Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өлімге қалай қиясыз": Атыраулық ақын сәбиді тоңазытқышта өлтіргендерге ашынды

Опубликовано:

Атыраудағы перзентханалардың бірінде тоңазытқышта көз жұмған нәрестенің өлімі күллі елді дүр сілкіндірді. Дәрігерлердің күдікті ісіне қатысты тиісті жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр. Қоғам белсенділері мен жанашыр жандар да бейжай қалмай, өз ойларын желіде ашық жеткізуде. Осы орайда атыраулық ақын, журналист Ерболат Қарақойшы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында жантүршігерлік жайт туралы пікір білдірді.

"Өлімге қалай қиясыз": Атыраулық ақын сәбиді тоңазытқышта өлтірген дәрігерлер ісіне ашынды
Ерболат Қарақойшы. Фото: instagram: Instagram

Ақын жігіт елімізде болып жатқан түрлі оқиғаларда азаматтық көзқараспен белсенділік танытып, желіде өз ойларымен бөлісіп отырады.

Бұл жолы да Ерболат "Қоғамның осындай күйге түсуіне кім кінәлі? Біз неден қателестік?" деген сұраққа ашына жауап берді.

"Мәселе неде? «Адамдықта» ма, мамандықта ма, әлде антқа деген адалдықтан ба?

Құрсақта тән беріп, жүрегін соқтырып, жан беріп, ата-анасы күн-түні тіленіп тұрғанда, Алла өзі дүниеге жіберіп тұрғанда, біреудің өміріне балта шабатын, құжат үшін өліктің қатарына арта салатын қандай қатігездік?

Біреудің ғұмырын қылдай кесе салу, тағдырды телефонмен шеше салу деген...", - деп қынжылды ол.

Қоғам белсендісі қатыгездіктің құрбаны болған сәби "ажалдың тұсауында емес, анасының құшағында болуы керек еді" дейді.

"Періште сәби тірліктегі тынысын жаңа ғана алып жатыр, кішкентай сығырайған көздерімен мына дүниені танып жатыр. Ал келесі бөлмеде жаңа ғана босанған ана байғұстың әл-дәрмені бітіп жатыр, бірақ сонда да иіскегісі кеп сәбиін күтіп жатыр.

Бір бөлмеде анасы, бір бөлмеде баласы, бірақ қатігездік бөліп тұр, екеуінің арасын. Ол сәби ажалдың тұсауында емес, анасының құшағында болуы керек еді.

  • Ойлап қараңызшы, жаңа туылған кішкентай шақалақ аяғы қыбырлап, кішкентай қолдары жыбырлап жатыр. Сіз сондай тіршілік иесін өлімге қалай қиясыз?
Қоғамда пенденің құны жоқ болып кетті ме, әлде қазақтың саны тым көп болып кетті ме? Адамның өмірінен құжаттың мөрі маңызды ма?, - деген ол жантүршігерлік жағдайға жол берген дәрігерлер туралы сөз қозғады.

"Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда бұл жағдай ақ халаттыларға қара дақ жағып берген қайғы болды. Алла сабыр берсін!

Біз педофильден қорықтық «баланы зорлайды» деп, сектанттан қорықтық «алдайды, арбайды» деп, енді дәрігерден қорқамыз ба «өмірімізді жалмайды» деп... Біз білетін дәрігер деген өмірді жалмаушы емес, Алланың қалауымен жалғаушы емес пе еді", - деп аяқтады сөзін Ерболат Қарақойшы.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысы перинаталды орталығының басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, дәрігерлер нәресте өлімі фактісін жабу үшін пара бермек болған.

Перзентхананың бас дәрігері адам өлтірді деген күдікпен тұтқындалды.

Сонымен қатар, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева өз қызметінен кеткені туралы хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1823005-limge-kalaj-kiasyz-atyraulyk-akyn-sbidi-toazytkysta-ltirgen-drigerler-isine-asyndy/

pixel