Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Малшы, тракторшыны қалаға сүйремейік": Ауыл келіні желіде қалай жұлдыз болды?

Опубликовано:

Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Бөрте ауылында тұратын Айнұр Жәкенова "сеть" ұстамайтын ауылда қалай желінің жұлдызы атанып, қалың оқырман жинағанын баяндап берді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол желідегі парақшасын неліктен "Тракторшының махаббаты" деп атағанын да түсіндірді.

Фото: Instagram
Фото: Instagram: Instagram

- Айнұр, алдымен өзіңізді оқырмандарға таныстырып өтсеңіз? Ақтөбе облысының қай жерінен боласыз? Бұл ауылға келін болып қалай келдіңіз?

Аты-жөнім Жакенова Айнұр Базарбайқызы, жасым 35-те. Ауылдың қарапайым келіншегімін, 3 баланың анасымын. Жоғары санатты, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімімін. Өзім Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Бөрте ауылында тұрамын.

Бөрте Мәртөктің ең шалғай ауылы, 500-ге жуық қана тұрғыны бар. Ресеймен шекаралас ауыл. Мен Бөртеге жас маман болып келіп, фермер жігітті кездестіріп, осында қалып қойған жайым бар.

- Қазір шыны керек әлеуметтік желінің заманы ғой, алайда ауылда жүріп, инстаграмды белсенді жүргізетін қарапайым ауыл келінін алғаш рет көруіміз... Блогерлікке қалай келдіңіз?

Біздің ауылда ұялы байланыс мүлдем жоқ. Кей жерлерде ғана ұстайды. Біздің үйде мысалы терезенің алдында ғана ұстайды. Оның өзі кейде жоғалып кетеді. Жасыратыны жоқ, кейде шөптің үстіне, тауға, шатырға шығып кетуге тура келеді. Ең алғаш рет, жүгіріп келіп, өзімнің таңертеңгі күнім туралы пост жаздым. Ол кезде 300-ге жуық қана оқырманым бар еді, оның көбісі туыстар, достар болатын. Сол постқа пікірлер көп жазылды. Осыдан шабыт алып, күнделікті өмірім туралы посттар жаза бастадым. Оқырмандарым да күн санап өсе бастады. Шынымды айтсам, аз уақыт ішінде жоқтан бар жасап, осындай оқырман жинаймын деп ойламаппын. Оқырман санының көп болуы, парақшамның шынайы әрі позитивті екенін дәлелдейтін шығар.

- Ауыл қазақы тіршіліктің қайнаған көзі ғой. Үй тірлігіне, мектептегі мұғалімдікке қалай үлгересіз?

Иә, дұрыс айтасыз. Ауылда сиыр сауу, от жағу, құрт жаю сияқты жұмыстар жетеді. Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық емес пе? Менің таңертеңім таңғы 4-тен басталады. Бірінші сабаққа дейін 10 сиырды сауып, сүтін тартып, бұзауларға сүт беріп үлгеруім керек. Оған қоса таңғы жүгірісім тағы бар. Осындай шаруаларды жасауда енемнің де көмегі өте зор. Жасы 70-ке келсе де, құдайға шүкір, ол кісі қайратты. Ең бастысы адамда ниет болу керек. Осылай ниет пен мақсат қойып, шауып жүрмін, құдайға шүкір.

- Бір постыңызда қаланың қызымен деп жаздыңыз... Қала қызына ауыл өміріне үйрену, ата-енемен бірге тұру жағы қалай болды? Қиналған жоқсыз ба?

Иә мен Қарақалпақстанның, Қоңырат деген қаласында туып өскенмін. Басында әрине ауыл тірлігі мен үшін жат болды. Ата-енем өте қарапайым, жайлы адамдар. Енем "Айнұр" деп айтпай, "Айнурочка" деп жүріп көп нәрсені үйретті. Келін болып түскеннен кейін де, көпке дейін сиыр сауу, от жағу сияқты жұмыстарды енем өзі істеп жүрді. Ауылдың тірлігін үйреніп, дөңгелетіп отырғаным енемнің арқасы. Үйленгеннен кейін ата-енем: "Бөлек тұрамын десеңдер өз еріктерің" деген болатын. Бірақ менің жолдасым жалғыз ұлдары болғандықтан, мен олай жасай алмадым. Осы киелі қара шаңырақтың бірден-бір иесі біз екенімізді түсіндім. Бірге тұрғанның да жақсы жақтары көп қой? Балаларың бағулы, тамағың асулы деген сияқты. Сондықтан одан еш жамандық көріп отырған жоқпын, ата-енеммен бірге тұрғаныман, құдайға шүкір, ризамын.

- Желідегі аккаунт атауыңыздың өзі ерек. Тракторшының махаббаты деп неге қойдыңыз?

Иә менің аккаунтымның аты ерекше. Көпшілік атына қарап, жазылдық деп айтып жатады. Күйеуім фермер болғандықтан, трактор оның нағыз көлігі, серігі. Мен енді әрине тракторшының махаббаты болмағанда, кім боламын? "Тракторшының махаббаты" деген фильм естеріңізде ме? Сол кино басталғанда, мені көбісі сол кинодағы басты кейіпкерге ұқсататын. Содан шыққан идея, осылайша менің парақшам "Тракторшының махаббаты" аталып кетті.

- Үй шаруасын еркек, әйелдікі деп бөлмейтін сияқтысыз, жаны нәзік әйел адам ретінде үйдің ауыр жұмысын күйеуіңізге беріп көрмедіңіз бе?

Басында мен де ер адамның жұмысын әйел адам істемеу керек деген ұстанымда болатынмын. Бірақ өмір болған соң, көзқарасым өзгерді. Жолдасым фермер, ешқашан қол қусырып бос отырған емес. Үнемі далада жүреді, көктемде егін ексе, жазда шөп шабады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл ғой? Сондықтан ер адамға тән, қара жұмысты істеп кететінім бар. Балшық сылауды өткенде көбісі сынға алды. Бірақ Ақтөбе өңірінде балшық сылау жұмысын әйелдер істейді. Батыстың қыздары енді ер мінезді болып келеді ғой? Ондай жұмыстарды қанша істесек те, әйел екенімізді ұмытпай, нәзік қалпымызда қалуымыз керек деп ойлаймын.

- Ауыл өмірі бұрындары жұрт көп қызыға бермейтін, күнделікті күйбең тіршіліктің маңайындағы тақырып болатын. Қазір керісінше адамдар сіз сияқты ауылдағы болгерлерді іздеп жүріп оқитын болған. Себебі неде? Адамдар ауыл өмірін сағынғаннан ба?

Меніңше қаланың қайнап жатқан өмірінен шаршаған адамдар, осындай қарапайым, шынайы ауылды суреттейтін осындай парақшаларды қарап, жандары бір рахаттанатын шығар. Халықтың көбі ауылдан шыққан адамдар ғой? Олар осындай парақшаны көріп, қайтып келмес балалық шақтарын, ауылдағы алаңсыз ескі өмірлерін еске алады деп ойлаймын. Оқырмандардың көпшілігі ауылды сағындық, осындай тәтті сәттерді еске түсіргеніңізге рахмет деп алғыс айтып жатады. Менің мақсатым да сол – ауыл өмірінің жағымды жақтарын көрсетіп, ауылға деген махаббатты ояту.

- Өзіңіз Ақтөбе облысының келіні екенсіз... Ақтөбеде келінге қалай қарайды? Сәлем саласыз ба?

Ақтөбе өңірі, оның ішінде Мәртөк ауданының келіндерінің өмірі рахат қой (авт. кейіпкер күлді). Келін мынаны істеу керек деген қатып қалған қағида, мойнымызға артып қойған міндет жоқ. Үйдің қызындай болып жүресің, орамал тақсаң да, тақпасаң да өз еркің. Шалбар кие береміз, оған да рұқсат. Шектен шығып кетпесе болды, ондай тыйым ештеңе жоқ. Сәлемді тек ет желініп, табақ алған кезде ғана саламыз. Ал күнделікті сәлем салу деген бізде жоқ.

- Ауылдың пысық келіншегі ретінде жас келіндерге айтар ақылыңыз?

Рахмет, дегенмен, елден асып бара жатқан пысықтығым жоқ. Өз тірлігін дөңгелетіп отырған, ауылдың қарапайым келінімін. Егер отбасыңыздан артылып жатсаңыз, өзіңізді дамытыңыз дегім келеді. Қолдағыны қанағат тұтып, осы өміріңізге риза болсаңыз ғана, сіз өзіңізді дамыта аласыз деп ойлаймын. Әйелдер балаларға сөзбен ғана емес, іспен үлгі бола білейік және жанымыздағы ер-азаматтарға шабыт беретін, муза болайық. Әйел ауылда, қалада тұрса, өзінің нәзіктігін, әйел екендігін ұмытпау керек. Ауылдың келіншектеріне айтарым, ауылымызда дамытайық. Малшы, қойшы, тракторшы күйеулерімізді қалаға сүйремейік. Ауылымыздың түтіні өшпесін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1819732-malsy-traktorsyny-kalaga-sjremejik-auyl-kelini-zelide-kalaj-zldyz-boldy/

pixel