Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрылысшыдан YouTube жұлдыздарына дейін: PAZL арнасын жүргізетін үш ағайынды жігіттің хикаясы

Опубликовано:

Әли, Әділ және Алмас есімді үш ағайынды бауырлар - Youtube желісіндегі 844 мыңнан аса адам үзбей көретін "Pazl" арнасының негізін қалаушылар. Құрылысшы мамандығын тәмамдаған өскемендік үш жігіттің мүлдем басқа салаға бет бұрып, танымал әлеуметтік желіні негізгі табыс көзіне айналдыруының сыры неде? Олар мұндай нәтижеге қалай жеткенін KAZ.NUR.KZ материалынан біле аласыздар.

27, 26 және 23 жастағы бауырлар қазіргі таңда аса танымал қазақ тілді Youtube арнасын 2017 жылы ашқан. Оған дейін тек орыс тілді жобаларды жүргізіп келген ағайындылар ана тілінде сапалы өнім шығаруды мақсат еткен.

"Pazl-ды ашу идеясы үшеумізге де келді. Неге қазақша істемеске деп ойладық. Жазылушылар саны мен қаралым мөлшері уақыт өте көбейе бастады. Шамамен үш айда бізді қарайтын адамдардың саны артты. Алғашқыда мыңға жету өте қиын болды. Бұл санды бағындырған соң, біз күнделікті түрде видео сала бастадық" , - деді Әли Даутқанов.
Әділ Бахытов пен Әли Даутқанов. Фото: NUR.KZ
Әділ Бахытов пен Әли Даутқанов. Фото: NUR.KZ: Original

"Pazl" арнасы өз көрермендерін үнемі әлемдегі түрлі қызықты оқиғалар мен фактілермен қамтамасыз етіп отырады.

"Негізі Youtube желісінде музыка, қызықты мәліметтер мен соңғы жаңалықтар көп қаралым жинайды. Біз әрине, соңғы жаңалықтар болмайды. Көбінесе біз түрлі қызықты мәліметтерді қазақша беріп отырамыз. Халық қызығушылығын тудыратындай ақпараттарды біз түрлі шетелдік сайттардан аламыз. Мұндай жаңалықтар қазақ тілінде жоқтың қасы. Сол себепті, біз интернеттегі аудармашының көмегіне жүгініп, пайдалы әрі қызықты фактілерді көрермен назарына ұсынамыз" , - деді Әділ Бахытов.

Ағайынды бауырлар бастапқыда құрылыс саласындағы жұмысымен әлеуметтік желідегі қызметін қатар алып жүрген.

Алайда, уақыт өте олардың арнасына қызығушылық арта түсіп, жұмыс көбейгендіктен олар құрылыс саласын тастап кетіпті.

"Командамызда үш-ақ адамбыз. Бәрін үлгеруге тырысып жатырмыз. Басында Әли немесе Алмас жұмыста болғанда мен жасайтынмын. Олар үйге келген кезде ары қарай жалғастыратын.

Бірақ, қазіргі таңда үшеуміз де құрылыс саласын тастап, тек Youtube-пен айналысып жатқан жайымыз бар.

Бізді әр түрлі жастағы адамдар қарайды. Себебі, қызықты мәліметтер видеолары жас талғамайды. Олар қай жастағы адамға болсын қызықты болып тұрады.

Оған қоса, бізді Моңғолия мен Өзбекстан мемлекетінен тамашалайтындар да бар. Бірақ, статистикаға сәйкес біздің арнамызды үзбей көретіндердің басым көпшілігі оқушылар болып келеді" , - деді Әли.

Бүгінде Әли, Әділ және Алмас "Pazl"-дан бөлек тағы да бірнеше арнаны қоса жүргізіп жүр.

Оның әрқайсысына видео жүктеу үлкен еңбекті қажет етеді дейді олар. Олар әрбір арнаға айына шамамен төрт бейнежазба жүктеп тұрады.

Желіде жұмыс істеудің басты кемшілігі ретінде ағайындылар уақыттың тапшылығын айтты.

"Бала кезімізден біз осындайды армандайтынбыз. Біреуге бағынышты болып жұмыс істегіміз келмеді. Не қалайсың соны жасау, видео түсіру деген сияқты.

Сол себепті, өз арманымызға жеттік десек болады.

Youtube бізге айтарлықтай көп табыс әкелмейді. Үш адамның орташа жалақысы, яғни айына 350-400 мың теңге аламыз. Бұл сомманы үшке бөліп, әрқайсымыз аламыз" , - деп ағынан жарылды жігіттер.

Әлеуметтік желінің қыр-сырын меңгерген азаматтар бүгінде Youtube-та жеңіл әзіл мен той бағытындағы видеолардың қаптап кеткеніне шүйлікті.

"Қазір бәрі бір-біріне ұқсас болып кетті. Өз ерекшелігін жоғалта бастады. Сол жағы қынжылтады" , - деді Әділ.

Ағайынды жігіттер бір видеоны жасап шығаруға төрт күн бойы тынбай еңбектенеді.

Қазіргі уақытқа дейін 300-ден астам бейнероликтер жариялап үлгерген олар көбіне бұған дейін болмаған жаңалықты іздеуге көп уақыт кететінін айтты.

"Қайталанып кетпеуін қадағалап отырамыз. Идея табу өте қиынға соғады. Өзіміз шығарған видеоларға да, шетелдік видеоларға да ұқсамау керек. Үнемі іздеу үстіндеміз" , - деді бауырлар.

Қазіргі таңда жігіттер өз үйінде жұмыс істейді. Алайда, болашақта жеке кеңсе ашып алуды армандайтындарын жасырмады.

Әли, Әділ мен Алмастың бұл бастамасын ата-анасы қолдап, тіпті кейде өз көмегін де беріп тұратын болып шықты.

"Жасайтын дүниең алдымен саған өзіңе ұнау керек. Сен тек қана халыққа жағымды нәрсе жасай бермеуің керек. Себебі, өзіңе ұнайтын дүниені сен жақсы көріп тұра, беріле жасайсың.

Бүгінде Youtube көпшілікке жаңа дем берді десе болады. Өйткені, телевизиялық стиль халыққа мезі болды, адамдар одан жалықты.

Ал, Youtube-тегі видеолар әрдайым қолжетімді, қажетті нәрсені көре аласың.

Біздің бұл жұмысымызға ата-анамыз өте жақсы қарайды. Барынша қолдау көрсетеді, уайымдайды. Әрбір кері пікірге алаңдайтындары да бар.
"Мына видео аз лүпіл жинапты ғой" деп ескертіп те тұрады. Айта кетерлігі, біздің балаларға арналған арнамыздың жүргізушісі ретінде анамызды қойып қойдық" , - деді олар.

Ағайындылар "Pazl" жобасын ашарда тек табысты көздемегенін айтты. Оларға алдымен, өз аудиториясының ризашылығы мен халыққа өтімді дүниелер жасау әлдеқайда маңызды.

Өз көрермендерін екінші отбасындай санайтын бауырлар жарнама жасарда да, бәрін таразыға салып ойланатындарын жеткізді.

"Жарнамалық ұсыныстарды жіті тексереміз, асқан байыппен қараймыз. Келіп түскен ұсыныстардың 95 пайызын кері қайтарып тастаймыз. Әсіресе, букмекерлік кеңселердің жарнамасын қабылдамаймыз.

Блогинг бізге бала кезімізден ұнайтын іс. Сүйікті ісімізге жауапкершілікпен қараймыз.

Меңзегеніміз ақша емес. Біз өз аудиториямызды аса қатты бағалаймыз. Сол үшін оларға сенімсіздік тудыратындай жарнамаларды жасаудан аулақпыз" , - деді Әли.

Алдағы уақытта үш бауыр "Pazl бөлшектері" деп атап кеткен көрермендерімен кездесу ұйымдастыруға ниетті екендерін айтты. Олар еңбектерін бағалап жүрген жандармен қауышып, пікір алмасқысы келетінін жеткізді.

Бүгінде тек үш адам болып қызмет ететін жігіттер болашақта командасын ұлғайтып, бұдан да үлкен жобаларды іске асыруды мақсат етуде. Олар Youtube тарихында өз ізі мен мұрасын қалдырмақшы.

Әділ Бахытов пен Әли Даутқанов. Фото: NUR.KZ
Әділ Бахытов пен Әли Даутқанов. Фото: NUR.KZ: Original

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1823118-krylyssydan-youtube-zldyzdaryna-dejin-pazl-arnasyn-zrgizetin-s-agajyndy-zigitti-hikaasy/

pixel