RU

Ұлы тұлғалар ұлықталды: Шымкентте мемлекет қайраткерлеріне арналған конференция өтті

Ұлтымызға қызмет етудің ұлық үлгісін көрсеткен, қазақтың ардақты ұлдары, мемлекет қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловқа биыл 125 жыл.

Шымкентте ұлы тұлғалар ұлықталды
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің: Facebook

Еліміздің түкпір-түкпірінде мерейтойға арналған түрлі деңгейдегі мерекелік шаралар өткізілуде.

Бүгін айтулы іс-шара Шымкент қаласында да өз жалғасын тапты. Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен мемлекет қайраткерлеріне арналған «Тұғыры биік тұлғалар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Шымкентте ұлы тұлғалар ұлықталды
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің: Facebook

Конференцияға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және Түркістан облысының С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың өмір жолдарын зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар шақырылды. Аталмыш жиынға қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты.

Шымкентте ұлы тұлғалар ұлықталды
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің: Facebook

Конференцияда сөз алған шаһар басшысы халқымыздың біртуар азаматтары бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге екенін жеткізді.

«Қос арысымыз атадан қалған мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді алға сүйреп, зиялы топтың тірегі бола білді. Асыл ерлердің аштық жылдарындағы халқына қанатымен су сепкен қарлығаштай болып қамқорлық жасауы, тайсалмас қайсар мінездері мен өткір де өжет сөздерін сол заманның көзін көргендер жарыса айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізді, том-том кітаптардың арқауы болды, тарихымызға алтын әріптермен жазылды. Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Шаңырағымыздың беріктігін ұстау арқылы біз мәңгілік ел болу мұратына жетеміз. 125 жыл бұрын дүниеге келіп және бір жылы, бір күнде мерт болған тұлғалардың рухына арналған бүгінгі ғылыми-конференция да біздің бірлікте екенімізді, ұлы бабаларымыздың аманатына адал екенімізді айғақтай түседі» деді Ерлан Қуанышұлы.

Сонымен қатар, конференцияда баяндама оқыған ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Оразалы Сәбден де өзінің парасатты ойын жеткізді.

Шымкентте ұлы тұлғалар ұлықталды
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің: Facebook
«Тұрар Рысқұлов – шындық үшін шырылдаған тарихи тұлғалардың бірі. 1916 жылғы ұлт-азаттық күреске белсене атсалысып, 1917 жылы қырғыз-қазақ жастар революциясын басқарды. Лениннен кейін ең көп ғылыми мақала жазған тарихи тұлға. Қос арысымыз қысқа ғана ғұмырларында тек қазақ елінің ғана емес, қаншама түркі мемлекеттерінің қамын ойлады» деді академик О.Сәбден.

Сонымен қатар, конференцияда сөз алған жазушы, публицист Бейбіт Орынбекұлы мемлекет қайраткерлерінің өмірі жайында баяндама жасаса, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп қазақ халқының болашағы үшін күрескен тұлғаларды кеңінен насихаттау қажеттігіне тоқталды. Ал, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Хазіретәлі Тұрсын болса нар тұлғалардың ерең еңбектерін атап өтті.

Шымкентте ұлы тұлғалар ұлықталды
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігінің: Facebook

Аталмыш ғылыми-конференцияны Халықаралық түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Жиын соңында Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рыскұлов туралы тарихи тың деректер жиналған, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген кітап іс-шара қатысушыларына ұсынылды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1826136-ly-tlgalar-lyktaldy-symkentte-memleket-kajratkerlerine-arnalgan-konferencia-tti.html