Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір ғана тігін машинасымен бизнес ашқан шымкенттік кәсіпкер ару туралы не білеміз?

Опубликовано:

Шымкенттік Шолпан Каримова өзге мамандық иесі атанса да, бала күнгі киім дизайнері болу арманына араға жылдар салып жеткен. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол, өз бизнесін бір ғана тігін машинасымен қалай бастағанын айтып берді.

Фото: Instagram
Фото: Instagram: Instagram

- Шолпан, алдымен қалың оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз? Қай жақтан боласыз? Қай мамандық иесісіз?

Есімім Шолпан Каримова, Шымкент қаласында туып өскенмін. Сол жерде мектепті бітіріп, М.Әуезов атындағы ОМУ-нің халықаралық қатынастар факультетін бітірдім. Оған түсуімнің өз себебі де бар. Негізі Алматыдағы өнер академиясына түсемін дегенімде, ата-анам қарсы болды және әкем тек "тігінші" болып қаласың ба деген соң, сол кездегі танымал факультеттердің бірі – халықаралық қатынастар мамандығын таңдадым. Шыны керек ол кезде дизайнерлік өнер, ательеге деген сұраныс қазіргідей болмады. Қазір бәрі керісінше осы кәсіпке деген сұраныс артуда. Бірақ сол мамандықты бітіргеніме өкінбеймін, себебі сонда алған білімім менің қазіргі таңда екі қалада бизнесімді жүргізуге үлкен сеп болды.

- Сізбен шыны керек желідегі әдемі киім үлгілері арқылы таныстық. Жалпы сән әлеміне қалай келдіңіз?

Болашақта дипломат боламын десем де, өмір мені осы дизайнерлік өнерге алып келді. Бұл салада жүргеніме 4-5 жылдан артық уақыт өтті. Көптеген жұлдыздармен бірге жұмыс жасаймын, одан бөлек жас студенттерге тігу, пішу өнерін үйрететін мектебім бар. Жалпы бір орында тоқтап қалған емеспін. Мәскеу, Санкт-Петербургке барып үнемі білімімді жетілдіріп отырамын. Негізі киім дизайнері болу – бала күнгі арманым болатын. Жалпы бала күнімнен шығармашылыққа жақын, жан-жақты болып өстім. Ең алғашқы топтамам 10 сыныпта жасалған, ол тіпті "Жас ғалым" деген журналдың алғашқы беттеріне шыққан. Ең бірінші тігін машинасын да ата-анам 10-сыныпта алып берген болатын. Жалпы ата-анам мені ешқашан қолымнан қаққан емес, осылай арман қуып, дизайнерлік әлемге бет бұрдым.

- Қазақ дизайнерлерінің киім үлгілері өзге елдердікімен салыстырғанда қымбат деп жатады? Не себепті? Жалпы қазақ дизайнерлерінің туындыларына деген сұраныс қандай?

Бізде себебі шикізат дейді ғой, мысалы мата, фурнитура, жіп өндірілмейді. Кез келген киімді тігіп шығу үшін, фурнитураны біз шетелден аламыз. Мысалы Италиядан келетін мата қымбат болғандықтан, әрине одан тігілетін киім де қымбат болады. Оған қоса ол тауардың кеденнен өтуі, сосын елге келген соң, пішіп, қиюы, тігуі – бәрін есептеңіз. Немесе кейбір кестелеудің өзіне, мәселен Ресейден үйреніп келген корсеттерді кестелеуге екі күннен артық уақыт кетіп қалады. Сондай еңбекпен жасалған дүниені 1000-2000 теңгеге сата салмайсыз ғой? Орташа бағамен қойған күннің өзінде Қазақстанда жаңа дүние болғандықтан, оған тиісті өз бағасын қойғың келеді.

- Дизайнерліктен бөлек, өзіңіз сияқты талантты жастарды кәсібіңізге тартып, оларды оқыту жұмысын да қолға алғансыз. Ол идея қайдан келді? Бәріне жалпы үлгеру қиынға соқпай ма?

Иә мен оны 2015 жылдан бастап қолға алдым. Бұған дейін тек өзім ғана дизайнер болсам екен деп армандайтынмын. Тіпті мұғалім боламын деп өмірі ойлаған да емеспін. Керісінше мектеп кезімнен "Өлсем де мұғалім болмаймын" дегендердің қатарынан едім. Алайда мен 2015 жылы Алматыдан Шымкентке көшіп келген сәтте, шыны керек, Алматыдағы табысым бұл жақтағыдан көбірек болатын. Себебі Алматы мегаполис. Мысалы Алматыда "подгонка" 1000 теңге тұрса, Шымкентте ол бар-жоғы 200-300 теңге тұратын. Сөйтіп 2015 жылы өзімнің киім тіктіретін клиентімнің бірі "Жеке келіп үйренсем" деген ұсыныс айтты. Осылайша бастапқыда бір адамға кейін екі адамға жеке-жеке сабақ бере бастадым. Өзің үйренген бөлек те, ал үйренгеніңмен біреумен бөлісу тіптен басқа екен. Қазір Алматыдағы мектеп өз жұмысын тоқтатты, тек Шымкенттегі мектеп қалды және онда онлайн режимде сабақ жүргіземін. Енді бұл бизнестің көркеюіне шыны керек, әлеуметтік желі, оның ішінде Instagram-ның көп септігі тиді.

- Қазақ дизайнерлері көп бара бермейтін, іш киім үлгілерін тігу жұмысын қолға алыпсыз. Кәсібіңіздің осы бағыты жайлы да айтып берсеңіз? Киімнің бұл үлгісіне де сұраныс бар ғой?

Иә іш киім үлгісі, корсеттер сияқты ерекше киім үлгілерін тігіп, шығаруға 2011-2012 жылдары қызығатынмын. Ол жайлы интернеттен көп оқитынмын, одан кейін Санкт-Петербургқа барып оқып келдім. Себебі бізде ондай курстар жоқ болатын. 2017 жылы мен оқып келген уақытта, көбісі бұл сала жайлы біле бермейтін. Қазір екі жыл ішінде енді-енді дамып келеді. Әсіресе Алматыда жақсы дамуда. Корсет, іш киім тігетін адамдар көбейе бастады. Сұраныс бар ма деген сауалға келсем, мен қарапайым адамдарға арналған киімдерді көп тіге бермеймін. Ерекше үлгідегі киімдерді тігуді жаным қалайды. Мысалы Кәмшат Жолдыбаеваның концертке киетін киімдерінің дизайнерінің авторы әрі орындаушысы болдым. Тіпті тапсырысты да талғаммен аламын, тек ерекше киім үлгілеріне тапсырыс алуға тырысамын, себебі маған ол қызық, ол менің стилім. Тіпті қазақы нақыштағы немесе спорттық үлгідегі киімдерге де тапсырыс ала бермеймін.

- Шырайлы Шымкенттің тумасымын деп айтып кеттіңіз, Шымкенттің қыз-жігіттері неліктен осындай пысық келеді?

Иә рахмет, расымен Шымкенттің қыз-жігіттері тым пысық дегенге келісемін. Себебі өзім де бір тігін машинамен өз кәсібімді бастағанмын. Ал қазір ондай тігін машинасының құдайға шүкір 12-сі бар. Олардың саны тіпті 16 болған еді. 2013 жылдан бастап кәсібімді бастағанымды ескерсем, бәріне өзім қол жеткіздім деп айта аламын. Себебі бизнесіме ата-анам да, ағаларым да көмектескен емес. Бәріне өз күш-жігерімнің арқасында жеттім. Сондықтан онымен келісемін, шымкенттіктер жаңаға ұмтылады, қандай жұмыс болса да одан қашпайды, мүмкін сонысымен пысық келетін шығар.

- Табысты жас кәсіпкер ретінде қазіргі жастарға айтар кеңесіңіз?

Ең алдымен ештеңеден қорықпау керек деп айтқым келеді, қалай да алдыға қойған мақсатқа жетуге ұмтылу керек. Көбі қиындықтарды, кедергілерді көріп, өз бизнесін тастап кетіп жатады. Ол дұрыс емес, бастаған істі міндетті түрде аяғына дейін жеткізу керек.

Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1820212-bir-gana-tigin-masinasymen-biznes-askan-symkenttik-ksipker-aru-turaly-ne-bilemiz/

pixel