RU
"Құрдымға беттеп бара жатыр": Бекболат Тілеухан Білім министрінің хатшысы болуға дайын екенін мәлімдеді
Жаңалықтар Қоғам

"Құрдымға беттеп бара жатыр": Бекболат Тілеухан Білім министрінің хатшысы болуға дайын екенін мәлімдеді

Рассказать Вконтакте

Бүгін мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеухан орта білімнің сапасы төмен екеніне баса назар аударып, білім және ғылым министріне бұл жағдайды өзгертуге өтініш жасады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бекболат Тілеухан. Фото: parlam.kz

Бекболат Тілеухан. Фото: parlam.kz

Депутат орта білім бағдарламасындағы кейбір тапсырмаларды оқушылар түгіл, ата-аналар да түсінбейтінін алға тартты.

"Жасыратыны жоқ, орта білімдегі сорақылық, оқулық мәселесі қоғамның титығына әбден тиіп бітті. Бала түгіл, ата-ана түсінбейтін тақырып, шешілмейтін есеп қоғамда қандай сынға ұшыраса да, қандай нарызылыққа тап болса да, міз баққан жүйе жоқ. Мазақ па, енжарлық па, оны түсінбедік.
Қазіргі ішкі жүйені өзгертпесе, оқулықтар шығарудағы жүйені шірік деп батыл айтуыма негіз бар. Біз ұрпақты азаптап жатырмыз. Бір есепті бала емес, әке-шешесі шығара алмай отырған мұндай білім жүйесі барып тұрған қаскөй жүйе. Сорақылыққа жауап беретін нақты ешкім болған жоқ", – деді халық қалаулысы.

Ол сондай-ақ мектептер пен мұғалімдер дайындайтын оқу орындары арасында байланыстың жоқтығын тілге тиек етті.

"Мұғалім қайдан шығады? Ол университеттен шығады. Мектептің тірегі – мұғалім, мектептерде білім сапасын арттыру мұғалімнің кәсіби біліктілігімен өлшенеді. Ал кәсібилікті арттыратын, біріншіден, жоғары оқу орны десек, екіншіден, қайта білім беру, жетілдіру институттары.
Ал сіз білесіз бе, қазіргі кадр дайындайтын жоғары оқу орындарының кітапханаларында жаңартылған мазмұндағы мектеп оқулықтары жоқ. Үкімет сағатының алдында арнайы барып, көз жеткізіп келдім. Мұғалім даярлайтын оқу орындарында қазіргі мектеп оқулықтары міндетті түрде болуы керек қой", – деп ашынды Бекболат Тілеухан.

Сонымен қатар, ол қыруар қаржыға сатып алынған цифрлық зертханалардың бостан-бос пайдаланылмай тұрғанын атап өтті. Айтуынша, зертханаларда істейтін білікті маман жоқ.

"Олардың бәрі мелшиіп, бостан-босқа ақша ұстап тұрғанын көргенде, ішің удай ашиды", – дейді депутат.

Халық қалаулысы осыған байланысты вице-премьер мен білім министріне өтініш жасады.

"Бүгінгі білім жүйесін қарап отырсақ, құрдымға беттеп бара жатыр. Қай жағынан келсек те, сын көтермейді. Сондықтан жүйені түбегейлі қайта қарау керек. Оқулық шығару жүйесін, мұғалімдер даярлауды қайта қараған жөн.
Бердібек Мәшбекұлы, сізге сенеміз. Бүкіл халық өзіңіздің бетіңізге қарап отыр. Асхат, жақсы жігітсің, азаматсың. Енді осы мәселелерге қажыр-қайратпен кірісейікші. Сенен жасым да, тәжірибем де аз емес. Тап осы мәселе шешілетін болса, депутаттық мандатымды беріп, сенің қабылдау бөлмеңе көмекші, хатшы болып баруға дайынмын", – деді Тілеухан.
Сіздің реакцияңыз
4
0
0
0
2
27
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel