұрпағымыздың санасына ұлттық рухымызды сіңдірсек, тілі мен дінін қадір тұтар намысты ұл, инабатты қыз тәрбиелесек, ізгілікті қоғам жасай аламыз",–деді ардагер ұстаз.
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі: UGC

Ұстаз ойын облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев та құптады.

"Тұтас қоғамның санасына сілкініс әкелуі керек «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мән-мазмұны құр даңғаза, ұранбайшылық, ойқастаған ойын-сауықтардың қалтарысында қалып жатыр.
«Рухани жаңғыру» - қоғамның өткеніне сабақ алып, адамдық тұрғыдан тазаруы. Олай болмағанда адам санасына сыймайтын құбылыстар орын алады", – деді Майлыбаев.

Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, форум қатысушыларының облыс жұртшылығына үндеуін жариялады.

«Жаһандық әлеммен қабыспайтын, ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын өткеннің кейбір кертартпа дағдылары мен әдеттерінен күні бүгінге дейін арыла алмай отырғанымыз жасырын емес.

Олар: жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, жершілдік, тамыр-таныстық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Өркениетілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібілістікке жетелейтін мұндай «ғұрыптардан» құтылатын кезең келді»,- делінген үндеуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1818056-zambyl-oblysynda-eldik-elge-bajlanysty-atty-forum-tti/

pixel