RU

Әлеуметтік жұмыс орындарына қалай тұруға болады?

Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жұмысқа орналасу. 2019 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысы бойынша, еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейімен күресудің бір жолы – әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда нәтижелі жұмыспен қамтып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 мың адам жұмыспен қамтылған.

Әлеуметтік жұмыс орындарына қалай тұруға болады?
Фото: freepik.com: Facebook

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасу кезінде балалар ауылдарының тәрбиеленушілері, балалар үйінің түлектері, 16-23 жас аралығындағы мектеп-интернат түлектері, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-аналар мен оралмандарға басымдық беріледі.

Сондай-ақ, бұл тізімге жеті жасқа дейінгі мүгедек балаларға қамқор болып отырған жандар да жатады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары ең алдымен зейнет жасына толмаған пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды, бұрын сотталғандарды, мәжбүрлеп емдеуді аяқтаған адамдарды және террорлық оқиға салдарынан зардап шеккендерді жұмысқа орналастыруға тырысады.

Жалпы әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін алдымен жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Содан кейін ғана қажетті құжаттарды тіркеп, жұмыспен қамту орталығына өтініш береді. Құжаттар тізіміне жеке куәлік көшірмесі, еңбек кітапшасы, арнайы білімі туралы диплом, № 086 медициналық анықтамасы кіреді.

Осы ретте айта кететін жайт, азаматтар әлеуметтік жұмыс орнына бір жылға ғана орналаса алады. Егер өзін жауапты әрі кәсіби қызметкер ретінде көрсеткен жағдайда жұмыс беруші тұрақты жұмысқа қабылдауға құқылы. Сондай-ақ мемлекет 12 ай ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істейтін адамдардың жалақысын субсидиялайды. Субсидия мөлшері жалақының 35 пайызын құрайды.

Мысалы, штаттық кестеге сәйкес әлеуметтік жұмыс орнындағы адамның жалақысы 40 000 теңге болса, оның 24 500 теңгесі мемлекет тарапынан төленеді, қалғаны – жұмыс беруші міндетінде.

Әлеуметтік жұмыс орынында ұсынылатын жұмыстардың бағыты өте ауқымды. Мысалы, кәсіпорын, емхана, әкімдіктерде арнайы жұмыстар беріледі. Сонымен қоса курьер немесе қарапайым жұмысшы ретінде де жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Ұсынылған мамандықты таңдау кезінде жұмыссыздардың денсаулығы, жасы, кәсіби және жеке ерекшеліктері ескеріледі.

Сонымен қатар жұмыссыз адам мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс ұсынысы түскен кезде, белгілі себептерге байланысты жұмыс орнынан бас тартуға құқылы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1818985-leumettik-zmys-oryndaryna-kalaj-truga-bolady.html