Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәскеу төрінде қазақша қойылған "Фариза" спектаклі ресейліктерді жылатты

Опубликовано:

Мәскеудегі "Современник" театрының сахнасында "Фариза" спектаклі қазақ тілінде қойылды деп хабарлайды Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне сілтеме жасаған Sputnik Қазақстан.

Фото: Ресейдегі Қазақстан елшілігі
Фото: Ресейдегі Қазақстан елшілігі: Facebook

Аталмыш шара Қазақстанның Ресейдегі күндері аясында ұйымдастырылды.

Спектакльдің продюсері - Айнұр Көпбасарова, режиссері – Фархат Молдағали, ал пьеса авторы – Роза Мұқанова.

Қойылым қазақ тілінде сахналанды. Сондай-ақ, орыс тілінде де аудармасы болды.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов кешті қазақ тілінде ашты.

"Мен Фариза Оңғарсыновамен жай ғана таныс болған жоқпын. Ұзақ жылдар бойы оның жанында болып, жақын араластым. Ол ешкімге ұқсамайтын, рухани жан дүниесі бай, өте әділ, қуатты көркем сөзбен қаруланған мықты адам еді", – деді Тасмағамбетов.

Ол спектакльді қояюға көмектескені үшін "Современник" театрының көркемдік жетекшісі Галина Волчек пен мекеме директоры Игорь Поповқа шексіз алғысын білдірді.

Пьесада басты рөлді сомдаған Назгүл Қарабалина Фариза Оңғарсынованың поэзиясын аударма арқылы жеткізу мүмкін емес екенін атап өтті.

"Ол қарапайым адамдарды жақсы көріп, оларға көмектесуге тырысатын. Шындықты бетке тура айтатын. Қазір біз мұндайды кездестіре бермейміз. Сонысымен ерекше еді", – дейді әртіс.

Спектакльдің көркемдік жетекшісі Шара Айдарова қазақ ақынының шығармашылығын жоғары бағалады.

"Оның өлеңдері драматизмге, экспрессивтілікке толы", – деді ол.

Ресей көркемөнер академиясының вице-президенті Анатолий Любавин қойылымды әдейі қазақ тілінде тамашалағанын жеткізді.

"Керемет. Аудармасыз-ақ барлығы түсінікті. Себебі, махаббатты аударудың қажеті жоқ. Спектакльдің соңында көз жасыма ерік бердім", – деп ағынан жарылды ол.

Сондай-ақ, спектакльді көру үшін Грекиядан арнайы келген Константин Параскевопулос есімді көрермен Қазақстанда туылғанын, балалық шағына саяхат жасап, бақытты сәттерін есіне алғанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1825252-mahabbatty-audarudy-kazeti-zok-mskeu-teatrynda-kazaksa-spektakl-kojyldy/

pixel