Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Отбасының айнасы": ҚазҰУ студенті қазіргі қазақ қыздары туралы ойымен бөлісті

Опубликовано:

ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің 4-курс студенті Диана Кеңес қазақ қыздарының қазіргі таңда не себепті жеңілтектікке бой алдыратынын ашып айтты. Бойжеткеннің сөзінше, қыздардың бойындағы тәлім-тәрбие тектілік пен отбасындағы тәрбиеден, арулардың "өз ақыл-парасатына байланысты" екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото Диана Кеңестің жеке мұрағатынан алынды
Фото Диана Кеңестің жеке мұрағатынан алынды: Instagram

- Диана алдымен өзіңізді біздің оқырмандарға таныстырып жіберіңіз? Қай жақтан боласыз? Қайда оқисыз? Мамандығыңыз кім?

Қайырлы күн, мен Алматы қаласының тумасымын. Киелі қарашаңырақ саналатын ҚазҰУ, журналистика факультетінің 4-курс студентімін.

- Жас болсаңыз да желіде аса белсенді емес екеніңізді байқап, таң қалдық... Не себепті? Әлеуметтік желіні онша ұната бермейсіз бе?

Осыдан шамамен 1 жыл бұрын әлеуметтік желіні, нақтырақ айтқанда инстаграмды белсенді қолданушылардың бірі болғанмын. Алайда, уақыттың тығыздығына және басқа да жағдайларға байланысты көп көңіл бөлмей кеттім. Дей тұрғанмен, алдағы уақытта қайтадан қолға алып, парақшамды жаңарту, тың дүниелермен бөлісу ойымда бар.

- Ұлы сөзде ұят жоқ дейді... Қазіргі қазақ қыздары жеңілтектікке салынып, тұрмысқа шықпастан бұрын абыройынан айырылып қалып жатады... Одан қалса, тұрмысқа шығарда "пәктігін" қайта тіктіреді... Бұған қалай қарайсыз? Жалпы қыздардың мұндай жолға түсуіне не себеп деп ойлайсыз?

Қыз бала - өз ата-анасының, отбасының айнасы ғой. Оның абыройы туралы сөз қозғау үшін, ең алдымен оның араласатын ортасына көз жүгірту қажет. Неге десеңіз, қазіргі таңда қыздардың жеңілтектікке салынып, ары мен ұятынан аттап өтіп, келеңсіз жағдайларға ұрынуы - көп жағдайда оның ортасы, араласатын адамдарының кесірінен болып жатады. Ал қыз баланың достарының арасында, жалпы қоғамда абыройлы болуы ата-анасының берген тәрбиесі, тектілігімен қатар өз ақыл-парасатына байланысты деп ойлаймын.

- Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Мен бос уақытымда әлем классиктерінің туындыларын оқуды, сонымен қатар, тарихтан сыр шертетін деректі фильмдер көргенді ұнатамын. Сарқырап аққан өзеннің суын иіріп жинақтау, оның әрбір тамшысын пайдалану мүмкін емес қой. Уақыт та дәл сондай - жинақтау да тоқтату да мүмкін емес. Сондықтан да, замандастарыма бос уақытты пайдалы әрі тиімді өткізіп, ғибратты дүниелерге жұмсау керек дер едім.

- Қазақ қыздары сонымен бірге бүгінде мансап қуып, алдыңғы орынға сабақ, жұмысты қойып жатады... Сол дұрыс па? Әлде бұрынғы апаларымыз сияқты ерте тұрмысқа шығып, ұрпақ өрбітуіміз керек пе ?

Кезінде ата-бабамыз он үште отау иесі деп, мүшелге толған қыз бен ұлды ересектер қатарына жатқызатын. Ол заманда ерте тұрмыс құрып, шаңырақ көтеру қалыпты жағдай еді ғой. Қазір заманның өзгеруіне қарай, түсінік те басқаша. Егер қыз тұрмыстық өмірдің оңай емес екенін түсініп, бәріне іштей дайынмын деп шешсе, онда 18 жастың өзі ерте емес. Оған қоса отбасылық өмір мен карьераны қатар алып жүруге болады. Барлығы адамның өзіне байланысты деп ойлаймын.

- Болашаққа деген арман-жоспарларыңыз?

Армансыз адам қанатсыз бұлбұлмен тең дейді ғой. Бұл өмірде армандамайтын адам жоқ шығар сірә. Егер шын ниет пен мақсатқа жету үшін талпыныс болса, ол арман міндетті түрде орындалатынына көзім жетті.

Бірінші Алла, екінші ата-анамның арқасында бүгінде еліміздің алдыңғы қатарлы, ең үздік оқу орнында білім алып жатырмын. Оның өзі мектеп қабырғасында жүргенімде асқақ арманымның бірі болатын.

Алдағы уақытта оқуымды тәмамдап, мамандығымның жемісін көрсем, аяулы жар, дана келін, ардақты ана атансам ата-анамның үкілеген ақ үмітін ақтағаным болар еді. Бұл - арман-мақсатымның бір пұшпағы ғана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1825098-kazu-studenti-zas-arulardy-abyrojynan-ne-sebepti-erte-ajyrylyp-kalatynyn-ajtty/

pixel