RU
"Жүрегім ауырады": Арман Қуанышбаев Сирияда туған балалар жайлы айтты

"Жүрегім ауырады": Арман Қуанышбаев Сирияда туған балалар жайлы айтты

Рассказать Вконтакте

Танымал дінтанушы, әлеуметтік желіде ислам дініне қатысты уағыздарымен танылған Арман Қуанышбаев қазіргі қоғамдағы негізгі мәселелерге тоқталып өтті. Белгілі теолог намаз оқымайтын адамдарға деген көзқарастың қандай болуы керектігін айтып, Сирияда өмірге келіп жатқан қазақ балалары жайлы пікірімен де бөлісті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Арман Қуанышбаев. Фото: sultan.islam.kz

Арман Қуанышбаев. Фото: sultan.islam.kz

"Бүгінде қазақ қоғамында дінге қатысты түрлі мәселелер бар. Солардың бірі –намаздағы адамдардың намаз оқымайтын жандарға теріс көзқараста болуы. Егер намаз оқитын адам намаз оқымайтын адамға төмен көзқараспен қарап, оларды күнәһар санаса, бұл – астамшылық. Бұл – дінді түсінбеу. Мұсылман баласы бір-біріне мейіріммен, махаббатпен қарауы керек. Бірақ, намазын тастап кеткендерге немқұрайдылық таныту да дұрыс емес. Тек барлығын жұмсақ жеткізе білуі керек", - дейді дінтанушы.

Сондай-ақ, Арман Қуанышбаев қазіргі қоғамдағы киіну мәселесі жайлы да сөз қозғады. Дінтанушы бұрынғы қазақ әйелдерін оранбады деу қате пікір екенін айтады.

"Өткен замандарда ана-әжелеріміз оранбаған деген пікірмен келіспеймін. Меніңше, мұндай пікірді ұстанатындар бір ғасыр болар-болмас кезеңді нұсқайтын сияқты. Ал ХХ ғасырға дейінгі суреттерді байқасаңыз, ана-әжелеріміздің шашын жауып, орамал, жаулық тағып жүргенін байқаймыз. Қыз балалар тебетей киген деген де пікір бар. Иә, тебетей киген. Бірақ мұны көп жағдайда жақындарының ортасында, құрбылардың, әпке-сіңлілердің ортасында киген. Ал көпшілік алдына шығарда шашын жауып жүрген. Мұндай қате пікірдің барлығы да тарихты дұрыс оқымағандықтан. Қазіргі заманда ең басты дүние – жүректегі иман", - дейді ол.

Белгілі уағызшы 16 қараша күні өтетін республикалық рухани форумда жеке тұлғаның қалыптасуына қатысты бірнеше мәселені көтермекші.

"Республика сарайында өтетін тұңғыш рухани форум көптеген түйткілді сұрақтардың басын ашып алатын алаң болмақ. Мен негізінен жеке тұлғаның руханияттағы қадамын қамтып, оның даму мәселесі мен шекараларына тоқталамын. Әсіресе, ұлттық рухымызға тән дүниелерге тоқталып өтпекпін", - дейді дінтанушы.

Сондай-ақ, Арман Қуанышбаев Сирияда дүниеге келген қазақ балалары мен еліміздегі кереағар діни топтарға қатысты да өз ойын айтты.

"Сирияда дүниеге келген қазақ балалары туралы сөз қозғалса, жүрегім ауырады. Олардың бірі қандасымыз шығар, бірі бізге жиен болып келер. Осы орайда, елбасымызға дән ризалығымды білдіргім келеді. Сол кісінің бастамасымен өткен "Жусан" операцияын көрдім. Қаншама қыз-келіншектер мен балалар елге оралды. Соны көріп, көзіме жас келді. Қанша дегенмен, "өкпеге қиса да, өлімге қимайтын" қазақпыз ғой. Қанша өкпелесек те, оларға жамандық тілеу дұрыс емес деп ойлаймын. Оларды бауырымызға басып, өзіміздің руханиятымызды таныстырып, даламызда кеңдікті оларға да үйрестек дұрыс болады деп ойлаймын", - деді дінтанушы.

Айта кетелік, Арман Қуанышбаев 16 қараша күні Республика сарайында өтетін тұңғыш рухани форумда сөз алатын төрт спикердің бірі.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
2
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel