Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Светлана Булатова: Нағашылар жағымнан қазақ қанымды қастерлеймін

Опубликовано:

Светлана Булатова - КТК арнасында "Новости" қорытынды жаңалықтарының жүргізушісі. Тақ еткізіп кез келген ақпаратты мүдірмей жеткізетін Светлананы көрермендер КТК арнасының анықтауыш ерекше белгісі ретінде қабылдайды. Қазақ көрермендерінің көкейтесті сұрағы: "Булатованың тегі қазақ емес пе?", "Эфирден тыс қандай адам?". Ендеше Светлана Булатоваға қойылған 50 сұрақтың жауабына назар аударсақ...

Светлана Булатова. Фото: ktk.kz
Светлана Булатова. Фото: ktk.kz: Facebook

Тележүргізушілерге деген құрмет құлдырап барады.

"Дайын мәтінді оқыған қиын ба, тәйірі?", "Кез келген әртіс жүргізуші бола алады". Әркімнің қызметін сыртынан сынаған оңай-ақ. Тікелей эфирде 45 минут бойы жарқыраған "күннің" астында әр секундты, әр сөзді, әр дыбысты қалт жібермей, бет қимылыңды, дауыс ырғағыңды, сөз мақамыңды қадағалап, бүкіл елдің қуанышты да, сұмдық жаңалықтарын көрерменнің санасына жеткізіп көр. Бұл тұрғыда Светлана Булатова кез келгенді шаң қаптырады.

Журналист. Тілші де болған. Өз ісінің білікті маманы. Светлананың КТК эфирінде қызмет еткеніне 15 жылға таяп қалды. Биязы, сыпайы, әдепті. Әріптестері ешқашан оның ерсі, оғаш қылығын байқаған емес. Бір қарағанда қатал көрінгенімен, жүрегі өте мейірімді. Жұмысына асқан жауапкерлікпен қарайды. Ұстамдылығы көзге ұрып тұрады. Жақындарына жанын беруге дайын Светлана Булатованы 4-ші қараша – туған күнімен құттықтай отырып, блиц-сұрақтарға берген жауабына көз жүгіртсек: 1. Булатова – қазақ па? Қазақша біле ме?     

– Бойымда қазақ қаны бар. Нағашы жұртымда қазақ ұлты болғаны рас, мен оны қатты құрмет тұтамын. Қазақша жақсы түсінемін.  Бірақ сөйлесуге қысыламын, бір сөзді қате айтып күлкіге қаламын ба деген қорқыныштан арыла алмай жүрмін.

2. Ең алғаш жұмысыңыз бен жалақыңыз.

– 1997 жылы  "Хабар" агенттігінде тілші ретінде 120 доллар қаламақы алып, төбем көкке бір елі жетпей қалған. Журналистика факультетінде оқып жүріп жаңалықтар редакциясында штаттан тыс тілші болдым.

3. Қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген әріптестеріңіздің қандай қасиетін ерекше бағалайсыз?

– Біліктілігін. Сондай-ақ, ТВ-ны бар жанымен сүюі тиіс.

4. Қолыңыздан не нәрсе келмейді?           

– Шахмат ойнау келмейді, қазір үйреніп жүрмін.     

5. Сізге үлгі боларлық, талпындыра алатын тележүргізуші бар ма?           

– Ұнататын арналар бар. Шетелдік арналарды міндетті түрде қараймын:  CCN, BBC, France 24, Fox News, "Вести" және т.б. Ақпараттар ретін салыстыру үшін отандық арналарды да қараймын.  

6. Тележүргізуші қызметінде оның жетістігінің көрсеткіші неде деп ойлайсыз?           

– Көрерменнің сенімі. КТК жаңалықтарының ондаған жылдар бойғы тұрақты көрермендері бар. Қорытынды жаңалықтар – белгілі бір мәселені бірдей түсініп, бірдей қорыта алатын түсінігі бізбен бірге қалыптасқан көрермен жаңалықтарымызды үзбей қарайды.  Командамыздың міндеті – көрермендердің көңілінен шығу.    

7. Танымал екеніңіз рас, оған қалай қарайсыз?          

– Жасыратыны жоқ, ол көңіліме жағады.      

8. Мінез-құлқыңыздың қай тұсын мақтан ете аласыз?         

– Мақсатқа жетуге талпыныс және көмекке мұқтаж жандарға бейжай қарамау.    

9. Қазір қалыптасқан тұлға ретінде өзіңізге көңіліңіз тола ма?         

– Иә, жоқтан гөрі "иә" дұрысырақ.

10. ТВ-дағы ұнататын бағдарламаңыз.        

– "КТК жаңалықтары". Сондай-ақ, жеңсік ас және үйдің дизайны жайлы бағдарламалар.

Светлана Булатова. Фото: ktk.kz
Светлана Булатова. Фото: ktk.kz: Instagram

11. Еркелік, наз немесе қыңыр мінез танытуға қалайсыз?        

– Еркелігім бар, бірақ кейде соған да уақытым тапшы.  

12. Жұмысыңызда нені үзілді-кесілді қабылдамайсыз?        

– Жалқаулық пен немқұрайлықты.  

13. Қандай қылыққа кешіріммен қарайсыз?        

– Оны Жаратқан йем кешірер, мен одан сабақ аламын.  

14. Өміріңізде естіген ең бағалы кеңес.          

– Құлшынып өмір сүре біл!

15. Бойыңыздағы қандай да бір үрей, қорқыныштар жиі іске аса ма?        

– Жанымды түршіктіретін үрей – жақындарымнан айырылу.  

16. Жақын арада істеген қандай ісіңізді мақтан ете аласыз?        

– Қоршаған ортаны қорғау акциясына қатыстым. Алматы тауларын қоқыстан тазаладым.   

17. Енді ешқашан еңбектеніп жұмыс істемейсіз десе, қуанасыз ба?         

– Жұмысымды тастағым келмейді. Жаңа, лайықты буын өсіп жетілсін, әзірге сеніп тапсыратын жан жоқ секілді. (күледі)   

18. Қит еткенге өкпелейтін адам емессіз бе?          

– Тез ашуланып, сабама тез түсемін. Кек сақтамаймын.   

19. Өзгелердің өмірін немен байыта аласыз?         

– Қажетті ақпаратпен.

20. Бейтаныс адамдардың ортасында өзіңізді қолайсыз, жайсыз сезінбейсіз бе?         

– Жоқ. Өзіме рухани жақын, парасатты, ақылды, өз ісінің маманының ақылын , әр сөзін ыждаһатпен тыңдап, сондай адамдармен араласқым келеді Өзгенің өмірін сыйлайтын адамдардың арасында болғым келеді.   

21. Сізді кім немесе не нәрсе жиі ренжітеді?         

– Ауыр дертке ұшыраған науқастар, жалғыз қалған қариялар, адамның қатігездігіне ұшыраған жануарлар...  

22. Не нәрсе көңіліңізді толтырады?         

– Тереземнің алдында өсіп тұрған гүл, саябақ, биік тау, субұрқағы, жасыл желекті талдар, еш алаңсыз серуен құрып жүрген ғашықтар.  

23. Өзге адамның бойынан қандай қасиет іздейсіз?         

– Жаныма жақын адамды бірден сеземін. Іздеудің қажеті де жоқ, ол анадайдан «мен мұндалап» тұрады.  

24. Өзіңізге қандай талап қоясыз?

– Келісті келбетімді , өмірге деген құштарлығымды, денсаулығымды... шамалап...  90 жасқа дейін сақтап қалғым келеді.   

25. Қазіргі күнделікті өмір салтыңызды ескерсек, енді бес жылдан соң не нәрсеге қол жеткізгіңіз келеді?       

– Теңіз жағалауында шағын ғана сүйкімді үй маған ауадай қажет.  

26. «Жоқ» деп айтқыңыз келсе де, «иә» деп айтуға мәжбүр болатын сәттеріңіз жиі бола ма?        

– Қазір, шүкір, ондай мүлдем жоқ деуіме болады.  

27. Қазір қандай ой жиі мазалайды?        

– Мазалайтыны:  «Көрермендерімді Интернет жаулап алды!». Тек сенімді көрерменім тастамайды!   

28. Телевизияның құрбаны болдым деген ой болған жоқ па?       

– ТВ-да мен өзімнің үйімде жүргендей сезінемін.

 29. Қасыңыздағы аралас-құралас адамдар сізді тек жақсы жағынан көрсетуге көмек бере ме?       

– Көмекке зәру кезде қол ұшын беретін адам адамшылығын жоғалтпайды.   

30. Қандай қателікті енді ешқашан қайталамайсыз?       

