Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Еңбек» бағдарламасы қысқа мерзім ішінде қайта оқудан өтуге мүмкіндік береді

Опубликовано:

Әдетте мамандық таңдаған кезде оған өмір бойы сұраныс боларын, болашақтағы өзгерістер туралы біле бермейміз. Сондықтан еңбек нарығында қажетті дағдыларды уақытылы игеріп отыру аса маңызды. Осыған орай, елімізде жас буынды қысқа мерзім ішінде оқытып, мамандық беру жұмыстары тегін жүзеге асып келеді.

«Еңбек» бағдарламасы қысқа мерзім ішінде қайта оқудан өтуге мүмкіндік береді
Фото: pixabay.com: Facebook

Мұндай мүмкіндік жасы 29-ға толмаған, жұмыссыз жүрген жастарға, сондай-ақ үкімет анықтаған жекелеген топтарға беріледі. Аталған жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асып, бүгінде өз нәтижесін көрсете бастады.

Өткен жылы қысқа мерзімді курстар колледжер мен оқу орталықтарында өтіп, 41,7 мың адам білім алды. Оның 29,4 мыңы жаңа мамандық бойынша жұмысқа орналасты.

Сондай-ақ, бағдарлама қатысушылары үшін 16 759 теңге стипендия қарастырылған. Бұған қоса материалдық көмек те бар. Яғни, оқу орны қатысушылардың тұрғылықты жерінен алыс мекенде болған жағдайда мемлекет жол жүру ақысын төлеп береді. Бұл қаражат 4 АЕК (10 100 теңге) көлемінде. Егер қатысушы оқу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстарына бару керек болса оған 10 АЕК (25 250 теңге) төленеді, ал қалған облыстар үшін 5 АЕК (12 625 теңге) қарастырылған.

Курс аяқталғаннан кейін жұмыспен қамту орталықтары жобаға қатысушыларға жұмыс тауып беруге атсалысады. Курстан мынадай мамандықтарды оқуға мүмкіндік бар: визажист, шаштараз, маникюр шебері, электрик, дәнекерлеуші, ток жөндеуші, машинис, сантехник, аспаз, кондитер, тігінші, әкімші, массаж жасаушы, сауда саласындағы менеджер, бағалаушы, анимация және бейнеграфика маманы, сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы маман және т.б.

Жоспарға сәйкес, биыл қысқа мерзімді курстар арқылы 100 мың адам білім алатын болады. Осы нәтижеге жету үшін оқыту жұмыстары материалды-техникалық базасы бар мекемелерде ғана өтеді. Осы ретте, кәсіби мұғалімдер құрамы да ерекше бақылауға алынып, курстың сапасын арттыру мақсатындағы шаралар қабылданды. Осылайша, курс жұмыспен қамтылу деңгейі 60 пайыздан төмен емес мекемелерде ғана ұйымдастырылады.

Айта кету керек, оқу мерзімі – 1-ден 6 айға дейін. Бұл қажетті дағдыларды игеруге жеткілікті уақыт саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1819184-ebek-bagdarlamasy-kyska-merzim-isinde-kajta-okudan-tuge-mmkindik-beredi/

pixel