RU
Тоқаев: Жалпы өнімінің үштен бірі Алматы және Нұр-Сұлтанға тиесілі

Тоқаев: Жалпы өнімінің үштен бірі Алматы және Нұр-Сұлтанға тиесілі

Рассказать Вконтакте

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес басталды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: facebook.com/ Berik Uali

Фото: facebook.com/ Berik Uali

"Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған қастерлі мекен. Бәріміз үшін бұл шаһардың орны бөлек. Мұнда ел тағдырына қатысты маңызды әрі тарихи шешімдер қабылданды. Ата заңымыз, мемлекеттік рәміздер, ұлттық валютамыз осында бекітілді", – деді президент.

Ол бүгінде қаланың білім, ғылым, мәдениет және іскерлік орталығы ретінде дамып келе жатқанын, соңғы жылдары Алматыға жаңа аумақтар қосылып, көлемі 2 есеге ұлғайғанын, халқының саны 20 пайызға өсіп, бір миллион сегіз жүз мың адамға жеткенін атап өтті.

"Қалада басқа өңірлерден келген және осы төңіректе тұратын жарты миллионға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Бүгінде дүниежүзіндегі 600 қалалық агломерация әлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен екісін өндіріп отыр.
Біздің шаһарларымыз да ұлттық экономиканы дамытуға зор үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен бірі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі", – деді мемлекет басшысы.

Ол Алматының тәуелсіздік жылдары ірі экономикалық орталыққа және республикалық бюджеттің донорына айналғанын тілге тиек етті.

"Шаһар ішкі жалпы өнімнің бестен бірін, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің 20 пайыздан астамын және банктер беретін несиенің 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, еліміздегі көтерме және бөлшек сауданың 40 пайыздан астамы, сыртқы сауда айналымының 15 пайызға жуығы осы қалада жүргізіледі.
Қала инвесторлар үшін қолайлы ірі өңірлік орталыққа айналды. Қазір Алматыда банктердің, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан. Осында ашылған Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 мекемесінің өкілдіктері Орталық Азияның өңірлік хабына айналып отыр. Қаланың экономикалық, әлеуметтік, экологиялық мәселелеріне қатысты ауқымды жұмыс жүргізілді. Алдағы уақытта бұл бастамалар жалғасын табуы тиіс", – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel