RU

Әділбек Жақсыбеков футболда әділетсіз ойынға орын жоқ екенін айтты

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков ел біріншілігі мен чемпионаттарына қатысатын клубтарға, төрешілерге, футболшыларға үндеу жасады деп жазады ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Әділбек Жақсыбеков. Фото: ernur.kz
Әділбек Жақсыбеков. Фото: ernur.kz: Facebook

Оның сөзінше, ҚФФ және ҚКФЛ елдегі өткізілетін сайыстарды максималды түрде ашық өткізуге ұмтылады.

Ұйым басшысы дәл осы ішкі чемпионаттар халықаралық аренада Қазақстанды таныстыратын клубтардың деңгейін арттыратынын атап өтті.

"Біздің футболымызды Қазақстанда ғана емес, халықаралық ортада да сыйлайтындай дәрежеге жеттік", - деді Әділбек Жақсыбеков.

Ол өткен жылы қол қойылған "әділ ойын туралы" меморандумды еске түсіріп, барлық қатысушыларды Fair Play қағидаттарын ұстануға шақырды және олардан "қажетті нәтижеге жету үшін түрлі ресурстарды пайдаланудан аулақ болуды" өтінді.

"Команда жетекшілері, жаттықтырушылар, төрешілер, тіпті футболшылар да, егер бұлтартпас дәлелдер табылса, футболдан шеттетіледі деп сендіргім келеді", -деді ҚФФ президенті.

Оның айтуынша, барлық матчтар мұқият қадағаланады. Ол отандық футболда әділетсіз ойынға орын жоқ деп есептейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1820497-dilbek-zaksybekov-futbolda-diletsiz-ojynga-oryn-zok-ekenin-ajtty.html