Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тележурналист: Қазақстандағы киелі жерлер жынойнаққа айналып барады

Опубликовано:

Қазақстанда жұрт жаппай зиярат ететін көптеген киелі жер әбден жиіркенішті болып барады. Жазғы демалысын ел аралаумен өткізген тележүргізуші Ернар Тайжан әулиелі мекендерді көріп жағасын ұстады.

Тележурналист: Қазақстандағы әулиелі жерлер жынойнаққа айналып барады
Сурет: Atameken Business: Facebook

Журналистің айтуынша, үйілген қоқыстан бөлек, мұнда арам ойларын іске асыратындардың әрекеті көзге оттай басылады. Осы және өзге де мәселелер Atameken Business телеарнасының эфирінен шығатын «Travel.kz» бағдарламасында кеңінен айтылады. Осы орайда, бағдарлама жүргізушісі Ернар Тайжанмен сұхбаттасудың реті келді.

- Туризмнің ерекшелігі сол, адамдар демалу үшін өзінің тұрғылықты жерінен алысқа барып, таңсық дүниелерді көріп, ерекше әсер алғысы келеді. Бағдарламаны түсіру барысында көп саяхаттадыңыздар. Жолыңызда өзіңіз бұрын естімеген, көрмеген жерлер кездесті ме?

- Өте көп, қайсібірін айтайын, мәселен, Балқашқа 60 шақырымдай жерде орналасқан Бектау ата шатқалы көздің жауын алады. Шатқал жанартау жарылуы нәтижесінде пайда болды деген болжам бар. Таң қалғаным, мұнда өзімді өзге ғаламшарда жүргендей сезіндім. Кинодан көрген Ай немесе Марстағыдай мүлдем бөлек әлем. Бірақ, өкініштісі, зиярат етіп, дұға қылатын орындар – әулиелі жерлер – «жынойнаққа айналып бара жатыр ма?» деген ойда қалдым. Себебі Әулие ата үңгірінің іші-сырты лас сөздерге толы. Келгендер түрлі қисынсыз жазулар жазып тастаған. Бұл, енді, туристер мәдениетінің төмендігі деп білемін. Бұдан бөлек, Мерейлі Меркінің өзін табиғаттың ерекше сыйы деуге болады. Қадірін білмейді екенбіз, рас. Тараздағы тарихқа бай өлкелері, Шырайлы Шымкенттің шипалы орындары да дертке дауа болары хақ. Сайрам-Өгем паркі мен Тұттыбұлақ сарқырамасы, одан қалды Шардарадағы «қызыл» құм – бәрі-бәрі туристерді тұрмақ, мені де қызықтырды. (күліп)

- Ішкі туризмді тежеп отырған қандай кедергілерге кезіктіңіздер?

- Біріншіден, инфрақұрылым. Бізде бір жерге жетудің өзі – қиямет-қайым. Өкпені үзіп түсірер кедір-бұдыр жолдар әбден қажытып жіберді. Ал оның бойындағы сервис, әсіресе, дәретханалар – сұмдық. Қолқаны қабатын иіс кесірінен қысылып тұрсаң да, ойыңнан айнып қаласың. Ал киелі жерлерде дәрет сындыратын орын жоқ, содан, лажсыздан, жұрт маңайдан өздеріне ыңғайлы әжетхана «жасап» алған ғой. Айтқандай, ақшаңыз қолыңызда болған абзал, себебі, өңірлерде қолма-қолсыз төлем жүйесі әлі дамымаған. Ақпарат заманында ақпараттың аздығы, тіпті, жоқтығы – кәдімгідей алаңдатады. Көрікті, тылсым жерлерге табан тіресеңіз, қайдан шыққаныңызды білмей қаласыз.

- Жазғы демалысқа шығатын азаматтар, көбіне, шетелге жолдама алып жатады. Сөздерінше, Қазақстанда демалғаннан гөрі, Түркия жағажайында серуендеген артық. Себебі, бізде сервис құны қымбат. Сапар барысында шығындалып кетпедіңіз бе?

- Өте орынды сұрақ. Біздің бюджетіміз анау айтқандай көп емес. Тиын-тебенмен жолға шықтық. Сенесіз бе, елімізде арзан бағамен демалуға да болады екен. Мысалы, жылына 80 мың туристі қабылдайтын Балқашта тынығудың өзі, шамамен, 10 мың теңгеге шықты. Ескеру керек, біз жеке шатырымызбен шықтық. Табиғат аясында түнеуді жөн санадық. Таң самалымен оянып, таза ауада көкіректі кере демалғанға не жетсін!? Ал мен айтқан сомма ішім-жемге, серуендеуге жеткілікті екен. Меркідегі шипажайдың стандартты нөмірі – 9500 теңге. Оған тамақ та ішесің, бірден 27 процедураны да аласың. Керемет емес пе?! all inclusive-тің қазақша нұсқасы.(күліп) Біздің телеарна, алдымен, бизнестің мүддесіне жұмыс істейді, сондықтан бағдарламада табиғат сұлулығымен ғана шектеліп қоймай, қалалар мен елді-мекендердегі қонақүйлер, дәмханалар, демалыс-сауықтыру орындарын айрықша қамтыдық. Бір сөзбен түйгенде, қызық өте көп, көрген білгенімді айтсам, оны Сіз бір мақаланың бойына сыйғыза алмассыз. Сондықтан патша көңілді көрермен өз бағасын бере жатар. Travel kz бағдарламасы қазақстандықтарға демалысын ұтымды жоспарлауға септігін тигізеді деп зор сеніммен айта аламын. Бағдарлама әр демалыс күндері сағат 17:00-де Атамекен бизнес арнасының эфирінде шығады. Сондықтан көруге кеңес беремін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Нұржан Көшкін

*PR құқығында

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1824991-telezurnalist-kazakstandagy-kieli-zerler-zynojnakka-ajnalyp-barady/

pixel