– Бөтен адамдарға ақыл-кеңес беруді доғардым.

Светлана Булатова. Фото: ktk.kz
Светлана Булатова. Фото: ktk.kz: Instagram

 31. Не нәрсеге қатты өкінесіз?       

– Ол жайлы... 50 жыл өткен соң айта аламын.  

32. Нар тәуекел деп кіріскен дұрыс па, әлде тәуекелмен сәтсіздікке бой ұрған дұрыс па?  

– Қалай болғанда да қол қусырып отырған дұрыс емес. Нар тәуекелге бел буған дұрысырақ.    

33. Мақсатқа жету жолында қандай кедергілер бар?      

– Мақсатым көп, ал кедергілер тек мида ғана болады.   

 34. Әлемдегі ең беделді адам болсаңыз, нені қолға алар едіңіз?   

  – Қазір Владимир Путиннің беделі өсіп тұр. Беделін өсіруде алдына жан салмайды. Оған кедергі болғым келмейді, өз уақытым келсін.

 35. Өміріңізге қиындық әкелетін түкке қажетсіз дүниелер бар ма?     

  – Түкке қажетсіз дүниеден тез, оңай құтыламын.     

36. Осыдан он жыл бұрын өміріңізге қандай сабақ жетіңкіремеді?      

– Бүкіл өміріміз сабақ алудан құралады. Дегенмен жағымды сәттер көбірек болды.  

37. Уыздай жас кезіңізде өз-өзіңізге бірдеме айту мүмкіндігі оралса, не деп айтар едіңіз?

– Риясыз жымию – бұл жетістікке жеткізетін бірден-бір қару.  

38. Өміріңіздегі ең бақытты сәт.       

– Бәрін айту мүмкін емес, ол жеке басыма қатысты.  

39. Өмірден нені тағатсыздана күтесіз?      

– Айтсам, орындалмай қалуы мүмкін, барлығы соған қарай жылжып келеді, уақыты келгенде оны жар етіп жариялаймын ..

40. Қандай жаман әдеттен арылғыңыз келеді?      

– Таң сәріден тұру.   

41. Жақында өзіңізге ашқан жаңалығыңыз.    

– Жаңа шыққан ПП-коктейльдері.

42. Аш балаға тамақ беру үшін ұрлыққа бара аласыз ба?    

– Әр баланың тағдыры оның әке-шешесінің қолында. Ешкімді сөккім келмейді.

43. Өмірдің келеңсіз тұстарына көңіл бөлгенде ішкі дүниеңіз аласапыран күйге түсе ме?

    – Жұлдызнамам – Сарышаян. Жұлдыз-жорамалға сенемін. Сарышаян болып жатқан әр құбылысты терең сараптай біледі. Осыны сәл өзгерткім келеді.

44. Егер қалаған бір нәрсені орындау мүмкіндігі туса, нені сұрар едіңіз?

 - Бұл дүниедегі әр адамның басына бақ-береке тілер едім.  

45. Өміріңізде өзіңізге ең қажетті нәрселер.     

– Күн сәулесі, жеміс-жидек, сазды әуен, ыңғайлы туфли.

46. Қандай әрекетті қайталай беруге дайынсыз?   

– Тікелей эфир жүргізуді.   

47. Ішек-сілеңіз қатып күлетін сәт жиі бола ма?     

  – Аптасына бес рет. Біздің КТК арнасында ішегіңді қатыратын кейіпкерлер толып жүр.

48. Фобияңыз (үрей, қорқақтық, жабысқақ ой) )бар ма?   

– Жеделсаты сынып қалып, жарық өшсе, зәре-құтым қашады. Оны жақындарым біледі.

49. Егер бүкіл әлемге 30 секунд ішінде жолдау жаса десе, не деп айтар едіңіз?   

– Осы әлемге титтей болса да пайда әкеліңдер!  

50. Қандай алғыс айтқыңыз келеді?     

– Алғыс – игілік. Адамдар алғыс тек қабылдай бермей, алғысын жеткізе алса, игілік жасаса...

Светлана Булатова 14 жыл бойы "Новости КТК" бағдарламасын жүргізіп келеді. Сауалдардың басым көпшілігі әлеуметтік желідегі КТК арнасының  Instagram, Twitter, YouTube, Facebook, VK парақшаларынан алынды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1825045-svetlana-bulatova-nagasylar-zagymnan-kazak-kanymdy-kasterlejmin/

pixel