RU
"Жарты төсі көрінеді": Белгілі блогер ашық иықты көйлек киетін келіндерді сынады

"Жарты төсі көрінеді": Белгілі блогер ашық иықты көйлек киетін келіндерді сынады

Рассказать Вконтакте

Желіде 60 мыңға жуық оқырман жинап, өзінің қыз-келіншектерге деген ақыл-кеңесімен бөлісіп жүрген қызылордалық Ақтолқын Құлбекова тойында ашық иықты көйлек киетін қыздарды түсінбейтінін айтты. Блогердің сөзінше, бұрындары жаңа түскен келін тіпті қайын аға, қайын апайларының атын да атап көрмеген. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол жас келіндерге айтар кеңесімен де бөлісе кетті.

Фото: Instagram

Фото: Instagram

- Ақтолқын, желідегі парақшаңыздың атауына қарап, Қызылорданың тумасы деп болжадық. Жасыңыз нешеде? Қанша бала тәрбиелеп отырсыз?

Иә, Қызылорда өңірінің тумасымын. Есімімнен де Сырдарияның ақ толқындары толқып тұр. Киелі Таразға келінмін. Қазіргі таңда Алматы қаласында тұрамыз. Жасым алдағы қараша айында 38-ге толады. Алла берген екі қыз, бір ұлымыз бар.

- Желідегі оқырмандар саны 60 мыңға жуықтап қалыпты. Соған қарап көпшілік сізді оқиды деп айта аламыз... Не себепті? Оқырмандар санын қалай көбейттіңіз?

Инста-парақшамды 2015 жылы ашқан болатынмын. Ол кезде дұрыс қолдануды да білмеймін. Ашқаным болмаса сурет те салмайтынмын, жай анда-санда ашып қарап қоямын. Сонда нені, қалай көру керек екенін де ұқпайтынмын.

Кейін елден ананы-мынаны естіп, блогер деген жаңа ұғыммен танысып, инстаграмға ден қоя бастадым.

Бір күні инстада танысқан Ақсұңқар құрбым бір порталға әңгіме жазуыма ұсыныс жасап, редакторының нөмірін берді. Содан қысқа-қысқа өмірде болған, өзім куә болған әңгімелер жазып жіберіп жүрдім. Кейін сол әңгімелерді өз парақшама сала бастадым.

Өзіңіз көріп отырғандай, қазір 60 мыңға жуықтап қалдық. Қазір әңгіме жазуға шабыт жоқ, дегенмен көп жағдайларға қатысты өз ойымды білдіріп отырамын.

Оның үстіне кейде қайырымдылықпен де айналысамын. Оқырманға жазғаным ұнаған соң оқып отыр деп ойлаймын...

- Осынша оқырманыңыз болса, блогерлікпен айналысасыз ғой? Қазір блогерлердің жақсы табыс табатынын білеміз. Өзіңіз де жарнама жасап, желі арқылы "айлық" аласыз ба?

Иә, блогерлікпен айналысып жақсы табыс тауып жатқандар жетерлік. Мен өзімді керемет блогермін деп айта алмаймын. Кейде инстаграмды жауып тастағым да келетін кезім болады. Өз парақшамды табыс көзі ретінде толық қолданып жүрген жоқпын. Дегенмен аздап жарнама жасап тұратыным бар.

- Өткенде бір постыңызда "иығы ашық той көйлегін қаламаймын" дегеніңізде, елдің пікірі екіге айырылған екен... Жастар жағы әлі күнге дейін ашық-шашық киінуге әуес. Соның бәрі неден деп ойлайсыз?

Иә, той көйлегін ашық етіп киген дұрыс емес деп санаймын. Пікір жазғандардың 98 пайызы менімен келісті. Тек екі адам ғана өмірлерінде бір рет болатын тойға қалағандарын киген дұрыс депті.

Бұл сол пікір жазушылардың терең ойламауынан деп ойлаймын, бірақ кінә да тақпаймын. Мұның бәрі сайып келгенде тәрбиеге байланысты. Мені әжем тәрбиелеген.

Мен өскен ауылда қайын аға, қайын әпке, қайын сіңлі дегендердің атын атамайды, алдарынан кесіп өтпейді. Сондай тәрбиені көріп, "ұят боладыны" ұғып өскенімнен шығар, мен үшін тойда олай киіну әбестік көрінеді.

Болашақ ұрпағымыз дұрыс болсын десек бесіктен тәрбиені қолға алу керек. Сонда инабатты қыз, ибалы ұл көбейер еді. Жарты төсін көрсетіп, ортаға шығып секеңдеп билеп, үлкен ата-апалардың көзінше жабысып сүйісетіндер азаяр еді.

- Блогерлікке қатысты тағы бір сұрақ: көпшілік жақсы пікірмен бірге кейде сын да айтып жатады. Ондай пікірлерді қалай қабылдайсыз?

Негізі адам өзі қандай болса, тура сондай оқырмандар жиналады. Мен еш жерде ешкімге жағымсыз пікір жазбаймын.

Оқырмандарыммен "Бақытты жандар" деп амандасамын. Себебі бақытты жандар ешқашан жағымсыз нәрсе жазбайды. Маған жазылатын пікірлерді оқысаңыз негатив табу қиын.

Ілуде бір жазылып қалады, бірақ мен оны қабылдаймын. Жүйкемді сол үшін жұқартқым келмейді.

Кейде ойлап қоямын "маған неге негатив жазбайды елдер" деп, ол арқылы да хайп жасайды екен ғой кей адамдар.

- Бір отбасын ұйытып ұстап отырған аяулы жар ретінде жас қыз-келіншектерге айтар ақылыңыз?

Ешқашан біреудің өмірін талқыға салмаңыздар. Келген қиындықты күліп қарсы алыңыздар, сонда ол қашып кетеді. Өмірде не нәрсені де жеңіл қабылдап үйрену керек.

Егер олай жасамасаңыз, қазір барып жүрген небір психологиялық тренингтеріңізден де еш пайда жоқ. Өзіңді жақсы көру керек, бірақ сені өзгелер жақсы көруге міндетті емес.

Істеп жүрген ісің өзіңе ұнауы керек, ұнамаса таста. Қазіргі таңдағы актуалды тема енені жеңу үшін емес, жақындасу үшін әрекет етіңдер.

Ертең өздерің де ене болатындарыңды ұмытпаңдар дегім келеді. Бақытты болайық, ол өз қолымызда, әркім өз тағдырының суретшісі!

Сіздің реакцияңыз
1
0
0
0
1
8
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel