RU
Араққа салынған күйеуінен қорлық көрген көпбалалы ана ел алдына шықты
Жаңалықтар Қоғам

Араққа салынған күйеуінен қорлық көрген көпбалалы ана ел алдына шықты

Рассказать Вконтакте

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылында тұратын Раушан Жүнісбекованы күйеуі көк-ала қойдай сабап, оған күн көрсетпейді. Балаларын да аямайды. Араққа жақын жолдасы ішіп келіп, үйде қырғын салады екен. Ерінен көрген қорлығы есіне түссе, жеті балалы ана егіліп жылайды деп жазады "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Раушан Жүнісбекова. Видеодан кадр

Раушан Жүнісбекова. Видеодан кадр

Жолдасы ішіп келсе, ақыл-есінен айырылып, әйелін бала-шағасымен қосып сабайды. Әйелдің сөзінше, аяусыз тепкіден жанын аман алып қалу үшін көршінің қорасы мен үйдің шатырына шығып кетуге мәжбүр. Жасы 45-ке келген әйел бұдан арыға шыдай алмаймын дейді.

"Жас кезімде шыдағанмын бәріне, қазір жасым 45-ке келді. Денсаулығым болмай қалды, бала-шағам үшін бәріне де көндім. Бірақ бала-шағамды ұрғанына шыдай алмаймын", - деді Раушан.

Раушанның айтуынша, күйеуінің мінезі шатақ, себепсіз соққының астына алады. Осы уақытқа дейін балалары үшін көніп келген келіншек, күйеуінің қол көтеруі үйленгеннен соң бір жылдан кейін басталғанын айтты. Тіпті, жанып тұрған ағашпен басынан ұрған соң, шашы да шықпай қалыпты. Қанша азап көрсе де күйеуін құқық қорғау органдарына беруге асығар емес.

"Оны полицияға бергенде ешнәрсе өзгермейді. Милицияға берген күнде де бір жыл, екі жыл отырамын, қайтып шыққан соң өлтіремін деп қорқытады", - деді келіншек.

Әкесінің тепкісіне шыдамаған Раушанның үлкен қызы Назерке мектеп бітіре салысымен тұрмысқа шығып кетіпті. Отбасының тұңғыштары безбүйрек әкеден көрген қорлықтарын айтып берді.

"Әкемнің қорлығына шыдамай, құтылу үшін тұрмысқа шығып кеттім. Ұрды, тепті. Мамамның көргенімен бірдей көрдім ғой мен де. Маманы ұрып жатқанда ажыратамын деп араға түскенім үшін маған жағаласпа деп мені де ұрған. Ес білгелі сол көргенім таяқ", - деді Назерке.

Раушан Жүнісбекова күйеуімен емен-жарқын құшақтасып, қашан сүйіскенін де білмейді. Мүлдем есінде жоқ.

"Қасына жатпай қалсам, бітті, таяқ жейсің. Сенің басқа біреуің бар, неге жаныма жатпайсың деп, тек боғауыз сөздер айтады. Көңілім әбден қалып кеткен, қорыққанымнан ғана жатамын", - деді Раушан.

Раушан Жүнісбековаға қазір "Самғау сенім" орталығында тұрып жатыр. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны ретінде танылып, орталықта алты ай тұруға мүмкіндік алған. Күйеуімен ресми ажырасқан.

Сот шешімімен алимент өндірілуі керек болған. Алайда жолдасының тұрақты жұмысы болмағандықтан әлі төленбепті. Арнайы орталықта енді ол небәрі екі ай ғана тұра алады. Одан соң келіншек қайда барып, нестерін білмейді.

Сіздің реакцияңыз
4
0
0
19
0
1
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel