Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

200 теңгені тиынға айналдырудың мәні неде: Экономистер пікір білдірді

Опубликовано:

2020 жылдан бастап 200 теңгелік қағаз ақша темір монетаға айналады. Ұлттық банк мұны қағаз ақшаның тез тозуымен түсіндіріп отыр. Банкнотаны тиынға алмастыру шешімі жөнінде экономистер де пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Көрнекі сурет: NUR.KZ
Көрнекі сурет: NUR.KZ: Original

Белгілі экономист Мақсат Халық қағаз ақшаның тиынға ауысуын инфляцияның салдарымен байланыстырып отыр. Оның айтуынша, бұл теңгенің құнсыздануынан орын алып отырған процесс.

"Бұл әлемдегі қағаз ақшасы бар елдердің көпшілігіне тән құбылыс. Ең алғаш теңге шыққан кезде, қазіргі тиындардың өзі қағаз ақша болатын. Кейінірек теңгелеріміз тиынға айнала бастады. Біраз уақыт бұл тенденция сақталды. 20 мың теңгелік банкнота пайда болған кезде-ақ, халық арасында енді 200, 500 теңге де тиынға айналады деген пікір тараған еді. Яғни, елде саналы түрде дайындық болды.
Десе де, ұлттық банк бұл үрдісті кешеуілдетті. Кім білсін, теңге еркін айналымға өтіп, девальвация орын алып жатқан кезде, 200 теңгені тиынға айналдырып жібергенде, халыққа саналы түрде ауыр тиер ме еді. Сондықтан бұл процесті кейінге қалдырған болар", – деп пайымдады экономист.

Ол соңғы кездері ұсақ ақшаның тапшылығы да 200 теңгелік монетаның айналымға енуіне түрткі болды деп есептейді.

"Қағаз ақша айналымнан тез шығып қалады. Жыртылады, тозады. Ал монетаның бір жақсы жері ұзақ уақыт қызмет ететінінде. Осы тұрғыдан алып қарағанда, 200 теңгені тиынға алмастыру тиімді", – деді Мақсат Халық.

Экономист келешекте 500 теңгенің де тиынға ауысу мүмкіндігін тілге тиек етті.

"Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бұл "500 теңгеміз де тиын-тебенге айналды" деп байбалам салатындай қорқынышты процесс емес. Ол, ең бастысы, теңгенің ұзақ мерзімді процесте стратегиялық тұрғыдан құнды болуына жәрдемдесу деп айтқым келеді. Сол маңызды. Елдегі ішкі өндіріс, экономиканың нақты секторы дамыса, теңгеміздің құны бойында сақталады. Сондықтан мемлекет тарапынан экономиканың нақты секторына баса назар аударылуы керек", – деп санайды ол.

Ал экономист Мақсат Серәлінің пікірінше, 200 теңгелік монетаның айналымға енуі ұлттық валютаның құнсызданғанын білдіреді.

"Қазір тауар мен қызмет, тұрғын үй нарығы болсын, кез келген жерде бағаның өскені байқалады. Бұл жасырын емес. Бағаның көтерілуі – теңге әлсірегенінің көрінісі", – дейді ол.

Сарапшы ұлттық банк үшін қағаз ақшаны тиынға ауыстыру экономикалық тұрғыдан тиімді екенін жеткізді.

"200 теңге халық арасында ең көп тараған ақша. Тиісінше ол тез тозып, жылдам ескіреді. Сол себепті оны тиынға айналдырған әлдеқайда тиімді. Темір болғандықтан, тозбайды. Қағаз ақшаға қарағанда айналымда да ұзақ жүреді. Бұл бір. Екіншіден, қазір қағаз ақшаны басып шығарудың өзі шығын. Ұлттық банк осы мәселелерді саралап, 200 теңгені тиімді шығару туралы шешім қабылдады деп ойлаймын. Өз басым, мұны дұрыс деп санаймын. Меніңше, қағаз ақшаны монетаға айналдыру қаржы үнемдеудің де жақсы бір құралы", – дейді экономист.

Ол 200 теңгелік монетаның дизайны қандай болу керек екенін халық шешу керек деп есептейді.

"Ұлттық банк халыққа кем дегенде 4-5 нұсқа ұсынса, халық ұнағанын таңдап алар еді. Бұл жерде ұлттық банк ұтпаса, ұтылмайтыны анық", – деген Мақсат Серәлі ең алғашқы теңгеде бейнеленген тарихи тұлғаларды қайтару қажет деп санайды.
"Кезінде әл-Фараби, Шоқан, Абай бейнеленген ақшаны халық әлі күнге дейін сағынады. Ол тек төлем құралы емес, тарихи құрал еді. Неге осыны жандандырмасқа?! Ол тек цифр емес, рухани жаңғыру деуге болады. Егер халықтың ой-пікірін сұраса, 80-90 проценті сол баяғы өзіміздің ұлы ойшылдарымыз, хандарымыз бейнеленген нұсқаны таңдайды деп ойлаймын", – дейді ол.

Ал өз басы 200 теңгелік тиыннан Абылай ханның бейнесін көргісі келетінін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1823643-200-tegeni-tiynga-ajnaldyrudy-mni-nede-ekonomister-pikir-bildirdi/

pixel