RU
Тоқаевтың жаңа әліпбиге неге көңілі толмағаны белгілі болды

Тоқаевтың жаңа әліпбиге неге көңілі толмағаны белгілі болды

Рассказать Вконтакте

Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әліпбиде олқылықтар бар екенін айтып, оны жетілдіруге тапсырма берген болатын. Осыған байланысты мәдениет және спорт министрлігі мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com

Көрнекі фото: pixabay.com

Бұл туралы мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында айтты.

Оның сөзінше, жаңа әліпбиді жасау барысында ғалымдар мен халықтың пікірі ескерілді.

Бірақ латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіндегі әріптерді клавиатураға енгізген кезде қиындық туындаған.

Кемшіліктер апробациялық жұмыстарды жүргізу кезінде белгілі болды.

Дауешов әріптер юникод стандарттарына сай болуы қажет екенін білдірді.

Ол әліпбиді жасаған кезде әріптердің клавиатурада қалай таңбаланатынын білмегенін жеткізді.

"Әріптерді клавиатураға енгізіп, жергілікті атқарушы органдары және lenovo компаниясымен бірге тестілеу режимінде сынақ өткіздік", - деді вице-министр.

Оның айтуынша, қорытындыға сәйкес, түрлі кедергілер тудыратын әріптер болған.

Себебі, ол әріптер юникод стандарттарына сай келмейтін болып шықты.

Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы Анар Фазылжан латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің соңғы нұсқасында диграфтарға қатысты мәселе туындағанын ашық айтты.

"Дау шығарып отырған – диграф әріптер. Диграф әріп – бір дыбысқа алынған екі әріптің тіркесі. Әліпбиімізде ондай 2 әріп бар. Ол – ш (sh) және ч (сh) әріптері. Олар сауалнама және халықпен пікір алмасу барысында көп сынға ұшырады. Сондай-ақ бұл әріптермен жазылған сөзді халық қате оқыды", - деді ғалым.

Тіл маманының сөзінше, арнайы сауалнама жүргізіліп, оған 3 мыңнан астам адам қатысқан.

Нәтижесінде халықтың басым бөлігі ш (sh) және ч (сh) диграф әріптерімен жазылған сөзді қате оқығаны анықталған.

"3 мыңнан астам адам қатысқан сауалнамада shema (схема) деген сөзді халық "шема" деп оқыған. Әсіресе, мектеп оқушылары. Осындай тұстары бар. Енді І (и) мен І (і)  бас әріптерінің ноқаты екеуінде де жоқ. Сондықтан Ine (ине) деп жазылған сөзді адамдар "іне" деп оқуы мүмкін. Сондай-ақ Іshik дегенді "ишик" деп оқу қаупі бар. Осындай қауіптердің алдын алу үшін президентіміз әліпбиді реттеңіздер деп отыр", - деді Анар Фазылжан.

Оның пікірінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өте білімдар және лингвистикалық білімі өте жоғары деңгейде.

Сөз соңында тіл маманы латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің емлесі 90 пайыз дұрыс екенін, алайда кемшіліктер бар екенін атап өтті.

Ал Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Асқар Әлібек бұл мәселені шешу барысында халық пен ғалымдардың пікірі ескерілетінін жеткізді.

Сіздің реакцияңыз
2
0
0
0
0
1
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel