Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ҚазҰУ магистранты: "Алма піс, аузыма түс" демей, алдымен соған сай еңбек ету қажет

Опубликовано:

ҚазҰУ-дің биология факультетінің магистранты, мектеп мұғалімі Айдана Берікқызы жас ұстаздардың қандай болу керектігін баяндап берді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол, жастардың бүгінде қандай кітаптарды оқитыны жайлы да әңгіме өрбітті.

Фото: Instagram
Фото: Instagram: Instagram

- Айдана, білуімізше ҚазҰУ студентісіз. Бакалаврда қай факультетте оқыдыңыз? Қазір магистратурада оқисыз, болашақта ғылым жолын қуғыңыз келе ме?

Ия. ҚазҰУ 1 курс магистрантымын. Бакалаврды биология және биотехнология факультетінде, биотехнология мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Қазір осы факультетте биология педагогтерін даярлау мамандығы бойынша жалғастырудамын. Өзім мектеп мұғалімімін. Болашақта ұстаздық жолымды ары қарай тоқтатпау жоспарымда, мүмкін докторантурада білім алуымды жалғастырамын. Себебі, жақсы маман иесі болу үшін білім мен білікті жетілдіріп отыру қажет-ақ.

- Студент кезіңізден университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан сияқтысыз. Бұл қасиет кімнен дарыған? Жалпы қазіргі жастар осыдан он жыл бұрынғы студенттермен салыстырғанда, тым белсенді деп ойламайсыз ба?

Менің ойымша, адам баласы белсенді болуы қажет сонда ғана даму болады. Мектеп қабырғасынан білім алудан бөлек, қоғамдық жұмысқа араласқанды ұнататынмын. "Қоғамдық" деп аты айтылып тұрғандай ондай жұмыстар адамды қоғамда, әлеуметтік ортада өзін ұстауына, өмірге бейімделуіне көп көмегін тигізеді. Қазір белсенді жастар баршылық, оның бір себебі әлеуметтік желінің қарқынды дамуы шығар.

- Әлеуметтік желіге деген көзқарасыңыз қандай? Өзіңіз жиі қолданасыз ба? Жалпы желінің өміріміздің осындай ажырамас бір бөлігіне айналғанға қалай қарайсыз?

Кез-келген дүниенің екі жағы болады емес пе?! Жақсысы-жаманы, пайдасы-зияны, оң және теріс жағы деген секілді. Әлеуметтік желіде солай, бастысы ақпараттық мәдениет сақталса болғаны. Мен де қолданамын, бірақ шектеу қоя білемін өзіме. Тәуелді болудан аулақ болу керек! Біз ысырып тастай алмаймыз, егер пайдасы тиетін, тиімді әлеуметтік желі болса.

- Қазір жастар кітап оқуды қойған деп жатады. Келісесіз бе? Өзіңіз соңғы рет кімнің кітабын оқыдыңыз?

Өкінішке орай, мен өзімді кітапты көп оқитындардың қатарынанмын деп айта алмаймын. Соңғы уақытта өзіңді дамытуға арналған кітаптарды жиі оқып жүрмін. Қуаныш Шонбайдың QnЯ-сын оқып бастадым. Ал, жастар кітап оқуды қойған дегенмен келіспеймін. Мүмкін, өткен жылдарға қарағанда аз шығар. Бірақ оқитын жастар бар.

- Желідегі жазбаларыңызды көріп, мектепте мұғалім болып еңбек етіп жүргеніңізді білдік.. Жалпы жас мұғалім ретінде қазіргі таңда жас ұстаздарға жеткілікті деңгейде жағдай жасалып жатыр ма? Осы жөнінде пікіріңізді білсек деп едік... Бәлкім жас мұғалімдердің жағдайын жақсартуға арналған, ұсыныстар айтарсыз?

Ия, мен мектеп мұғалімімін оны мақтанышпен айтамын. "Жағдай жоқ, үй жоқ, айлық аз" осындай сөздер айтуда ойлану керек сияқты. Алма піс, аузыма түс демей алдымен соған сай еңбек ету қажет. Еңбегіне қарай өңбегі демекші, жасаған жұмысына сай үстемақы қосса, аптасына 1 күнді шығармашылық күнге арнаса, апталық сағат жүктемесін азайтса, пайыздық мөлшері аз деңгейде үй берілсе. Осы секілді ұсыныс тастар едім.

- Болашақ жас ұстаздарға айтар ақыл-кеңесіңіз?

Ұстаз болу үшін бірінші баланы жақсы көру қажет. Жұмысына адал болу қажет. Әр мүмкіндікті бос жібермеу қажет. Мысалы, мемлекеттік грантта оқып жүрсе оқысын, біліктілікті арттыру курсына жіберсе оқысын себебі мемлекет сол үшін қаражат бөлді. Кейде сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай жатқан жастарды тіпті ересектерді көріп ішім ашыйды. Ұстаз - ол мемлекеттің болашағы қолында тұрған, жауапкершілігі мол маман иесі. Оқушыға жай ғана білім беруші емес, өз іс-әрекеті арқылы оқушыға тәрбие беруші. Соны ұмытпауы қажет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1820435-mektep-mgalimi-alma-pis-auzyma-ts-demej-aldymen-sogan-saj-ebek-etu-kazet/

pixel