Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үшеуміз ғана тірі қалдық": Сириядан оралған азамат соғысқа қатысуды мәртебе санаған

Опубликовано:

"Жусан" операциясының арқасында Қазақстанға аман-есен оралған Махамбет Қажипанов елімізде алаңсыз жүрген күндерін сағынышпен еске алды. Ол қазір түрмеде жазасын өтеуде деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Көрнекі фото: news-front.info
Көрнекі фото: news-front.info: Facebook

37 жастағы жігіттің өмірі екіге бөлінеді.

Біріншісі, "Ислам мемлекеті" ұйымының құрамына дейінгі алаңсыз күндер, екіншісі – Сириядағы соғысқа қатысқан сәті.

Ол уақытта тұрақты жұмыс, берекелі отбасы мен жақындарының қолдауы сағымға айналған. Әсіресе, кішкентай қыздарын ойлап, өзегі өртеніпті.

"Оның алдында бір видео қарағанмын, бір сириялық екі қызын үйіндінің астынан суырып алып жылап жатыр. "Мұсылмандар, қайдасыңдар?" деді. Сондай видеоларды қарап, маған ой келді: "Сен осылай жүрсің ғой, ертең Алланың алдына барғанда не айтасың? Сенде бәрі жақсы, мұсылмандар болса қор болып жатыр". Сол ойым маза бермей, 2015 жылы аттанып кеттім. 2016 жылы ол жақта бәрі басқаша екеніне көзім жетті", - дейді жазасын өтеуші.

Махамбат Қажипанов уағында Сириядағы соғысқа қатысуды өзіне мәртебе санағанын айтты. Тіпті сол үшін өмірін қиюға әзір болғанын жеткізді.

Шамдағы шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде бәрі тым кеш екенін түсінген.

"Онда бауырмалдық жоқ. Ол жерде саған ешкімнің жаны ашымайды. Әлгі интернетте видеолардан көргендей емес, мүлдем басқаша. Ол жақта мұнай үшін соғысып жатқанын ұқтым. Қазақстаннан келген бір топ болды. 2017 жылы олардан бас тартып, шығатын жол іздедік", - деді ол.

Махамбет Орал қалалық сотының шешімімен лаңкестік ұйымның құрамында болғаны үшін 8 жылға сотталған.

Ол темір торға тоғытылған соң мамыражай тірліктің қадірін кеш түсінгенін айтты.

Жазасын өтеуші қателіктер өмірлік сабақ болғанын жасырмады.

"Біз секілді Қазақстан азаматтары көп. Өліп қалды. Жан тапсырды. Өкінішті. Ол жақта көптеген ана баласынан айырылып қалды. Біз аман-есен келдік. Ер адамдардың көбісі өлді. Бізде, Оралдан 50 адам болды. Соның тек үшеуі ғана келдік. Алдымен әке-шешені ойлаңыздар. Білімге ұмтылу керек. Интернеттен оқып алып, жәннатқа кірмейсің, дін деген ондай емес", - деп ағынан жарылды Махамбет Қажипанов. 

"Ислам мемлекеті"лаңкестік ұйымының құрамында болған азамат түрмеде отырса да, үмітін үзбейтінін білдірді.

Жазасын өтеп шыққан соң қателігін түзеуге ниетті.

Оның бар арманы – отбасы мүшелері қателігін кешіріп, қайтадан қабылдаса болғаны.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1818903-seumiz-gana-tiri-kaldyk-siriadan-oralgan-azamat-sogyska-katysudy-mrtebe-sanagan/

pixel