RU
Биылғы ӘЧ-те ел қоржынына жалғыз алтынды салған боксшы жайлы не білеміз?

Биылғы ӘЧ-те ел қоржынына жалғыз алтынды салған боксшы жайлы не білеміз?

Рассказать Вконтакте

Әуесқой бокстан Екатеринбургте өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Ел құрамасы алты жүлдеге ие болып, командалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Байрақты бәсекеде Қазақстан қоржынына жалғыз алтынды салған 21 жастағы Бекзат Нұрдәулетов болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Нұрдәулетов әлем чемпионатына алғаш рет қатысты.

Боксшы жойқын соққыларымен, жылдамдығымен, ерекше стилімен спорт жанкүйерлерді баурап алды.

Жас спортшының өнеріне сарапшылар мен төрешілер де тәнті болды.

Ол финалға дейін қарсыластарын төрт рет нокдаунға жіберді.

Мәселен 21 жастағы Маңғыстау облысының тумасы жартылай финалда төрт дүркін әлем чемпионы, олимпиада жеңімпазы кубалық Хулио Сесар Ла Крусты жарыс жолынан шығарды.

Отандық боксшының ауыр соққылары "тісқаққан" боксшыны есеңгіретіп жібергенін күллі әлем тамашалады.

Бокс жанкүйерлері "Нұрдәулетов жерлесі Әділбек Ниязымбетов бірнеше рет жеңілген, кубалықты "орнына" қойды" деп желіде жарыса жазды.

Ақтық мәреде де жас боксшы аянып қалмады.

Өзбекстандық қарсыласы Дильшодбек Рузметовты айқын жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Prosports.kz мәліметінше, Екатеринбургтегі әлем чемпионатына 81 келіде Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет баратын болған. Алайда ол жарақатына байланысты турнирден тыс қалып, құраманың екінші нөмірдегі спортшысы Нұрдәулетовке мүмкіндік берілген.

Осыған дейін Бекзат жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, жартылай ауыр салмақта күміс жүлдегер атанған. Турнир Санкт-Петербургте 2016 жылы өткен болатын.

Сондай-ақ, Нұрдәулетов Қазақстан чемпионатының жүлдегері, бірнеше халықаралық турнирдің жеңімпазы болып табылады.

Оның жаттықтырушысы Марат Жакиев.

21 жастағы боксшы турнирден соң спортағы ұстазына алғыс айтуды ұмытпады.

"Әлем біріншілігінде жеңімпаз болу - үлкен еңбектің нәтижесі. Ол менің ғана емес, алдымен бапкерім Жакиев Марат ағайымның да еңбегі деп білемін", - деп ағынан жарылды спортшы Instagram желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, екі рет Олимпиада жүлдегері болған Әділбек Ниязымбетов те осы Марат Жакиевтің шәкірті.

Еске сала кестек, бокстан Екатеринбургте өткен әлем чемпионаты аяқталды. Бір алтын, бір күміс және төрт қоламен Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үшінші орын алды.

Сіздің реакцияңыз
1
0
0
0
1
35
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel