Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әділ жаза сұраймын": Алматыда ұлынан айырылған ана көз жасын тыя алмады

Опубликовано:

Алматыда 22 қыркүйек күні жастардың жаппай төбелесуі кезінде екі жігіт пышақталып, ауыр жарақат алды. Олардың бірі көп қан жоғалтып ауруханада көз жұмған. Ал екіншісі бүгін, 27 қыркүйекте ауруханадан шықты деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Кадр: КТК арнасы
Кадр: КТК арнасы: Facebook

Алған жарақатынан көп қан жоғалтып көз жұмған Жалғас Сейілхановтың туыстары тергеу барысына көңілі толмайтындарын жеткізді.

Бұл оқиға бойынша бір жасөспірім ұсталған. Ал Жалғастың жақындары төбелеске қатысы бар өзге де мектеп оқушыларының жауапқа тартылуын сұрап отыр.

"Барлық баланы жазалау керек. Баламның достары көрген, бәрінің қолында пышақ болған. Мен қарғамаймын да, ұрыспаймын да. Бала асырап отырған пендемін ғой. Әділ жаза сұраймын, қолымен істегенді мойнымен көтерсін", – дейді Жалғастың анасы Нәсипа Шәмшібаева.

22 қыркүйекте болған жігіттердің жаппай төбелесі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеода өзара келісе алмай жанжалдасқан жігіттердің бір-біріне жұдырық сілтеп, жаға жыртысқаны анық көрінеді. Арасында пышақ ұстаған жасөспірімдерді де байқауға болады.

Ауруханадан шыққан Жалғастың досы болған оқиғаны баяндап берді. Оның айтуынша, оқушылар марқұмның жүрек тұсына ас үй пышағын бар күшпен сұғып алған.

"Мені де пышақпен ұрды. Пышақты көтергенде қабырғам ұстап қалған екен. Содан кейін артқа жүріп, дос баламның жанына бардым. Олар артымыздан қуалады. Артымызда есік болды, соны жауып тұрдым. Олар пышақталды деп айтты да, тұра қашты. Есік жауып тұрғанда үш-төрт пышақ көрдім", – дейді жанжалдан зардап шеккен Аятолла Ақылбек.

Оқиға орнынан ізін суытқан жігіттердің біреуі қазір қамауда отыр. Оған "екі немесе одан да көп адамның денсаулығына қасақана зиян келтірді" деген айып тағылды. Кәмелет жасына толмаған күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

"Аталмыш істі ашуға бағытталған арнайы тергеу тобы құрылып, төрт сағаттан кейін сезікті қолға түсті. Ол – 2004 жылы туған жергілікті тұрғын. Қазір ҚК-нің 106 бабы, 3 тармағы бойынша қылмыстық іс әлі де тергеуде", – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Дереккөз КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1819278-dil-zaza-srajmyn-almatyda-lynan-ajyrylgan-ana-kz-zasyn-tya-almady/

pixel