Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

83 жасында бизнес бастамақ болған алматылық қария ел назарын аударды (фото)

Опубликовано:

Алматыда 83 жастағы қария өз бизнесін бастау үшін арнайы курстан өтіп жүр. Білім алу үшін ештеңенің кедергі еместігін үлгі еткен Сейіткер Медеубаев алдына үлкен мақсаттар қойған. Солардың бірі – отбасы академиясын ашып, бақытты жанұя болудың негізін қалыптастыру. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ақсақал өз өмірі туралы баяндап, сексеннен асқан шақта неліктен бизнеске бет бұрғанын түсіндірді.

«Мен 1937 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы Жиделі кеңшарында дүниеге келдім. Екі ғасырдың куәгерімін. Кішкентайымда көп ауырып, мүгедектің күйін кештім.

Мектепті аш-жалаңаш, кісі есігінде жүріп оқыдым.Ал орта мектепте орыс-неміс тілінен үлгерімім тіптен төмен болды.

Сондықтан жоғарғы білім алу үшін Алматыға бармай, Семейдегі тері мектебін бітірдім.

Еңбек жолын Бақанаста меңгеруші болып бастап, түрлі қызметтер атқардым. АЗВИ-дің аспирантурасын бітіріп, әлемде жоқ жаңалық аштым.

Қолөнер мен аңшылық та қолымнан келеді. Шипагерлігім де бар.

Негізінен, ауыл шаруашылық саласында еңбек еттім. Ал 1988 жылдан бері жеке кәсіпкермін. Бірақ кәсіптің тілін дұрыс білмегендіктен, біраз қиындыққа ұшырадым. Бүгінде бизнес бастау үшін білім алып жүрмін», - дейді қария.

Сейіткер ақсақал жұбайымен 63 жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Бүгінде екі баласы зейнеткерлік демалысқа шықса, төрт немересі халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келген.

«Асыл жарым Жамалмен 63 жылдан бері біргеміз, құдайға шүкір. Қарттықтан басқа айыбымыз жоқ, денсаулығымыз да жақсы.

Алты баладан отыз шақты немере-шөбере сүйіп отырмыз. Үлкен екі қызым зейнетке шықты. Ал төрт немерем АҚШ, Швеция, Англия және Малайзия мемлекеттерінде білім алып, елге оралып, еңбек етуде.

Бүгінде бәрінің өз отбасы бар. Өзім Тимур есімді немеремді мақтан тұтамын. Спорт шеберлігіне үміткер, Францияда ағылшын тілі олимпиадасынан екінші орын алып, қуантты», - дейді ақсақал.

Сейіткер Медеубаев бизнес бастау курсын аяқтаған соң, қандай кәсіпті қолға алатынын айтты. Бүгінде 83 жастағы қария бірнеше кәсіпті дамыту үшін еңбектенбек.

«Көпшілік жасы сексеннен асқанда оқу оқып, бизнеске қызығып жүр дейтін шығар. Мен негізі кәсіпті әу баста қолыма алғанмын. Тек дұрыс тетігін таппадым. Ал үйренуге ешқашан да кеш емес.

Біздің заманымызда информатика болған жоқ. Бүгін арнайы курс арқылы ұялы телефон қолдануды, интернетті пайдалануды үйреніп жүрмін.

Интернетке өз бетіммен әлі де кіре алмаймын. Бірақ төзім көрсетсем, мұны да жеңемін. Бұйырса, отбасы академиясын ашқым келеді. 63 жылдық тәжірибе бар.

«Жан жарастығының құпиясы» атты кітабымды да жазып бітіруге таядым. 3761 отбасының өміріне зерттеу жасалған кітапта.

Бизнес армандарымның қатарында ауыл шаруашылық және шипагерлікке, қолөнерге қатысты көптеген идеялар бар. Солардың бірін жақсылап дамытарым анық.

Ісім алға басу үшін, қазіргі заман технологияларын үйреніп жүрмін», - дейді қария.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1820898-eskasan-kes-emes-83-zastagy-almatylyk-karia-biznes-bastau-sin-bilim-aluda-foto/

pixel