Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отырарлық кәсіпкер аналар көпке үлгі

Опубликовано:

Түркістан облысында жыл басынан бері 1 114 тұрғын "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алғандар отбасын асырап, тіпті өзгелердің де екі қолға бір күрек табуына септігін тигізіп отыр. Өңірдегі тілшіміз аталмыш бағдарлама арқылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отырған Түркістан облысындағы бірнеше кәсіпкер әйелмен тілдесіп қайтты.

ааааа
Ақжарқын Момынқұлова: Facebook

Қырық бес жастағы Ақжарқын Момынқұлова - сегіз баланың анасы. Жолдасы мал дәрігері, ал өзі осыдан он тоғыз жыл бұрын егін және мал шаруашылығын қолға алған.

Бүгінгі таңда ол Отырар ауданы, Қарғалы ауылындағы жалғыз кәсіпкер әйел. Көпбалалы ана бұған дейін егістік алқаптағы жерді жыртып, мал азығын дайындау үшін техниканы жалға алып келген.

Жеңілдікпен несие берілетіні туралы естіген ол жолдасымен ақылдасып, көп ойланбастан несие алуға бел буады.

ааааа
«"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына" барып, несие алғым келетінін айттым. Олар жобамды мақұлдады. "Кәсіпкер" бағдарламасы арқылы 6 пайызбен 5,5 млн теңге несие алдым. Үстіне өзіміз жинаған 3 млн теңгені қосып су жаңа трактор сатып алдық», - дейді Ақжарқын Момынқұлова.

Көпбалалы ана тракторды жүргізетін бір ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта тағы қажетті құрылғыларды сатып алсам дейді.

ааааа
Нұргүл Адибаева: Facebook

Отырар ауданының тағы бір тұрғыны Нұргүл Адибаева да "Кәсіпкер" бағдарламасының арқасында кәсібіне қажетті техника сатып алған. Отыз бір жастағы келіншек осыдан үш жыл бұрын құрылыс заттарын сататын дүкен ашқан.

Қарамағындағы екі жүк тасушы азамат көлемді тапсырысты жүк көлігіне тиеуге көп уақытын жұмсап келіпті. Ал сатып алынған автокара бір жүк тасушының 40 минуттық жұмысын 5 минутта-ақ атқарады.

ааааа
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына барып, өтінім бердім. Ондағылар жобамды мақұлдады. Осылайша, өткен жылдың желтоқсан айында 6%-пен 6 млн теңге несие алдым. Несиені жарты жылда бір төлеймін. Автокараның арқасында көп уақытымызды үнемдедік. Негізі айтар едім, бала дүниеге әкелдім деп өзгелерге алақан жаюдың қажеті жоқ. Еңбек етемін деген адам есебін табады. Оған мемлекеттен берілетін қолдаулар жетерлік», - дейді үш баланың анасы Нұргүл Адибаева.

Кәсіпкер несиесін жапқан соң тағы несие алып, КамАЗ сатып алсам деп отыр. Онымен клиенттерге тауарды жеткізіп беруді жоспарлап отыр.

ааааа
Гүлназ Жайлымысова: Facebook

Ал, қырық жеті жастағы Гүлназ Жайлымысова тамыз айында "Игілік" бағдарламасы арқылы 6,5 жылға 3 млн теңге несие алған. Ол қаражатқа қорасындағы түйе басын көбейткен.

«Жұмыспен қамту орталығы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жолдама берді. Қор қызметкерлері 3 млн теңге алуыма болатынын айтты. Бізде шұбат саудасы жыл он екі ай тоқтамайды. Бір түйеден күніне 3-4 литр сүт алып отырмын. Одан шұбат дайындап, литрін 400 теңгеден сатамын. Үйде отырып-ақ осылай табыс табуға болады. Біз секілді қарапайым халықты қолдап отырған мемлекетке рахмет», - дейді Гүлназ Жайлымысова.
ааааа

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Түркістан облысындағы филиалының директоры Мұхит Жуасбайдың айтуынша, жыл басынан бері өңір кәсіпкерлеріне жалпы сомасы 3 млрд 719 млн 74 мың теңге болатын 1 114 несие берілген.

Қор өзінің несие өнімдерінің көмегімен жобаларды түрлі бағыттар бойынша қаржыландырады. Мәселен, «Игілік» бағдарламасы бойынша мал, құс, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Кәсіпкер» - ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған.

«Биыл Қордың Түркістан облысындағы филиалы "Еңбек" бағдарламасына – 6,4 млрд теңге несие беруді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда 5,4 млрд теңге көлемінде 1 488 әлеуетті несие алушының өтініші қабылданған. Қазіргі уақытта қордың Түркістан филиалында "Еңбек" бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдау жалғасып жатыр», - дейді Мұхит Жуасбай.

Жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша несие жеңілдетілген жылдық 6%-тік ставкамен беріледі. Оның жылдық тиімді сыйақы үстемесі 6,7%-тен аспайды.

Несие өніміне байланысты оны төлеу кезеңі, сомасы, жеңілдік мерзімі өзгереді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы да ескеріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1825802-otyrarlyk-ksipker-analar-kpke-lgi/

pixel