Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екі жыл бұрын торт жасауды үйренген ақтөбелік әйелдің хикаясы көпшілікті тәнті етті (фото)

Опубликовано:

Ақтөбелік кондитер Самал Асанованың есімі қала мен облыс тұрғындарына жақсы таныс. Тәтті торт іздеген ақтөбеліктер ойланбастан Самалға тапсырыс береді. Бүгінде оның Instagram парақшасында мыңдаған оқырман бар, торт пісіру үшін тапсырыс бір ай бұрын қабылданады. Ал халыққа дәмді ас дайындау арқылы танылған Самалдың өзі торт пісіруді осыдан екі жарым жыл бұрын үйренгенін көп ешкім біле бермейді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Самал бизнес бастау үшін ешқашан кеш еместігін айтып, көпшілікті өз ісін махаббатпен орындауға шақырды.

Самал Асанова. Фото: Жеке мұрағаттан
Самал Асанова. Фото: Жеке мұрағаттан: Facebook
"Менің есімім – Асанова Самал Әділханқызы. Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасымын. Отбасында төрт ағайындымыз. Әкем 33 жыл бойы "Қазтелерадио" филиалын басқарса, анам жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Өзім 12 жасымда дарынды балаларға арналған облыстық физика-математика мектебіне қабылдандым. Кішкентайымнан үйде жырақта өскесін, асханамен, тамақ пісірумен жұмысым болған жоқ. Мектепті озат бітірген соң Ақтөбедегі колледжді, Алматыдағы жоғарғы оқу орнын аяқтадым.
Алматыда отбасын құрып, біраз жерде жұмыс істедім. Бірақ 2013 жылы жолдасыммен дәм-тұзымыз жараспай, ажырсамыз деп шештік. Содан соң Ақтөбеге қайта келіп, кеңседе қызмет еттім. Ал торт пісіруді 2016 жылдың желтоқсанынан бастап қолға алдым. Шыны керек, мен аз уақытта осылай танымал болып, торт пісіріп, кәсібімді өрлетемін деп ойлаған жоқпын", - дейді ол.

Самал алғашында ұлына тәтті пісірмек болып, интернеттен өз бетімен торт пісіруді үйренген. Кейін түрлі курстарға қатысып, көпшіліктен тапсырыс ала бастайды. Осылайша, бар-жоғы екі жарым жыл ішінде қала мен облысқа танымал кондитерге айналды.

Самал Асанова. Фото: Жеке мұрағаттан
Самал Асанова. Фото: Жеке мұрағаттан: Facebook
"Менің ең үлкен мотивациям – ұлым. Бастапқыда ұлыма тәтті пісіріп беремін деп қолға алған едім. Тіпті, бизнесім осылай алға басады деп ойлаған жоқпын. Жоғарыда айтып өттім, бала кезімнен бастап түрлі торт пісіруге деген ебім болған емес. Тіпті, сол кезге дейін бауырсақ та пісіріп көрмеген адаммын. Бірақ өзімде қызығушылық оянып, бүгінде торт, пирог, самса пісіруді басқа қыз-келіншектерге үйретіп жүрмін. Адамға ең басты керегі ынта екен. Егер ынта болса, бәрі да өздігінен орайын табады", - дейді кондитер.

Бүгінде Самалдан торт пісіріп үйренген қыз-келіншектердің саны 3 мыңнан асып кетті. Ол осы уақытқа дейін 250 рет мастер-класс өткізген. Самалдың алдын көріп, білімін жетілдіру үшін Нұр-Сұлтан, Ақтау, Атырау, Орал, Қызылорда қаласының тұрғындары арнайы келеді.

"Өзімді басқалардан тым ерекшемін деп айтпаймын. Мен де алғашында кәдімгі газбен жанатын пешке пісіріп жүрдім. Жалғызбасты ана болған соң бірнеше жұмысты қатар алып жүруге тура келді. Мәселен, таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін өзімнің негізгі жұмысымда боламын да, түнімен тапсырысқа торт пісіремін. Осының бәріне үлгеру қиын соқса да, тұрақты табыс керек болғасын, алғашқы жұмысымнан бас тартпадым", - дейді ол.

Самалдың халыққа танылуына Instagram желісі де әсер етті.

Самал Асанова. Фото: Жеке мұрағаттан
Самал Асанова. Фото: Жеке мұрағаттан: Facebook
"Қолым босаған уақытта Instagram қыр-сырын меңгеріп, жазба қалдырудың ерекшеліктеріне үңіле бастадым. Бүгінде 70 мыңнан аса оқырмандарым бар. Торт пісірген кезде мен клиенттің ойлағанынан да асырып түсіргім келеді. Мектепте шығармашылыққа жақын болғаным да үлкен пайдасын тигізуде. Мысалы, тапсырыс берген адам қандай да бір тематика айтса, мен оны одан да артық қылып жасағым келеді. Тұрақты клиенттерімнің көп болуына да осы еңбегім әсер еткен шығар. Егер жан-дүниеңмен беріліп істесең, бәрі де керемет болады", - дейді келіншек.

Қазіргі таңда Самал бастаған кондитерлер Ақтөбеде алғаш рет шоу торттарды қолға ала бастады.

"Шоу торттар үлкен шеберлікті қажет етеді. Салмағы ауыр, ұзындығы төрт метрге жақындайтын торттарды пісіре бастадық. Әрине, бұл қадамға бару үшін мен ресейлік мамандардың дәрісін көп тыңдадым. Әлі күнге дейін білімімді жетілдіру үстіндемін. Шоу торттарды сыйлық үшін жасайтындар көп. Ал мейрамханаға апаратын болсақ, ол жаққа қалай кіргізу қажеттігін де есептейміз. Адам ниеттенсе, бәрі де орындалады. Ең бастысы – тынымсыз еңбек", - дейді Самал.

Самал Асанова бүгінде торт пісіріп, мастер-класс өткізу арқылы халыққа танылып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1823836-eki-zyl-bryn-tort-zasaudy-jrengen-aktbelik-jeldi-hikaasy-kpsilikti-tnti-etti-foto/

pixel